«Атамекен» комиссиясы «Алтын сапа» байқауына қатысушылар деңгейін жоғары бағалауда
Президент сыйлығын алуға үміткерлердің атынан келіп түскен материалдар саны жыл сайын өсіп жатыр
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңдеуші өнеркәсіп департаментінің сарапшысы Өмірсерік Ержановтың айтуынша, «Алтын сапа» сыйлығынан Қазақстанның әр аймағынан келген қатысушылар үмітті. «Біз оларды тексеруді бастадық. Айта кетерлігі, материалдар толық, талапқа сай толтырылған. Байқауға өзіне сенімді кәсіпорындар қатысып жатыр. Айталық, осыдан 5 жыл бұрын көптеген компаниялар мұның не үшін керек екенін түсінбестен өтініш жіберетін. Ал қазір үміткерлер алға қойған мақсаттарын жақсы біледі. Қатысушы кәсіпорындар өнімдерін тек ішкі нарыққа шығарып қана қоймай, оны сыртқа тасымалдаумен айналысады. Олардың жұмыс орындары қалыптасқан, болашағы бар», – деп атап өтті ол.
Әр салада мол тәжірибесі бар «Атамекеннің» комиссия мүшелері келіп түскен материалдарды тексеріп, үздіктерін таңдайды. «Қызылорда облысы бойынша тек бір ғана кәсіпорын өтініш білдірді. Ал басқа өңірлерден кем дегенде 2-3 өтініш келіп жатыр. Өтініштерін қайталап жіберіп жатқандар да бар. Бұдан материалдарды дайындау уақытты, көп күш жұмсауды және қаражатты талап ететініне қарамастан, олар үшін бұл байқау өте маңызды екенін көреміз. Сондықтан кәсіпорындар осы әрекеттерге кіріскен. Оған қоса жеңімпаздар ешқандай жеңілдікке ие болмайды. Алайда мұны PR қадамға жатқызуға болады», – деді сарапшы.
Ө.Ержанов қатысушылар арасында тау-кен металлургиялық кешені, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру салаларының өкілдері басым екенін атап өтті.
«Байқау аясында жеңімпаздарға қандай да бір жеңілдіктер көрсетілгенін қалаймыз. Ең болмағанда квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарымен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалса... Бұл басқаларын ынталандыратын еді», – деді комиссия мүшесі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: