Николай Радостовец: «Көмірді биржа арқылы сату ерікті түрде жүргізілуі тиіс»
«Атамекеннің» Тау-кен және металлургиялық өнеркәсіп комитетінің басшысы көмір саласының болашағына алаңдаушылық білдірді
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҰКП Төралқасы тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің отырыс өтті. Комитет басшысы көмірді биржа арқылы ерікті сату құқығын қарастыру жөнінде өз пікірін айтты. «Әлемнің ешбір елінде көмірді міндетті түрде биржа арқылы сату деген жоқ. Неліктен көмір өндірушілер терең жер астына түсіп, еңбектеніп өндірген көмірін сатқаны үшін делдалдарға, брокерлерге пайыз беруі тиіс? Экономикалық әріптестік және даму ұйымының түсініктемесіне сәйкес, биржа дегеніміз – ерікті алаң. Көмір өндірушілер тиімді болса, ондағы саудаға өзі келеді. Неге Қазақстанда ғана 3 мың тоннадан астам көмірді биржа арқылы партия бойынша сату керек? Біз қазір көмір өндірушілердің табыстарын арттырып, көмір бағасын арзандату мәселесіне назар аударуымыз қажет. Сондықтан, алдымен, делдалдықты алып тастау керек. Ұлттық экономика министрлігіне сауал жолдаудамыз: биржа ерікті негізде жұмыс істеуі тиіс, ешкім де көмір өндірушіні биржаға қарай қуаламауы керек», – деп мәлімдеді ол.
Радостовецтің айтуынша, елімізде көмір өте көп, компаниялар арасында қатаң бәсекелестік бар. «Егер ол еркін сатылатын болса, тұтынушы ақыр аяғында көмрді арзан бағаға ала алады. Ал қазір бұл кедергі», – деді ол.
Комитет басшысы қазақстандық көмірдің басқа елдерде де сұранысқа ие екендігін атап өтті. «Біз көмірді жақсы сатамыз. Қазір Жапонияға экспорттаудамыз, Польшаға да сата алар едік. Көмірге сұраныс бар, сондықтан көмір саласын барынша қолдау қажет», – деп мәлімдеді Радостовец.
Сарапшы Қазақстанда жасыл энергетика алғышарттарын қайта қарау қажет деп есептейді. «Егер бағаның арзандату туралы сөз қозғар болсақ, ол жасыл технологияларға да қатысты болуы тиіс. Бүгінде Үкіметтің күн батареяларының 1кВт/сағаты 71 теңге тұратындығы туралы шешімі бар. Көмірді 10 есе қымбаттатып, көмір өндірушінің көзіне қалай қараймыз? Біз бұны сән үшін істеп отырмыз ба? Жаңарып отыратын энергия көздерінің бағасы арзандамаса, бизнес қалай жұмыс істейді? Біз бұл мәселеде бір келісімге келуіміз керек», – деп ойын қорытты ол.
«Бәскелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ президенті Алдаш Айтжанов отырыста көмірге бағаны инфляция шегінде бекіту туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, монополиялық жағынан жоғары бағаны анықтау әдісі бүгінде жетілмеген. «Тәжірибеде бағаның кез келген қымбаттауы тексеру бастауға себеп болады. Нәтижесінде бізге қарайтын іс қордаланып қалады, олардың жартысы – негізсіз», – деді ол.
Айтжановтың айтуынша, қазіргі таңда монополияға қарсы комплаенс енгізу туралы норма қаралуда. Ол компания деңгейінде де, сала деңгейінде де болуы мүмкін. «Бұл бір салалық акт, оған өз арасындағы және монополияларға қарсы органдар арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі қағидалары жазылады. Оған бағаны қымбаттату қандай жағдайларда заңсыз деп есептелмейтіндігі, қандай негізделген сомалар енгізілетіндігі туралы нормаларды жазуға болады және т.с.с.», – деп түсіндірді ол.
Тау-кен және металлургия өнеркәсібіндегі импортты алмастыру жайын ҚР ҰКП басқарушы директоры, базалық салалар департаментінің басшысы Евгений Больгерт сөз етті. Оның айтуынша, бұл мәселеде Ұлттық экономика министрлігі мен Үкімет тарапынан қолдау бар, жұмыс тобы құрылған. «Қазіргі таңда ұстанымдарды айқындау бойынша талдау кезеңі жүріп жатыр, оны экономикалық жағынан импортты алмастыруға ауыстырған жөн болар еді. Бұл мәселеде бізге Ресейдің тәжірибесі маңызды. Ресей Федерациясында әр сала бойынша 19 жоспар әзірленіп, қабылданған. Онда қандай да бір тауар тұрғысынан импорт үлесін азайтудың нақты өлшемдері мен мерзімдер бекітілген. Біз де осыған ұқсас алгоритмді ұсынып отырмыз. Қазір салалар бойынша ішкі нарықта басымдығы бар позициялар анықталуда. Сондай-ақ сол тауар позициясын біздің мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың сатып алуына келтірілетін кедергілер айқындалуда», – деді ол.
Евгений Больгерт бүгінгі таңда импорт алмастыруды өлшем ретінде қарастырмайтын мемлекеттік қолдау шараларының толық пакеті әзірленіп жатқандығын атап өтті. Негізінен экспортқа бағытталған. «Өлшемдердің экспортқа бағдарлануымен қатар жобалардың импортты алмастыруы да назарға алынуын ұсынамыз», – деді ол.
Тау-кен өндіруші және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының директоры Максим Кононов жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу мәселесіне қатысты аталған қауымдастықтың ұсыныстарын ортаға салды.
«Қауымдастық тиімділігі төмен кен орындарына арналған пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша кеміту коэффициенттерін ұсыну үшін тікелей әсер ететін нормаларды қарастыруды ұсынады. Бүгінде пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жеңілдіктер Үкіметтің шешімімен қабылданады және тәжірибе жүзінде өтінімдерді қарау рәсімі айтарлықтай ұзақ мерзімді алады. Осыған байланысты жеңілдіктер ұсыну үшін тиімділік шегін арттыру ұсынылады, қолданыстағы тәртіпке сәйкес, тиімділігі 0-ден жоғары кез келген кен орны тиімді болып саналады», – деді ол.
Кононовтың айтуынша, Тау-кен өндіруші және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы тереңде жатқан (500 метрден астам) пайдалы қазбалар үшін кеміту коэффициентін қарастыруды ұсынып отыр. Өйткені оларды өңдеуге көбірек инвестиция қажет, осылай ынталандыру ұсынылмаса, бұл іс көбінесе тиімсіз келеді.
Сарапшы қауымдастықтың қатты пайдалы қазбаларды өндірушілерге арналған үстема пайда көруге салынатын салықты жою туралы ұсыныс енгізгенін айтты.
«Қазіргі таңда ҰЭМ алаңында барлауға келісім шарттар мен өндіру арасындағы «салық шекараларын» бұзу мәселесі талқылануда. Осы ұсыныс іске асырылса, геологиялық барлауға қаржы тартуға ықпал етер еді», – деп ойын түйіндеді қауымдастық директоры.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: