«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бәйтерек» тұрғын үй құрылысындағы тәуекелдерді азайтпақ

2016 жылғы 13 Қазан
10272 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры таныстырылды

Жаңа механизм бойынша кепілдік жағдайлар тұрғын үйлерді дер кезінде пайдалануға бермегенде, қаражат мақсатсыз жұмсалғанда, сот шешімі бойынша құрылыс компаниясы банкротқа ұшырағанда қолданылмақ.

«Бәйтерек» холдингі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қор кепілдендіруге өтінім қабылдауды бастап кеткен және жарғылық міндеттерге сәйкес, құрылыс компаниясы өз міндетін орындамаған жағдайда, тұрғын үй ғимаратының құрылысы аяқталған соң, үлескерлерге кепілдік береді.

«Бірінші кезеңде, салушының өтінімдерін қарау барысында холдингтің еншілес ұйымы Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры құрылыс компаниясының жаңа заңның талаптарына сәйкестігін тексеретін болады. Барлық талаптарға сай болған жағдайда, құрылыс компаниясымен және уәкілетті компаниямен кепілдік беру туралы шарт жасасады. Кейін қор тәуелсіз инжинирингтік компания арқылы үлескелердің қаржысын бақылайтын болады, олар да өз кезегінде, тұрғызылып жатқан тұрғын үйдің сапасын бақылайтын болады», – деп атап өтті «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Оңаев.

Талқылау барысында кәсіпкерлер күшіне енген «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға қатысты сұрақтар қойды. Бизнес-қауымдастық жаңа құжаттың кейбір нормаларымен келіспейді. Бұл мәселе бойынша «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс департаменті директорының міндетін атқарушы Әбілман Досанов түсініктеме берді.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттелген қауымдастықтар және құрылыс саласындағы ірі және орта компаниялар арқылы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу» заңын әзірлеуге белсенді қатысты.ҰКП-ның заңға қатысты нақты ұсыныстары болды, бірақ олардың барлығы қабылданған жоқ. Заң күшіне енгенімен, түйткілді тұстар қалды. Осыған байланысты «Атамекен» осы заңды тәжірибеде жүзеге асыру үшін туындаған мәселелерді уәкілетті органдармен, соның ішінде кепілдендіру қорымен қолданыстағы актіге түзетулер енгізу арқылы талқылауды жалғастыра береді», – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ «Бәйтерек» АҚ еншілес ұйымы. Ол «Қазақстанның ипотекалық несиелерге кепілдік беру қоры»АҚ базасында құрылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер