Қостанай облысының кәсіпкерлері бизнес-омбудсменге қандай шағым айтты?
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Қостанай облысына жасаған іссапарында өңірдегі бизнестің түйткілді мәселелеріне назар аударды
Егер шенеуніктер мемлекеттік тапсырыс үшін төлем жасамай жалтарып кетсе, не істеу керек? Әзірлеушілер тарапынан ешбір түсініктеме берілмеген электронды астық қолхаттарын қалай пайдалануға болады? Жауапты кәсіпкерлер қашанғы «жалған» әріптестері үшін жауапқа тартыла бермек?
Бұл Қостанай облысы іскерлік тобының өңірге іссапармен келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовке қойған сұрақтарының бір парасы ғана. Әкіммен және облыс прокурорымен кездескеннен кейін ол есеп беру кездесуіне қатысып, бизнесмендермен еркін сипатта сұхбаттасты. Шараға жетпістен астам кәсіпкер қатысты.
«Мен сіздерге ақыл айтып, бизнесті үйретпек емеспін. Алайда сіздер атап өткен мәселелерге құлақ түріледі. Бізге келіп түсетін барлық шағымдардың 90%-ын жергілікті жерлерде еркін шешуге болады әрі бұл жұмыс ҰКП-ның күш салуымен атқарылуда», – деп Болат Палымбетов өз көзқарасын білдірді.
Алғашқылардың бірі болып облыстағы барлық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің атынан тәжірибелі заңгер Юрий Калюжный сөз алды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда шаруаларды электронды астық қолхатына өту келешегі қатты алаңдатады екен. Астық туралы заң 23 шілдеден бастап күшіне енеді, алайда жаңа жүйе бойынша жұмыс істеу тәртібін көпшілік біле бермейді.
«Мәні өзгерді. Екі бірдей қойма қолхатының орнына жай ғана қойма қолхатын береді. Астықты бір иеленушіден екінші иеленушіге келесі бетіне жазу арқылы беру енді болмайды. Оның орнына бірыңғай ақпараттық жүйедегі электронды бұйрық ұсынылуда. Алайда аталған жүйенің өкілдері бірде-бір рет бұл бұйрықтың қалай әрекет ететінін және қалай ресімделетінін бізге көрсетіп бере алмады! Ал 23 шілде таяп қалды. Бұдан кейін бүкіл астық нарығы бірден өз жұмысын тоқтатуы мүмкін», – деді Юрий Калюжный.
Бизнес-омбудсмен де, кездесуге қатысқан ҰКП өкілдері де негізінен шаруаларға арналған арнайы оқыту семинарларын өткізуге қатысты мәселені жақын арада Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында көтеретіндіктеріне сендірді.
«Промстройкомплект» ЖШС басшысы Александр Когай өзінің кәсіпкерлік тәжірибесінен келеңсіз жайтты тілге тиек етті. 2014 жылы оның компаниясы емдеу-сауықтыру орнын қайта құрылымдауға арналған ЖСҚ әзірлеуге тендер ұтып алған. Жұмыстың құны – 14 миллион теңге. Компания жобаны әзірлегенімен, Қостанай құрылыс бөлімінен қаражат әлі түспепті.
«2015 жылы осыған ұқсас жағдай болды. Сол тапсырыс беруші индустриалды аймаққа коммуникация салуға тендер өткізді. Құны – 104 млн теңге. Біз жұмысқа кірісіп кеттік, алайда олар бюджеттің секвестрленуін алға тартып, тағы да төлем жасаған жоқ. Біз жұмыстың тең жарымын жасап қойған едік. Сотқа шағымдандық, алайда одан «жақсылап» жеңіліп қалдық, біздің шартымыз қаржы мекемесінде тіркелмеген көрінеді», – деп мәлімдеді Александр Когай.
«Мұндай жағдайларды өз басым түсінбеймін. Олар сіздердің азаматтарыңыз ғой, ең құрығанда, шақырып, ақша жоқ деп айтуға болады ғой, алайда, есептесу тізімі бойынша сіздер бірінші тұрсыздар. Бүгінгі таңда 1-тоқсан бойынша бюджеттің жиналуы 125%, яғни артып келеді. Мен бұл мәселені прокуратурамен бірігіп қарауды ұсынамын», – деп жауап берді Болат Палымбетов.
Қостанайлық кәсіпкерлерді бүкіл қазақстандық бизнеске тән жүйелік мәселе – Мемлекеттік кірістер департаментінің салықты есептеу туралы ескертпесін жіберуі алаңдатуда. Себеп – бизнесмендер бұрынырақта келісім жасаған заңды тұлғаның тіркеуін соттың заңсыз деп табуы. Бұл мәселе туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Самат Сәдуақасов айтып өтті. Оны кездесуге қатысқан компания басшылары да жеке тәжірибелерінен айғақтап берді. Бизнес-омбудсменнің айтуынша, бұл мәселе бойынша ілгерілеушілік бар.
«Жалған кәсіпкерлік мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылды, соның аясында заң нормасын алып тастау немесе балама табу жоспарлануда. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, сотта бизнесмен ылғи жеңіліс табады. ҰКП-ның Қылмыстық кодекстегі жалған кәсіпкерлікке қатысты бабын алып тастау туралы ұсынысын Үкімет қолдап отыр. Құрамына Экономика министрлігінен, Қаржы министрлігінен, Әділет министрлігінен, «Атамекен» ҚР ҰКП-дан өкілдер кіретін комиссия жұмыс істемек. Менің әріптесім Ресейдің бизнес-омбудсмені Борис Титовпен кездескеніме көп болған жоқ. Оның айтуынша, Ресейде 2010 жылдан бастап жалған кәсіпкерлік туралы заң нормасы әрекет етеді екен», – деп атап өтті Болат Палымбетов.
Кездесуде ауыл бизнесмендеріне қатысты банктердің қатаң кепілдік саясаты да, қостанайлық сыра қайнатушыларды біршама әуре-сарсаңға салып отырған алкогольды өнімдерді реттеуге қатысты заң нормалары да, одан бөлек мәселелер де сөз болды. Бизнесмендердің көпшілік арасында жария еткісі келмеген немесе уақыттың шектелуіне бола айтып үлгермеген мәселелеріне олар жеке құлақ асты. Болат Палымбетов есептік кездесуден кейін бірден қосымша алдын ала жазылған он бестей адамды қабылдады. Қабылдау екі сағаттан астам уақытқа созылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: