«Атамекен» мен «Нұр Отан» меморандумға қол қойды
Тараптар бірлесе отырып, Қазақстандағы кәсіпкерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, одан әрі дамытуға сөз байласты
Жалпы Ұлт Жоспары және Елбасы Жолдауларының негізгі қағидаттары бойынша қазақстандықтармен ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының көмегімен заңнаманы жетілдіруге арналған ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша екіжақты консультациялар жүргізу – бұл меморандумда қойылған мақсаттардың бір парасы ғана.
Бүгін Астанада «Нұр Отан» тарапынан құжатқа партияның бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан – ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қол қойды.
Меморандумдағы басқа да маңызды міндеттердің арасында кәсіпкерлікті дамыту проблемалары туралы сараптамалық ақпарат алмасу, сондай-ақ, әсіресе, ауылды жерлерде белсенді кәсіпкерлердің санын ұлғайтуға арналған жобаларды бірлесіп әзірлеу және іске асыру көзделген. Сонымен қатар, «Атамекен» мен «Нұр Отан» кәсіпкерлікке ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасына қоғамдық бақылау жүргізу туралы уағдаласты. Одан бөлек, енді мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін бағалау да, сондай-ақ бюджет қаражатын мақсатқа сай пайдалану да айрықша назарда ұсталатын болады.
Сонымен бірге, меморандумда кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер мен өзге де құжаттардың әзірленуіне «Атамекен» ҰКП-ның қатысуы қарастырылған. «Нұр Отанның» Астанадағы, республикалық мәндегі қала және облыстардағы Кәсіпкерлер палаталарымен байланысы жемісті бола түспек.
«Бизнестің жол картасы», «Агробизнес», «Жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасы» бағдарламалары бар, бұл бағдарламаның бәрі «Атамекен» ҰКП-ның қызметімен тікелең байланысты. Дегенмен, біз осы меморандумға қол қойылмай тұрып та тұрақты жұмыс істеп келеміз, биылғы жылы көптеген шаралар өткіздік. Бірақ, біздің жұмысымыз барынша жүйелі және үйлесімді болуы үшін, жеке меморандумға қол қою және айқын бағдарларды белгілеу, өңірлік партия ұйымдарын іске қосу қажет деп шештік», – деп Мұхтар Құл-Мұхаммед оқиғаның маңызын атап көрсетті.
«Уағдаластықта қаражатты жұмсауды бақылау қарастырылған, және де ең бастысы, бұл бағдарламалар адал ниетті отандық кәсіпкерлерді қолдауға алып келеді. Сондықтан да біз «Нұр Отан» партиясының көмегімен жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын сәтті жүргіземіз, партиямен бірлесіп алдыға қойған мақсаттарға қол жеткіземіз деп сенемін», – деп түйіндеді Абылай Мырзахметов.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: