«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Эфиопияға астық тасымалын ширатуға шақырды

2016 жылғы 26 Шілде
8731 просмотров

Елші қазақстандық кәсіпкерлерді аталған Африкадағы елдің нарығын жаулап алуға шақырды

Бәсекелесіңді «бағындыр, қайтсеңде алға шық». Міне, Қазақстанның Эфиопия Федеративті Демократиялық Республикасындағы елшісі Ерлік Әли қазақстандық кәсіпкерлерге осындай ұран тастады. Оның айтуынша, Эфиопияның астық нарығы – әлемдегі халқы 100 миллионнан асатын ең ірі нарықтың бірі. «Бұл елдің астық нарығын жаулап алу әрі экономикалық, әрі саяси қадам. Ол нарыққа АҚШ, Ресей, Австралия, Аргентина сынды мемлекеттер күресіп жатыр. Сәйкес нарыққа жету үшін біраз тер төгу керек, қайтсең де алға шығуға талпыну қажет», – деді дипломат ҚР СІМ брифингінде.   

«Біз астықты Эфиопияға жеткізуге тырыстық, бірақ қазақстандық кәсіпкерлер әлі де ондағы нарыққа үрке қарайды. Екіншіден, астықты алып өту үшін Новороссийск айлағында кезекке тұру керек. Алдымен ресейлік астық өтеді, содан кейін ғана қазақстандық астық өткізіледі, осындай жайттар бар», – деп қосты елші.

Алайда, Ерлік Әлидің айтуынша, Эфиопияға астық жеткізу ирандық Бендер-Аббас теңіз айлағы арқылы мүмкін екен. Ол үшін ирандық серіктестердің көмегі қажет. Астықты Бендер-Аббастан Джибутиге жіберіп, одан әрі Эфиопияға өткізуге болады. 

«Эфиопия біздің астықтың сапасына дән риза. Олар астық сатып алуға дайын. Бірақ қалыптасып қалған желілер мен бағдарлар бұл елмен сауда-саттық жасауға кедергі болып тұр. Мұның барлығы уақытша қиындықтар деп білемін. Біздің компаниялардың, азық-түлік корпорацияларының, жекелеген кәсіпкерлердің көмегімен бәрін де еңсеруге болады деп ойлаймын», – дейді Ерлік Әли.  

Дипломат сарапшылардың есебін назарға ұсынды. Эфиопиялық астық нарығының тұрақты динамикасы бар, тенденциясы жылына 2,5-тен 5% дейін өсіп отырады. «Эфиопияның халқы жылына 2,5%-ға көбейіп келеді. Бүгін жүз миллион болса, ертең 102 миллион, ертең арғы күні 105 миллион. 20 жылдан соң  – 125 миллион болады», – дейді Ерлік Әли.

«Біздің кәсіпкерлер тұрақсыздықтан қорқады. Ол да бекер деп ойлаймын. Қазақстан елшілігі отандық кәсіпкерлердің кез келген мәселесін шешіп беруге әркез дайын. Эфиопиялықтармен ұзақ мерзімді келісімдерге, екі жақты салық төлеуден арылуға, инвестицияны қорғау бойынша қолдауға қол жеткізуге әбден болады. Бірақ сауда кейде соның бәріне мұқтаж болмай қалады. Біз ДСҰ-ға мүше болдық. Белгілі бір деңгейге қорғанымыз бар. Эфиопия бақылаушы болып жүрсе де, олар әлі ДСҰ-ға мүше емес», – дейді  елші мырза. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер