«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көрші өңірлердің байланысы нығайып келеді

2016 жылғы 19 Қазан
8354 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысы мен Омбы облысының бизнесмендері жемісті кездесу өткізді

Айта кетерлігі, мұндай кездесулер жыл сайын ұйымдастырылып, нәтижесінде көршілес облыстар іскерлік байланыстарды нығайтып келеді. Сондай-ақ, екі ел кәсіпкерлерінің жаңа байланыстар орнатуына мол мүмкіндіктер туып, тараптар арасындағы сауда айналымы да артуда.  Дәлірек айтсақ, солтүстік өңір алғашқы жартыжылдықта Ресей Федерациясына 120 млн доллар көлеміндегі тауар өткізген. Бұл ретте, СҚО экспортқа ауыл шаруашылығы өнімдерін, қара металл бұйымдары мен өзге де көптеген тауарларды шығарады. Ал, елімізге Ресейден мұнай, мұнай өнімдері, пластмасса, автокөліктер, каучук және т.б. импортталады.

Бұл жолы омбылық қонақтар солтүстікқазақстандықтарға нақты жобаларға қатысуды ұсынып отыр. «Біз қазақстандық серіктестіктерімізді «Трехсотлетие» спорттық бағыттағы саябақ құрылысына қатысуға шақырамыз. Сондай-ақ, сіздердің бизнесмендеріңізді қазіргі таңда салынып жатқан «Солнечный» агроөнеркәсіптік индустриалды паркі қызықтырады деп ойлаймыз. Бұдан басқа, біз  Омбы қаласы аумағындағы өнеркәсіп аймақтарын қайта жаңғырту жұмыстарына атсалысатын инвесторлармен ынтымақтастық орнатуға әзір екенімізді жеткізгіміз келеді. Тағы да айта кетейін, біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, сондай-ақ, өзімізге қазақстандық әлеуметтік-экономикалық миссияны қабылдай аламыз», – деді Омбы қаласы қалалық экономика саясаты департаменті директорының орынбасары Ирина Куимова.

Омбылық серіктестіктермен кездесуге жергілікті 20-ға жуық компания өкілдері келген. Кәсіпкерлердің тығыз байланыс нәтижесінде қандай мол мүмкіндіктерге жол ашылатынына көздері жетіп отыр. «Біз омбылық өндірушілермен, сонымен қатар, Омбы қаласы басшылығымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отырмыз. Ресейлік нарыққа, оның ішінде, Омбы нарығына шығуға дайынбыз. Біз ауыл шаруашылығына қажет жоғары технологиялы тұқымсепкіш шығарамыз. Айта кетерлігі, бірлесе жұмыс жасау тәжірибесі бізде жеткілікті. Биыл біз өндірген 20 техника жөнелтілді. Осы сынды  «В2В» форматындағы шаралар тығыз байланыс орнатуға жол ашып, омбылық кәсіпкерлермен өзара тиімді серіктестік орнатуымызға ықпал етеді деген ойдамын», – деп өз ойымен бөлісті «AVAGRO» ЖШС менеджері Илья Ильин.

Кездесу барысында, болашақта қолға алынатын істер туралы бірнеше келісімшарттарға қол қойылды. СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақовтың айтуынша, облыс экономикалары өте ұқсас, сондай-ақ, екі қаланы рухани қарым-қатынас та байланыстырып отырғандықтан, экономикалық тұрғыдан өзара байланысты  жандандырудың маңызы зор. «Бізде даму үшін қажет нақты резерв бар. Мысалы, машина құрастыру саласындағы өзара қарым-қатынасты қайта қарау қажет. Жергілікті билік пен Палата арасындағы ынтымақтастық тиімді жұмыс жасап, үлкен жетістіктерге жеткізетін экономика секторларын дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын»,– деп атап өтті Тұрар Ысқақов.

Сонымен қатар, омбылықтар экономика саласымен қатар, білім, мәдениет және спорт салаларында да өзара ынтымақтастық орнату туралы уағдаласты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер