Банктер төлемдерді жеделдетеді
Мәжіліс Сенатқа «Төлемдер мен төлем жүйесі туралы» заң жобасын жолдады
Бүгін Парламенттің төменгі палатасының депутаттары екінші тыңдалым барысында заң жобасын мақұлдады. Мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитеті жасаған қорытындыда депутаттар салыстырмалы кестеге бірнеше түзету енгізгені туралы айтылған. Мысалы, жүйелі маңызы бар және маңызы бар төлем жүйесінің операторларына арналған минималды талаптар нақтыланған.
Бұдан бөлек, борышты өндіріп алу және тыйым салу шараларын банк есепшоты иесінің міндеттемелері бойынша мемлекеттік бюджет пен Мемлекеттік қордан төленетін әлеуметтік сақтандыру, тұрғын-үй төлемдері, нотариустың депозитіне аударылатын азаматтар ақшасы, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер есебінен жүзеге асыруды шектеу қарастырылуда. Заң жобасында «төлем жүйесі» түсінігі, негізгі қағидалары, қызмет ету тәртібі және төлем жүйелерін ұйымдастыру мәселелері бекітілген.
Заң жобасының тағы бір мақсаты – банктердің төлемдерді орындау мерзімдерін қысқарту. «Төлем қызметтері тұтынушыларының мүдделерін қорғау үшін келесі жаңалықтар қарастырылған. Банктердің төлемдерді орындау мерзімдері көп дегенде төрт күннен екі күнге дейін, ал 2017 жылғы 1 маусымнан бастап күнбе-күнге дейін қысқарады», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәжілісмендерге 1 маусымда Мәжілісте өткен алғашқы тыңдалымдағы заң жобасын таныстыру барысында.
Сонымен бірге, банктерде клиенттерді төлем операциясын жүзеге асырғанға дейін комиссия көлемімен таныстыратын болады және біржақты тәртіпте шарт пен тарифтер шарттарын өсіру жағына өзгертуге тыйым салынады.
Заңның бұл жобасы Сенат қарауына берілді. Ол қабылданса, «Төлемдер мен ақша аударымдары туралы» қолданыстағы заң күшін жоятын болады. Қаржы және бюджет жөніндегі комитетте құжат тек төлемдер мен ақша аударымдары кезінде туындайтын құқықтық қатынастарды мойындайтынын атап өтті.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: