«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов ҰКП Басқарма Төрағасы лауазымында қалады

2016 жылғы 16 Маусым
16162 просмотров

Оның Басқарма басшысы ретінде өкілеттігін ұзарту туралы шешім «Атамекен» ҚР ҰКП ІІІ съезінде бірауыздан қабылданды

«Палатаның Басқарма Төрағасы өкілеттігінің мерзімі 2016 жылдың 25 маусымында аяқталатынын ескере отырып, Төрағаның және басқарма мүшелерінің өкілеттіктерін тағы да екі жылға – 2018 жылдың 25 маусымына дейін ұзарту ұсынылады. Жоғарыда айтылғанның негізінде аталған мәселе дауыс беруге шығарылады», – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев.

Мәселе съездің қарауына ұсынылды. Дауыс берудің қорытындылары бойынша өкілеттіктерді ұзарту туралы шешім бірауыздан қабылданды.

«Абылай Исабекұлы, құттықтаймын. Біз бүгін Басқарма Төрағасының баяндамасын тыңдадық, шынымен де, «Атамекен» бизнес пен билік арасында орталық және өңірлік деңгейде шынайы сұхбаттасу алаңына айналуы үшін көп жұмыс жасалды. Мен бүгінгі күні «Атамекен» бүкіл еліміз бойынша  кәсіпкерлердің бәріне өз үйіндей болып кетті деп ойлаймын», – деді Тимур Құлыбаев.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңға сәйкес, Ұлттық палата Төралқасының мүшелерін лауазымына тағайындау және босату Съездің айрықша құзыретіне жатады. Ромин Мадиновтің, Айгүл  Соловьеваның, Дариға Назарбаеваның өкілеттіктері тоқтатылды.

Съезде Төралқа мүшелері ретінде сайлау үшін Парламент депутаттары Аманжан  Жамаловтың, Кеңес Әбсаттаровтың кандидатуралары ұсынылды.

Сондай-ақ, 2016 жылы қауымдастықтарды (одақтарды) аккредиттеу өткізілуіне байланысты ҰКП Төралқа комитеттерінің жаңа құрамы мен олардың төрағалары бекітілді.

Осыған орай, аккредиттелген қауымдастықтардың (одақтардың) өкілдері ретінде Төралқа мүшелері Арнұр Нұртаевтың, Михаил Глуховтың, Асқар Елемесовтің, Шавкат Сабировтың өкілеттіктері тоқтатылды. Төралқа мүшелері болып Жанболат Сәрсенов, Думан Қыдырбаев, Үміт Шаяхметова, Асылбек Хайрушев сайланды.

Сонымен бірге, Төралқаның кейбір мүшелері – Қазақстан Республикасыынң қоғам қайраткерлері Қуандық Бишімбаевтың, Сабыр Есімбековтің өкілеттіктері тоқтатылды. Бұл ретте Қуандық Бишімбаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі ретінде ҰКП Төралқа мүшесі болып тағайындалды.

Төралқа мүшелері болып, сондай-ақ Ерболат Досаев, Мейрамкүл Дүзбаева, Дінмұхамед Ыдырысов сайланды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер