Ауыл шаруашылығында жаңалық көп...
«Атамекен» құрылымдық бөлімшесі бүгінгі таңға дейін өткізген 140-тан астам семинар барысында 2 мыңға жуық шаруа өрісін ұзартты
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Агробіліктілік орталығының директоры Төлеутай Рақымбеков бейресми түрде отандық журналистер қауымымен жүздесіп, емен-жарқын сұхбат құрды.
Сонымен қатар, аталған БАҚ өкілдерімен өткен кездесуге ҰКП ауқымындағы агроөнеркәсіп кешенінің құзырлы сарапшылары қатысып, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер салмақталды.
Жиында қазақстандық аграрлық сала мамандарын оқыту жайы баяндалып, шара барысында туындаған қызықты сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарылып отырылды. Мәселен, Орталық басшысының айтуынша, жалпы 670 семинар аясында 10 мың АӨК субъектісін қамту жоспарланып, бүгінгі таңда 2 мыңға таяу дәріс тыңдаушы фермердің көкжиегі кеңейіп, тың технологиялар мен инновациялар жөніндегі білім қоры толыққан. Осы орайда атап өтерлік жайт, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізушілерге барлық жағдай жасалған. Оған қолайлы салық тәртібі мен мемлекеттік қолдау тетіктері де кіреді. Агробіліктілік орталығын құру да – мемлекеттік демеуге жатады. Фермерлердің семинарларға атсалысуы тегін.
«Біздің семинарларға қатысу үшін ештеңе толтырудың, ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Ең қарапайым тәсіл, шаруалар кәсіпкерлердің аудандық палаталарына жүгінуі қажет. Сондай-ақ, қандай деректер иеленгісі келетіндігін және мемлекеттік қолдау амалдарына қатысты өз ұстанымдарын ортаға салса болады. Өйткені бұл жүйе кері байланыс орнатуды көздейді. Қазір бізге жетіспей отырғаны да осы. Арнайы «Атамекен» ҰКП байланыс орталығының 59-79-60 нөмірі іске қосылып, ол күні-түні қоңырауларды қабылдауға дайын. Еліміздің бүкіл өңірлерінен хабарласу ақысыз әрі Астана кодын терудің қажеті жоқ, Алматыдан алдына 2 санын қоссаңыз жеткілікті. Онлайн өтініш беру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған fermers.kz веб-порталының тұсауын кестік. Сол жерде семинарға қатысқысы келетін тілек білдірушілердің барлығы өтініштерін, көкейдегі сауалдары мен ұсыныстарын жолдай алады», - деп әңгімеледі Төлеутай Рақымбеков.
Орталық жетекшісінің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қолын байлайтын негізгі түйткілдердің бірі, ақпараттың жетіспеушілігі, тапшылығы. Мысалға мал шаруашылығындағы жаңа асыл тұқымдар, өсімдік шаруашылығындағы тиімді сұрыптар дегендей... Сондықтан осындай бюджеттік бағдарлама қолға алынған. Дегенмен, бұған дейін бағдарламаны жүзеге асырудың бірнеше жылында кемшіліктер анықталып, өткен жылдың соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты істі «Атамекен» ҰКП-ға тапсыруды құп көрген. Сәйкесінше желтоқсан айында кәсіпкерлермен алтын көпір іспетті, аудан-қалаларда, шалғай елді мекендерде филиалдары орналасқан және де ауылдағы бизнес иелерінің біліктілігін шыңдауда біраз тәжірибе жинақтаған Палатамен жемісті ынтымақтастық жолында Үкімет қаулысы бекітілген. Қазіргі уақытта ҰКП жанынан құрылған Орталық қажетті іс-қимылдармен тікелей шұғылданып, 11 шілде семинарларды бастап кеткен.
Басқосуда ауылдағы жеке кәсібінен нәпақа тауып, жер төсін емген ағайынның дәрістерге қызығушылығы жоғары екені мәлімделді. Тауардың танымалдылығын арттыру, экспортқа шығару, шетелден әкелінген асыл тұқымды ірі қара малды құнарлы жем-шөппен қоректендіру, ұсақ шаруашылықтарды дамыту сынды қосымша бастамалар көтерілуде екен. Тақырыптар да шаруалардың айтқанына, салалық одақ-қауымдастықтарға мұқият құлақ түре таңдалуда. Семинарлар өтетін шаруашылықтар да алдыңғы қатарлы, үлгілі де іргелі ауылшаруашылық нысандары сапынан. Бұл мақсатта 97 агроқұрылым тізбектелген. Дәріскерлердің шешендік шеберлігі мен жиналғандармен жұмыс істей білу қабілетіне назар аударылып, олар биік дәрежелі шаруалардың өздерінен, ғалымдар мен сарапшылардан іріктелген. Семинарлар нәтижесінде қатысушылар анкета толтырып, бағасын қоймақ. Орталық өкілдері ауыл шаруашылығы саясатын реттеу, субсиядия бөлу секілді мемлекеттік қолдау кілтипандары төңірегіндегі ұсыныстарды әрі қарай Үкіметке жеткізу үшін «Атамекенге» табыстамақ. Тіпті нақты сауалдарды ауыл шаруашылығындағы 23 ғылыми-зерттеу институтына жолдайтындарын түсіндірген Т.Рақымбеков оңтүстікте Алматыдағы ҚазҰАУ, батыс өлкеде Батыс Қазақстан техникалық университеті, солтүстік пен шығыс аймақтарда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ бойынша үш оқу-әдістемелік орталығын құруға ниетті екендерін жеткізді.
Ортақ іске 25 қазақстандық және Германия, Франция, Сербия, Австралия, Ресей, Украина, Канада елдерінен 25 шетелдік сарапшы жұмылдырылуда. Сарапшылар аңғарғандай, Агробіліктілік қызметінің «Атамекенге» берілуінің арқасында кәсіпкерлер оқыту сабақтарына да, тыңдаушы ретінде де көптеп тартылуда.
«Қысқа уақыт аралығында бар білімді сарқа беріп кету мүмкін болмағанымен, маңызды сұрақтарға жауап табылады деген үміттеміз. Жаңа технологияларға шығынданған кәсіп иесі, тегін бюджеттік семинарлардан экономикалық тиімділік, мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы кооперациясы іспетті 3 қызмет қырының бүгінгі бет-бейнесін терең ұғынып, пайдалы ақпаратқа қанықса дейміз», - деп түйіндеді «Атамекен» ҰКП «Агробіліктілік орталығы» ЖШС директоры Төлеутай Рақымбеков.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: