«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарызың болса, құтылуға асық

2016 жылғы 21 Қыркүйек
7870 просмотров

Борышкер кәсіпорындардың басшылары мен құрылтайшыларының қарызы көптеп саналуда

2016 жылы бизнес саласындағы жауапсыз борышкерлерге қатысты  500-ден астам шағым келіп түскен. Берешегі бар кәсіпорын басшылығы мен құрылтайшыларына субсидиарлық жауапкершілік белсенді қолданылып отыр. «Біз борышкерлердің басшылары мен құрылтайшыларының мүліктері есебінен шамамен 20 млрд теңге өндіріп алдық. 117 адамды субсидиарлық жауапкершілікке тарттық», – деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының жетекшісі Айгүл Уәлиева Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде.

Айгүл Уәлиева palata.kz тілшісіне берген сұхбатында,  банкроттық рәсімнің басталу барысында, әдейі жасалған жалған банкроттық әрекеттер анықталып жататынын мәлімдеді. «Мысалы, борышкерді банкрот деп танығанға дейін, ол өз міндеттерін орындаудан жалтару үшін, мүлкін әдейі шығарады. Алайда заң бойынша, егер әкімші, немесе біз, уәкілетті орган ретінде осы сынды фактілерді анықтасақ, онда біз талап-арыз түсіріп, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін тартуымызға болады», – деді басқарма басшысы.

Айгүл Уәлиеваның мәліметінше, 2015 жылы банкрот кәсіпорындардың басшылары мен құрылтайшыларын қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 13 үкім шығарылған. «Сондай-ақ субсидиарлық жауапкершілік бар. Егер борышкердің мүлігі жеткіліксіз болса, онда біз оны басшылары мен құрылтайшыларынан өндіріп аламыз», – деді Айгүл Уәлиева.

Сондай-ақ Айгүл Уәлива Қазақстанда борышкерлердің саны 1900 кәсіпорыннан 2247-ге дейін жетіп отырғанын хабарлады. Оған қоса банкротқа ұшырағалы тұрған борышкер заңды тұлғалардың берешегі 286 млрд теңгеге жеткен. «Бұл 2016 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланған, борышкерлердің банк алдындағы несиелері», – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.

Айгүл Уәлиеваның айтуынша, 2016 жылдың басында төлем қабілетсіздігін реттеу туралы 75 келісімге қол қойылған. Сондай-ақ, осындай борышкерлер бойынша несие қарызының жалпы сомасы 641 млрд теңге болған. Осыларды айта келе, Айгүл Уәлиева «бұл несие қарызы, тек бюджет алдында міндетті емес, тұтастай алғанда» екендігін атап өтті.

Статистиканы борышкерлермен жасалған бітімгершілік келісім бойынша нақтыласақ, мұндай жағдайлар бірлі-жарым ғана кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысының жеке кәсіпкерлерінің бірі осындай келісімшартқа отырған. Содан кейін ғана банкроттық рәсім тоқтатылған.

Естеріңізге сала кетсек, оңалту және банкроттық мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар күшiне енгеннен кейiн, егер кәсіпорынның қарызы болған жағдайда, оның банкротқа ұшырауы міндетті емес. Заң, жалпы алғанда, борышкерге кредиторлармен екі ай ішінде қарызын өтеу туралы келісімге келуге мүмкіндік береді. Егер банкротқа ұшырау туралы іс сотқа жеткен жағдайда, барлық дау бір ғана сот төрағасымен қаралатынын есте сақтаған жөн. Мысалы, борышкердің мүлкін қайтару, мәмілелерді жарамсыз деп тану, дебиторлық берешекті сот тәртібімен өндіріп алу сынды мәселелер. Соттың борышкерді банкрот деп жариялау шешімі тез арада орындалуға жатады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер