«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Туризм саласын тың өзгерістер күтіп тұр

2016 жылғы 20 Қыркүйек
17420 просмотров

Мемлекеттік құрылымдар мен Қазақстанның туристік компаниялары қарым-қатынастың жаңа кезеңіне – өзара тиімді серіктестікке көшуді жоспарлап отыр

Бұл туралы олар туризм саласындағы мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру жөнінде өткен қоғамдық тыңдалымда мәлім етті.

Ішкі және халықаралық нарықта Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілететін ұйым құру жайы көптен бері айтылып келеді. Биыл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе отырып сөзден іске көшті. Жақында Қазақстанда Туризм жөніндегі ұлттық кеңсе ашылып, министрліктің кейбір функциялары соған берілуі мүмкін. Кеңсенің әлемдік атауы – Destination management organization (ДМО).

Ұлттық туризмнің кенже қалуы

Бүгінгі таңда туризм – экономиканың жедел дамып жатқан салаларының бірі, ол әлемдік ІЖӨ-нің 10%-ын, әлемдік экспорттың 6%-ын және әлемдік экспорт қызметінің 30%-ын алады. Әрбір 11-жұмыс орны дәл осы туристік индустрияда құрылады.

Ал Қазақстанда туризмнің ІЖӨ-дегі үлесі 1% ғана деп бағалануда. Оған қоса елге келетіндердің негізгі ағыны – Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін еңбек мигранттары екен. Қазақстандық туристік саланың сарапшылары Қазақстанға туристік мақсатпен келетіндер санының аздығын айтады. Орналастыру орындарының, яғни қонақ үйлердің, кемпингтердің, хостелдердің, мейманханалардың орташа толымдылығы 23,5% ғана. Әрі бұл көрсеткіш төсек-орын саны 130 мыңға бағаланатын еліміздің қонақжайлылық әлеуетінің өзінде осындай болып тұр. 2015 жылы Қазақстанда барлығы 2056 орналастыру орны есептелген, соның 11%-ы ғана жұлдызды қонақ үйлер екен, қалғандары санаты жоқ қонақ үйлер немесе басқа орналастыру орны ретінде саналады. Әлемнің 141 елінің ішінде Туризм және саяхат саласындағы бәсекеге қабілеттілік рейтінгісінде Қазақстан небары 85 орынға табан тіреген.

Қазақстандағы туризм саласы үздіксіз ведомстводан ведомствоға беріліп келеді. 1999 жылдың қазан айына дейін Білім, денсаулық сақтау және спорт министрлігінің қарамағында болды. 1999 жылдың қараша айынан 2004 жылға дейін Туризм және спорт агенттігіне қарап келді. 2004 жылдың қазан айынан 2006 жылға дейін Өнеркәсіп және сауда министрлігіне қарады. 2006 жылдың сәуірінен 2012 жылға дейін Туризм және спорт министрлігінің қарауында болды. 2012 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың тамыз айына дейін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индусриясы комитетіне қарап келді. 2014 тамыз айынан бүгінгі күнге дейін Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментіне қарайды.

«Ведомстволық бағынуды жиі ауыстыру сабақтастықты жоғалтуға әкеп соқтырады. Біз белгілі бір кезеңге дейін жетеміз де, қайта кейін құлдилаймыз», – дейді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

Өңірлік туризм өзінің күші мен мүмкіншіліктеріне қарай дамуда. Бүгінгі таңда туризмді өз бетінше басқару Алматы қаласының, Алматы, Ақмола, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерінде ғана бар. Басқа өңірлерде ол кәсіпкерлік басқармасындағы туризм бөлімі немесе индустриялды-инновациялық даму, спорт, ішкі байланыстар бөлімі болып саналады, тек қана туризм бөлімі емес. Ондай бөлімдердегі штаттың жасақталуы да көңіл қуантарлық емес, орташа есеппен алғанда, ол жақтарда жұмыс істейтіндер 2-3 адам ғана.

Дүниежүзілік экономикалық форум берген есепке сәйкес, Қазақстан мемлекеттік туризмді дамытуға шығарған шығыны бойынша мәртебелі 50-орынға жайғасқан, ал өткізіліп жатқан маркетингтік және туристерді тартуға арналан шаралардың тиімділігі бойынша 111-орында. 2011 мен 2015 жылдар аралығында осы мақсатта бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінген.

«Статистика көрсетіп отырғандай, соншалықты көп болмаса да, қаржы бөлініп жатқанымен, тиімсіз жұмсалуда. Яғни, бір нәрсені өзгерту керек. Мәселен, АҚШ-та маркетингке жұмсалған 1 АҚШ доллары нәтижесінде 3-4 АҚШ доллар пайда әкеледі. Біз осыған талпынуымыз керек», – дейді Юлия Якупбаева.

Оның пікірінше, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жариялаған дестинациялық бренд жасау туралы байқау туристік мәселені шешпейді. ҰКП жүргізген талдау бойынша, мәселе еліміз туралы жақсы жарнамалық роликтердің жоқтығында. Ал қолда бары әуесқойлар түсірген немесе жеке құрылымдар қаржыландырған, тіпті халықаралық ұйымдар түсірген жұмыстар. Мәселен, 2012-2013 жылдары BBC World News телеарнасында жарнамалық науқандар жүріп өтті. ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстан – Еуразияның жүрегі» деген, BBC World News-тің бастамасымен «Астана – болашақтың қуаты», «Алматы – бокстан 2013 жылғы әлем чемпионатының астанасы» деген, ал «Самұрық-Қазына» АҚ-ның тапсырысы бойынша «Астана және Самұрық-Қазына» деген видеороликтер түсірілді. Жарнамалық белсенділіктің нәтижесі ретінде ВВС еліміздің туристік әлеуетіне назар аударып, 2013 жылдың наурыз айында Медеу туралы «The lungs of Almaty» атты бағдарлама эфирге шықты.

Қазақстанда видероликтер жасаған күннің өзінде, оларды жариялайтын интерактивті алаң мен коммуникациялық платформа жоқ.

«Жай ғана бренд жасау аздық етеді, оны дамыту қажет, сонымен айналысатын ұйым керек. Еліміздің бірыңғай туристік порталын жасау қажет. Дестинациялық брендін 2012 жылы қабылдаған Қырғызстанда да, осындай бренді 2014 жылы жасалған Өзбекстанда да сондай порталдар бар. Бізде басында жақсы жұмыс істеп, кейін жұмыс істеуін доғарған туристік сайт бар. Бізге сондай портал бүгінгі таңда өте қажет. 21 ғасырда өмір сүріп отырмыз, елімізді интернет арқылы не болмаса телевизия арқылы ілгерілетуіміз керек. Елестетіңізші, ВВС-дің аудиториясы 434 миллион адам, олардың көбі біздің әлеуетті туристеріміз бола алар еді. Қазір қазақстандықтардың өздері елде не барын біле бермейді, ал шетелдік туристер жайын айтудың өзі артық», – деп өз пікірімен бөлісті ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бүгінде әлемнің барлық дамушы елдері ұлттық туризмін дамыту үшін бұқаралық коммуникацияны пайдаланады. Мәселен, 2013 жылы «Smart Germany» ұранымен Германияның, «Made in China» ұранымен Қытайдың, «Advanced Technology Korea» ұранымен Оңтүстік Кореяның, «Business friendly» ұранымен Бахрейннің, Әзірбайжанның, Түркияның, Грузияның жанрамалық науқаны жүріп өткен.

ДМО – қисынды ойдан туындаған қажеттілік

Ұлттық туристік әлеуетті ДМО арқылы дамыту елге келетін туристік ағынды арттыратындығын әлемдік тәжірибе айқындап берді.

Мәселен, Конгресстер мен конвенциялардың халықаралық қауымдастығының ресми статистикасына сәйкес, Германия соңғы 10 жылда іскерлік туризм бойынша әлемде екінші орынды, ал Еуропада бірінші орынды иеленіп келеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түріндегі мұндай кеңсе, яғни «German Convention Bureau» (GCB) 1973 жылы тәуелсіз қауымдастық ретінде құрылып, оны Германияның ұлттық туризм әкімшілігі  (GNTB), Lufthansa Group және German Railways қаржыландырып келген. Олар аталған ұйымның стратегиялық серіктестері. Директорлар кеңесі 12 тұрақты мүшеден құралады, оның 3-і тұрақты болса, 9-ын бас ассамблея сайлайды. Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Ұлттық туризм әкімшілігінің бас директоры тағайындалады. Ұйымға 200 адам мүше, соның ішінде 31 қаланың жергілікті дестинациялары, қалалық конвеншндері, қонақ үйлер, шаралар өткізетін нысандар, event-агенттіктер, жергілікті қызмет көрсетушілер, көлік компаниялары, рестораторлар, аударма бюролары бар. Бюджеттің үштен бірі мүшелік жарнадан жиналса, қалған бөлігі Федералды үкіметтен бөлінеді.

Әзірбайжанда «Azerbaijan Convention Bureau» 2013 жылы коммерцияық емес мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ретінде және Мәдениет және туризм министрлігінің кездесулер индустриясы стратегиясын іске асыру мақсатында құрылды. Ұйымды жартылай Мәдениет және туризм министрлігі қаржыландырса, қаржының қалған бөлігі индустрия серіктестерінің мүшелік жарналарынан түседі. Құрамына мейрамханалар, ұлттық әуе компаниясы және конференциялар, бизнес-кездесулер ұйымдастырумен және өткізумен айналысатын компаниялар кірген. Конгресстер мен конвенциялардың халықаралық қауымдастығының статистикасына сәйкес, елдегі халықаралық қауымдастық өткізген шаралар бойынша Әзірбайжан 87-орынды иеленіпті. 2011 жылмен салыстырғанда, осы елге келетін туристердің саны екі есе артқан.

Ресейде Ростуризмнен бөлек, автономды коммерциялық емес «Moscow Convention Bureau» ұйымы жұмыс істейді. Ұйым халықаралық кездесулер мен конгрестер нарығында елді ілгері жылжытумен айналысатын, толығымен Мәскеу үкіметі қаржыландыратын мемлекеттік құрылым. Конгресс-көрме бюросын ғылым, өнеркәсіп саясаты және кәсіпкерлік департаменті басқарады. Атқарушы комитетті үкімет құрған, бас директорды да үкімет тағайындайды. Ұйымға ғылым, өнеркәсіп саясаты және кәсіпкерлік департаментінің, экономикалық саясат және даму департаментінің, бәсекелестік саясаты жөніндегі департаменттің, Мәскеудің қалалық мүлкі департаментінің, бас бақылау басқармасының өкілдері мүше. Бас директорды Мәскеудің мэрі Атқарушы комитеттің шешімі бойынша қызметке тағайындап, қызметтен босатады.

Қазақстанда қазірше мұндай ұйым жоқ. Алайда Инвестициялар және даму министрлігі ДМО құруға әрекеттер жасап көрген.

Юлия Якупбаеваның айтуынша, Қазақстанның бүкіл туристік индустриясы туристерді ақпараттандырумен, туристік қызмет түрлерін сататындарды қолдаумен, әлеуетті клиенттерді табуда және көрсетілетін қызметтерді дамытуға туристік бизнеске көмектесумен, туристік қызмет түрлерінің толық циклын құруға қолдау көрсетумен, сапалы туристік қымет ұсынуға мүдделі барлық тараптардың күшін үйлестірумен, дестинация стратегиясын әзірлеп, оған қолдау танытумен, стратегияны іске асыруды қолдаумен айналысатын ұйымға зәру. Ол ұйым қазақстандық туризм саласының ресми келбеті мен үні болар еді.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамында: «Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру. Үкімет мемлекетке тән емес және басы артық қызметтерді қысқарту есебінен неғұрлым ықшам бола түседі» деп жазылған», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

Қазақстандық туристік қауымдастықтың президенті Роза Асанбаева да Қазақстанда ДМО құру қажет деп есептейді.

«Біз осы саланы толығымен реформалауымыз қажет. Институционалды реформалар керек. Қосындылар орны өзгергенімен, нәтижесі өзгермейтіндігін түсіндік. Жаңа комиттеттер құрғанмен, одан пайда болмайды. Бір нәрсе  жасаймыз да, оны ары қарай жылжытпаймыз. Біз бұдан өткенбіз. Бізде Спорт және туризм агенттігі де, Туризм және спорт министрлігі де, жеке Комитет те болды. Туризм сол баяғы қалпында. Біз миллиондаған роликтер әзірлей аламыз, бірақ одан пайда жоқ. Өңірлерде ондай роликтердің бар екеніне, оларға қаржы бөлініп жатқандығына, алайда олардың сөрелерде шаң басып жатқандығына сенімдімін. Роликтің өзі қымбат емес, алайда оны жариялау үшін көп қаражат салу керек. Сол 45 секундтық ролик үшін CNN 1,5 миллион доллар сұрайды. Алайда пайдасы бар», – деді ол.

Инвестициялар және даму министрлігінң өкілі, өз кезегінде, мемлекеттік функциялардың бір бөлігін, яғни мемлекетті ішкі және халықаралық туристік нарықта ілгерілету міндетін беруді қолдайтындығын білдірді.

«Мемлекеттік сатып алулар рәсімінің өте күрделі екені құпия емес, өйткені жемқорлыққа жол бермеуді мақсат тұтады. Бірақ нарық жоғары қарқынмен өзгеруде. Түркия, Украина елдеріндегі жағдайлар осыған дәлел. Туристер бірден Ресейге бет бұрады. Қазақстанға да келулеріне болатын еді. Бізге турағындарға жауап беріп, оларды бағыттап отыратын жеке құрылым қажет», – деді ҚР Индустриялар және даму министрлігі туризм индустриясы департаменті директорының міндетін атқарушы Қайрат Сәдуақасов.

Қай нұсқа дұрыс?

Шенеунің бастапқыда осындай ұйым құрудың екі нұсқасы қаралғандығын атап өтті. Бірінші жағдайда барлығын МЖС-нің сервистік келісімшарттары бойынша шарт жасап, өз қаражатын салып, кейін bed-tax-ты, жатын орны үшін шетелдік туристерден салық жинап алатын инвесторға беру жоспарланған. Екінші нұсқада мемлекеттік органның жанынан ДМО құру, яғни квазимемлекеттік орган құру қарастырылған.

«Бізде ҰКП-мен серіктестік орнатуда жақсы тәжірибеміз бар, ол Kaznexinvest. Биыл Палата Индонехия мен Жапоияда халықаралық көрмелер өткізу міндетін алды. Әріптестік орната алатындығымызға сенімдімін. Қалай десек те, ДМО құрудағы барлық нұсқаларын қарауға дайынбыз. Өңірлерді бірден сабырға шақырғым келеді, реформалар әрдайым күрделі болады, бірақ олар қажет. Сіздердің функцияларыңыз әлсіремейді, сіздерсіз еш нәрсе істелмейді. Біз қазір оны мемлекетті толықтай алға ілгерілететін республикалық ДМО ретінде көріп отырмыз», – деп атап өтті ол.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағылар барлық форманың өзіндік кемшіліктері мен артықшылықтары болатындығын айтты. Мәселен, мемлекеттік ДМО-ның жеке әкімшілік ресурсы мен өкілеттігі бар, бірақ онда бюрократия билік құрады, жеткілікті дәрежеде ашық емес, бюджетке қарай еңбекақы аз. Жекелерге келер болсақ, онда инновациялар, жасампаздықтар көп, нарықтық модельдерге бағдарланған, алайда қаражат табу жағы қиын.

ҰКП-да ДМО формасы МЖС қағидасына сай өту керек деп санайды, яғни мемлекет те қатыстырылады да, 49%-дық үлеске ие болады. Соған қарамастан, Юлия Якупбаеваның пікірінше, бақылау функциясы қазіргі реттеушіде, яғни Инвестициялар және даму министрлігінде қалуы тиіс. Ал бизнес, өз кезегінде, стратегиялық мәселелерді шешу процесіне қатыса алады.

Оның айтуынша, қазір бюджеттен бөлініп жатқан 219 миллион теңге асы көп болмағанымен, маңызды көрмелер өткізіп, туроператорларды оларға қатыстыруға жеткілікті. Сондықтан заңға туристік жарна сомасын дестинацияның орналасуына, орналастыру орнының жұлдызына қарай, 500 теңгеден аспауы қажет деп жазу қажет.

«Грузияда мақсатты нарықтарды ілгерілету үшін әр дестинацияға 1,4 миллион доллардай қаржы бөлінді, ал бізде ілгерілетуге бар болғаны 219 миллион теңге бөлінеді. Міне, сізге пайда. Нәтижесінде Грузия үздік 52 туристік елдің тізіміне енгізілді. 2015 жылы сол елге барған туристер саны 1,5-тен 6 миллион адамға артты. Шетелдік туристер 2 миллиард АҚШ долларын қалдырып кеткен. Ол ІЖӨ-ге айтарлықтай салым», – деп мысал келтірді ол.

Роза Асанбаева да МЖС формасындағы ДМО құруды әріптестіктің тиімді әрі дұрыс формасы деп санайды.

«Міне, қараңыз, АҚШ 11 қыркүйектегі жағдайдан соң, бірден сол жылы Brand USA агенттігін ашты. Оған АҚШ-тың федералды бюджеті 100 миллион доллар салды. Өйткені сол трагедиядан туристік сектор ғана емес, экономиканың барлық саласы зардап шекті. Турист дегеніміз – тұтынушы, елдің бүкіл экономикасының қозғаушы күші. Парижге немесе Лондонға баратын туристердің ағыны жабылатын болса, ол қалалар бірден банкротқа ұшырайды. Бұл жерде біздің бизнес-жауапкершілігіміздің бар екенін түсінуіміз қажет», – деді Р.Асанбаева.

ҰКП туризмді дамытуды қолға алады

Юлия Якупбаева 2016 жылдың басынан бері Палатаның белсенді жұмыс атқарғанын атап өтті. Өңірлік палаталар мен жергілікті атқарушы органдардың көмегімен визит карталары, яғни туристерге арналған орындар туралы толыққанды ақпарат әзірленді. Оған қоса картаға кірген барлық турнысандардың жағдайлары тексерілді, яғни ол жаққа қалай жетуге болады, қай жерінде не жетіспейді, сметалар мен жол карталары жасалып, оның 11-і Инвестициялар және даму министрлігіне жіберіліп қойды.

«Оларда нақты туристік нысандарға дейінгі жолдардың нақты бөлігі көрсетілген. 60 шақырым жол жетпей, туристердің жаман жолмен 5 сағат жүруі абсурд емес пе, келісіңіздерші, енді олар қайта келмейміз дейді. Үкіметтің аталған өңірлік карталарды қаржыландыруды қарастыру мүмкіншіліктері туралы шешімі бар», – деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Бизнестің пікірі маңызды

Рашида Шайкенова, Қазақстандық туристік қауымдастықтың директоры:

«Бәсекелестік ортаға мемлекеттік функциялардың негізгі бөлігі берілетіндігі қуантады. Туризмде бұрыннан жүргендердің естерінде болса, 7-8 жыл бұрын-ақ өзін-өзі реттейтін ұйым құру туралы әңгіме болған еді. Міне, енді уақыт келді. Біз жаңа заңнама аясында жұмыс істеуге дайынбыз. Қазақстанды халықаралық нарықта ілгерілететін ДМО сияқты ұйым қажет пе? Сөзсіз қажет. Бүгінде біз өңірлік жедел дамуды көріп отырмыз, кейбір жерлер бәсеңдеу дамуда. Қандай жағдай болмасын, елді толықтай қамтымайынша, ешкімнің қандай да бір жеке облысқа келмейтіндігін барлығымыз түсініп отырмыз. Бұл процестен мемлекетті шығарып тастауға болмайды. Біздің табысы төмен туристік бизнесімізге мемлекеттің қолдауы өте қажет екені құпия емес, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент экономиканы әртараптандыру туралы тағы да айтты. Арзан жұмыс орындарын құра алатын туризмнің мемлекеттің қолдауына зәру екені айқын. Осы функцияларды берген жағдайда ҰКП-ның бұл қызметті салалық қауымдастықтармен біріге отырып қарауға дайын екендігі қуантады, бұл біз үшін маңызды».

Рысты Қарабаева, Елордалық туризм қуамдастығы:

«Біз бұдан көп пайда көреміз. Шетелдік сарапшылардың бізге Астана дестинациясын 4-5 миллион долларға айналдырып беру туралы ұсыныс жасағандары есімде. Тіпті ОҚО-ны айналдыру үшін жылына 3-5 миллион доллар сұрайды. Мұндай ақша өңірлердің емес, тіпті бүтін бір республиканың  түсіне кірген емес. Бұл біз үшін шығыны көп бөлік, алайда онысыз тағы болмайды, ақша таба алмаймыз. Бизнесмен ретінде ақша табу үшін алдымен қаржы салу керек екенін, стратегияның болуы қажет екенін барлығымыз түсінеміз. Егер бірнеше миллион доллар салсақ, ол бізге екі-үш есе болып қайтуы қажет. Сондықтан мен ДМО-ны қолдаймын.

Бір нәрсені айтып өткім келеді. Өткен жылы ҚР ИДМ индустрия және туризм департаменті заңнамадағы өзгерістер бойынша заңдық жағынан талдау жүргізді, олар сонда барлық маркетингтік зерттеулердің мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама арқылы жүргізіліп келгендігін анықтады. Бізде «VisitKazakhstan» жақсы айналдыра бастаған еді, оған алдыңғы Комитеттің басшылары жақсы  қарады. Ол кішкене айнала бастағанда, олар ол сайтты тастай салып, басқа «Kazakhstan.Ttravel» сайтын ашты. Неге? Өйткені жыл сайын тендерді аз ақша ұсынған түрлі ЖК-лар ұтып алады. Туроператорлар да көрмелерге осылайша қатысты. Мен бірде Стамбулда жүргенімде Қазақстанның көрмесін көрдім, стендтің Қазақстандікі емес, тендерді ұтып алған туроператордікі екен деп ойлап қаларлық. ДМО құрғанда барлығы басқаша болатындығына сенімдімін. Оған қоса, ДМО ҰКП-ның қатысуымен құрылуы тиіс».

Шынарбек Батырханов, Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы:

«Бұл бизнес тарапынан ғана емес, мемлекеттік құрылымдар тарапынан да қолдау тауып отыр деп ойлаймын. Өйткені Туризм министрлігінің, Ұлттық туризм әкімшілігінің болмауы өте өкінішті. Сондықтан ДМО құру өте маңызды. Бұл ұйымды мемлекет ұсынуы тиіс деп ойламаймын. Бүгінде бұл іспен ҰКП-ның айналысып жатқандығы мені қуантып отыр. Бұл туризмді ешкімге тәуелсіз, кәсіби тұрғыдан ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Қаржыландыру туралы мәселе туындағанда, бірінші күндерден-ақ бизнес субъектілеріне бизнестің мүдделерін кәсіби тұрғыда қорғай алатындығымызды көрсетуіміз керек. Сонда бизнес те бері қарайды, сонда жарна төлеу қажет пе, жоқ па деген мәселе туындамайды.

Алайда туризмді дамытуда тағы бір қаржыландыру  көзін көріп тұрмын. Бұл курорттық карталар немесе туристік сертификаттар жасау. Бүгінгі таңда қатардағы азаматтардың демалыстарға, емделуге, түрлі демалыс нысандарына, шипажайларға, туристік базаларға қолжетімділігі болуы тиіс. Бұл Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға көмектесіп, ұйымға біршама қаржы әкелетін еді».

Алина Әлбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер