«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда туризмді өркендету жөніндегі ұйым құрылуы мүмкін

2016 жылғы 14 Қыркүйек
14131 просмотров

«Атамекен» ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе отырып, нарықтың туризм саласындағы мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беруге дайындығына талдау жүргізуде

9 қыркүйек күні «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Қазақстан және оның туристік мүмкіндіктері туралы ақпаратты халықаралық туристік нарықта және мемлекет ішінде, оның ішінде туристік қызмет саласындағы республикалық және халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу жолымен тарату» функцияларын аутсорсинг арқылы бәсекелестік ортаға беру жөнінде қоғамдық тыңдалым өтті.

Барлық өңірлер қосылған видоконференция түріндегі талқылауға ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың, туристік қауымдастықтардың, қонақ үйлердің, туристік ақпараттық орталықтардың өкілдерінен барлығы 150 адам қатысты.

Қоғамдық тыңдалымды аша отырып, Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева талқылаудың ашық түрде өтетіндігін және бизнес-қауымдастықтың мемлекеттік функцияларды бизнес-ортаға, соның ішінде ҰКП-ға беру процесіне кеңінен тартылғандығын, мұның туристік саланы жақсартуда бүкіл нарықты нығайтуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Өз баяндамасында Юлия Якупбаева туризм саласындағы күнтәртібінде мемлекеттік функциялардың бірі – Халықаралық туристік нарықта және мемлекет ішінде Қазақстан туралы ақпарат тарату тұрғандығын атап өтті. Өкінішке қарай, 2016 жылғы саяхат және туризм секторындағы әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде туристерді тартудың маркетингтік шараларының тиімділігі бойынша Қазақстан 141 елдің ішінде 111-орында екен. Әлі күнге дейін дестинация брендингі жөніндегі саясат анықталмаған. Қазақстанның туристік бренді (логотип, ұран) жоқ. Мемлекеттің туристік ресми порталы да жоқ. 2014 жылы www.kazakhstan.travel мемлекеттік ресми туристік порталы әзірленді. Соған қарамастан, Google-дан Қазақстан туралы ақпарат іздегенде www.visitkazakhstan.kz сайты республикалық туристік сайт ретінде шығады. Айта кетерлігі, сайт әзірлеуге мемлекет тарапынан қаражат бөлінген, алайда сайтты дамытуға қаржы қарастырылмаған.

Көрмелердің, роуд-шоулардың және т.б. ауық-ауық өткізіліп тұратындығына қарамастан, жарнамалық видеороликтер жасап, оларды республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуды қаржыландыру қарастырылмаған. Миллиондаған аудиториясы бар халықаралық телеарналарда Қазақстанды туристік дестинация ретінде жүйелі насихаттау жүргізілмейді. Әлемдік тәжірибеде әлемнің табысты әрі дамушы елдерінің барлығы дерлік бұқаралық коммуникацияны тұрақты түрде пайдаланып келеді. Мәселен, 2013 жылы «Smart Germany» ұранымен Германияның, «Made in China» ұранымен Қытайдың, «Advanced Technology Korea» ұранымен Оңтүстік Кореяның, «Bahrain – Business Friendly» ұранымен Бахрейннің, Әзірбайжанның, Түркияның және басқа да көптеген елдердің жарнамалық науқаны өтті.

Қазіргі таңда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде елімізді орталық деңгейінде ілгері жылжытумен барлығы 4 адам ғана, ал өңірлік деңгейде 2-3 адам ғана айналысуда.

Өткізілген маркетингтің шараларды талдай келе, Юлия Якупбаева «Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру және оны халықаралық және ішкі нарықта ілгерілету» бюджеттік бағдарламасы аясында мемлекет бөліп отырған қаражаттың жеткіліксіз екендігін атап өтті. Бүгінде аталған бюджеттік бағдарламада бар-жоғы 7 халықаралық көрме мен ел ішінде 3 шара өткізу, жарнамалық-имидждік өнім жасау мен Қазақстанның туристік интернет-ресурсын сүйемелдеу ғана қарастырылған.

Мәселен, 2016 жылы Грузияда әр мақсатты нарықта (Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Түркия, Украина, Белорусь, Польша, Израиль, Литва) елді ілгерілету үшін $1,4 млн АҚШ доллары бөлінді. Нәтижесінде Грузия әлемдегі туризмнің өсу қарқыны жоғары елдердің біріне айналып шыға келді: Грузияға барған туристердің жалпы саны 2015 жылы 1,5 млн.-нан 6 млн адамға дейін жетті. Туристік қызметтен түсетін жалпы табыс сол жылы 475 млн АҚШ долларынан 2 млрд. АҚШ долларына дейін өскен, яғни әлемдік орташа көрсеткіштен 20 есе асып түскен.

ҰКП-ның барлық нарыққа қатысушыларды біріктіретіндігін және өңірлік желісі бар екенін ескере отырып, бір нұсқа ретінде Туризм бойынша ұлттық кеңсе (әлемдік тәжірибеде – Destination management organization (DMO) құруды қарастыруға болады. Оған ҰКП мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі қатысады. Мақсаты: туристік дестанация ретіндегі Қазақстанның брендін әзірлеу және оны ілгерілету, ішкі және әлемдік нарықта турөнімдерді ілгерілету, турөнімдерді әзірлеу және енгізу, Қазақстанның бірыңғай туристік сайтын, елге келушілерге ақпарат тарату жүйесін жасау және енгізу. Аталған ұйымның бақылаушы кеңесіне нарықтың барлық басты ойыншылары, яғни қонақ үй бизнесі саласында қызмет көрсетушілер, логистер, туристік және сауда-саттық салаларындағы қауымдастықтар кіргізілетін еді.

Таныстырылымда German Convention Bureau, Azerbaijan Convention Bureau және Moscow Convention Bureau сынды әлемнің алдыңғы қатарлы туристік дестанацияларындағы осындай ұйымдардың табысты жұмыс тәжірибелері көрсетілді. Бұл ұйым қосымша қаржыландыру көзі ретінде туристік жарнаны енгізуді ұсынып отыр. Ол қонақ үйге түскен туристен әр тұрған күні үшін алынады (әлемдік тәжірибеде – bed tax). Қағида бойынша, жарна 1-2 АҚШ долларынан аспайды әрі бизнес субъектісіне жүк артпайды, өйткені қонақ үй ол қаражатты тек қана жинап береді.

«Бүгін біз 4 мәселені талқылауымыз қажет: ілгерілету жөніндегі арнайы ұйым қажет пе; қандай түрде болады (МЖӘ, мемлекеттік немесе жеке); бұл түрлердің барлық кемшіліктері мен артықшылықтары; туристік жаран керек пе, керек емес пе», – деп Юлия Якупбаева қатысушыларды негізгі міндеттермен таныстырды.

ҰКП Туристік сала комитетінің төрағасы Р. Асанбаева мұндай ұйымды құру қажеттігін айтты: «Бізде Туризм жөніндегі агенттік те, Туризм индустриясы комитеті де, тіпті Туризм министрлігі де болды, сондай-ақ, имидждік роликтердің бар екеніне, олардың сөрелерде шаң басып, қолданылмай жатқанына да сенімдімін. Маркетинг дегеніміз –  жұмыстың 10%-ы ғана. Басты міндет – жұмысты жандандыру. Көрме ұйымдастыру дегеніміз – маңызды, алайда одан да маңыздырағы – шетелдік әріптестерді b2b кездесулеріне шақырып, келісімшарттар жасау. Туристік жарна енгізу дегенмен толықтай келісемін. Көптеген елдер бұл тәжірибені баяғыдан-ақ енгізіп қойған, ол қаражат Қазақстанның туризмін дамытуда айтарлықтай тірек болады. Институционалдық реформалардың маңызы зор».

ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті директорының міндетін атқарушы Қайрат Сәдуақасов та аталған мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру қажеттігін атап өтті: «Жалпы алғанда, мемлекеттік функцияларды беру қажет. Біз инвесторлар тарту арқылы сервистік байланыстар орнату немесе аталған функцияларды квазимемлекеттік секторға беру нұсқаларын қарастырдық. Қазір оны МЖӘ түріндегі ҚР ҰКП қатысатын республикалық ДМО ретінде көріп отырмыз».

Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова да мемлекеттік функцияларды берумен де, ДМО құрумен де келісетіндігін білдірді: «Мемлекеттің бірқатар функцияларының бәсекелестік ортаға берілетіндігі қуантады. Ал ДМО-ға келер болсақ, сөзсіз, МЖӘ түріндегі мұндай ұйым қажет. Бүгінгі таңда өңірлердің өзіндік турәлеуетін дамыту мен ілгерілетуде белсене түскенін көріп отырмыз, алайда елімізді жалпы көрсететін болсақ, ешкім де жеке алынған облысқа келмейді. Сондай-ақ туристік жарнаны енгізу қажет деп санаймыз».

Талқылау барысында туристік нарықтың өкілдері туристік жарнаның түрлі нұсқаларын қарастырды. Мәселен, Астана қаласындағы Absolute қонақ үйінің директоры Әсия Назарова «туристік жарна немесе bed tax деген – жаңалық емес, бұл жетекші мемлекеттердің тәжірибесі әрі шетелдерде дұрыс қабылданатын тәжірибе. Бұл әр қонақтың туризмді дамытуға қосқан үлесі» екенін атап өтті.

«Елордалық туризм қауымдастығы» ЗТБ президенті Рысты Қарабаева да аталған ұсыныстарға қолдау білдірді: «Туризм саласында шетелде тағылымдамадан өтіп келгендер ДМО жұмысын тәжірибе жүзінде көрді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың жүйелік жоспарын әзірлеу мақсатында тартылған шетелдік сарапшылар да мұндай ұйымды құру үшін айтарлықтай қаржы салу қажеттігін айтты, яғни бастапқы кезеңде 4-5 млн. АҚШ доллары қажет. Бұл жақта мұндай қаражатты ешкім бөлмейді. Алайда шығыссыз кіріс болмайтындығын түсінуіміз қажет».

Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының президенті Гаухар Жеңісбек МЖӘ түріндегі ДМО құру және туристік жарна енгізу идеясын қолдайтынын айтты. Сонымен қатар ол ДМО-дан басқа ҚР ҰКП қатысатын МЖӘ-нің басқа да нұсқаларын қарастыруды ұсынды.

Пікір таласта Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов та өз ойын ортаға салды: «ДМО құруды бизнес қана емес, мемлекеттік органдар да қолдап отыр. ЭКСПО-ға дайындық барысында шетелдік әріптестеріміз Қазақстан Республикасында Туризм бойынша ұлттық кеңсенің жоқтығына таң қалуда. Қазақстан туризм арқылы бүкіл әлемге қолжетімді болуы үшін біз ортақ күш біріктіруіміз қажет. Туристік жарна тиімді болады деп ойлаймын, алайда ол үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет болады. Туристік жарнадан бөлек, курорттық карта немесе туристік сертификат енгізуді қарастыруды ұсынар едім».

Талқылауды түйіндй келе, жүргізуші Ю.Якупбаева былай деді: «Барлық қажетті өзгерістерді енгіземіз. Қазір Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының төрағалық ететін жұмыс тобы қарау үшін ұсыныстар пакеті жасалуда. Барлығы МЖӘ түріндегі ДМО құруды қолдап отырғандығын айтқым келеді. Талқылау үшін осыған қатысты мәселелер қабылданады».

Естеріңізге сала кетсек, кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қарастырылған, оны іске асыру үшін осы жылдың қаңтар айында арнайы комиссия құрылған-ды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер