«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік қолдау кәсіпорын жұмысына қарқын берді

2016 жылғы 23 Маусым
- Шымкент қаласы
6501 просмотров

Темір құбырлардың 22 түрін әзірлейтін компанияның бір күнде 40 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндігі бар

Оңтүстікқазақстандық Абдикахар Ордабаев кәсіптің көзін ертеректе тапқан жан.

Алғашқы жылдары әртүрлі кәсіпті нәсіп етіп сауда-саттық жасаған ол бертін келе кәсібін үлкейткісі келеді. Әрине, бұл жолы алыпсатарлықты емес, отандық өнім өндіруді  таңдады. Себебі, отандық өнім шығарса ең алдымен өңірдің өндірісінің көркейуіне үлес қосады. Одан соң, түскен табыстың салығы сыртқа кетпей, аймақтың бюджетін толтырады. Мұнымен қоса, екі қолға бір күрек таппай жүрген бірқатар жан жұмыспен қамтылады. Бұл 2003 жыл болатын... 

Осылайша жанына серіктес тапқан Әбекең жан-жақты ойланып, аймақтың қажеттілігін зерттеп құрылыс материалдарына қажетті темір құбырлар шығаруға тоқтам жасайды.  Әрине, ең алдымен оны шығаратын құрылғы қажет. Сөйтіп, серіктесімен бірге құрылғы іздеп шекара асып, шетелдерге шығады. Еуропаны да, Қытайды да, Түркияны да көрді. О бастан он өлшеп бір кесетін дағдысымен  өз кәсібіне қажетті құрылғының құны мен сапасына сараптама жасады. Талдай келе қытай құрылғысын тиімді деп тапты. Енді оны орналастыратын, яғни жұмыс істейтін аумағы атшаптырым нысан керек. Мұның да мәселесі шешілді. Шымкент қаласының шет жағынан ескі ғимаратты сатып алып, оған түгелдей дерлік күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. 

 - Сатып алған нысанымыз өте ескі болатын. Оны түгелдей дерлік қайта қалпына келтіріп, өзімізге лайықтап алу үшін және коммуникациялық жұмыстарына көп қаржы жұмсадық. Осылайша 2005 жылы Қытайдан жаңа қондырғыны әкеліп орнаттық. Алайда, өңірден мұндай өндірісте жұмыс істеген маман табылмай біраз қиындықтар туындады. Сөйтіп қондырғымен бірге келген қытайлықтар жас мамандарды бір ай бойы мұнда жұмыс істеу тәсілін үйретті. Біз үшін ең қиын жағдай да осы маман тапшылығы болды. Қытайлықтарды жиі-жиі шақырып тұрдық. Мамандардың ізденуі, білімін жетілдіруі үшін  қажетті оқулықтармен қамтып, басқа да жағдайларын жасадық. Мұнымен қоса шығарған өнімімізге сұраныс таппай, бірқатар кедергілермен арпалысып жүріп бірнеше жылды артқа тастадық. Алға қойған мақсатымыздың орындалуы жолында төккен тер, қажырлы еңбек зая кеткен жоқ. 2007 жылдан бастап жұмысымыз жүйеленіп,  жолға қойылды. Бұл біздің алғашқы жетістігіміз болатын, - дейді «ЮгПромсталь» компаниясының бас директоры Абдикахир Абдрахымұлы.

Бүгінгі таңда темір құбырлардың 22 түрін әзірлейтін компанияның бір күнде 40 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары өндірістік жылыжайға қажетті барлық затты шығаруды қолға алыпты. Серіктестіктің өндірістік директоры Жандарбек Ақтөриевтің айтуынша, бір жылыжайды салуға қажетті заттың 85 пайызы осында өндіріледі.  Облыста салынған жылыжайлардың басым бөлігінің материалдары осы «ЮгПромсталь» ЖШС тауарлары.

Өндіріс орны аяққа тұрып, жұмысты жүргізе бастады дегенмен, шикізат үшін басқа компанияға тәуелді еді. Яғни, құбырға қажетті материалды кесіп дайындауды осында жүзеге асыру үшін арнайы құрылғы алу қажет болды. Сонымен бірге, өнім түрін көбейтуге қомақты қаржы керек. Бұл 2012 жыл болатын. Осы кезде серіктестік басшысы «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» қорына жүгінді.  Сөйтіп, 90 миллионға жуық ақша алады. Екі жылдан соң,  яғни 2014 жылы жұмыс аясын ұлғайту мақсатында ғимарат жанынан салынғалы жатқан үлкен қойма құрылысы үшін тағы да кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Дамудың» көмегі қажет болады. Осылайша кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиемен 117 миллион теңгеге қол жеткізген. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары жүруде.  «Бүгінге  қарызды толығымен жауып тастадық», дейді серіктестік басшысы бізбен әңгімесінде.

Зауытта 25 адам жұмыспен қамтылған. Мұндағы қондырғылардың барлығы да жаңа, соңғы үлгімен жабдықталып, автоматтандырылған. Сондықтан жұмыстың басым бөлігі түймені басу арқылы атқарылатындықтан соншалықты адам күшін де қажет етілмейді. Кейде шектен тыс тапсырыс көбейіп кеткенде қосымша күш қорындағы, яғни резервте тұрған 10-15 адам жұмысқа тартылады.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА


Еншілес ұйымдар

Серіктестер