Бизнес-қоғамдастық медицина сапасын жақсартуды сұрап отыр
«Атамекен» ҰКП алаңында «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілетін өзгерістер жобасы талқыланды
Отырысқа Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов, 70 ірі жұмыс беруші компанияның өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сарапшылық қоғамдастықтың, жекеменшік денсаулық сақтау саласының, сақтандыру компанияларының өкілдері қатысқан.
Заң шығарушыларға қойылған басты сұрақ: неліктен жұмыс берушіге артылған, құны айтарлықтай өскен қаржылық жүктеме мен мемлекеттік медицина сапасы арақатынасы оңалмай келеді, бұл тұста кәсіпкерлерде таңдау құқығы жоқ. Олар сақтандырудың қай жүйесін қолдануы керек: міндетті ме әлде ерікті ме?
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева бизнес-қоғамдастықтың басты алаңдаушылықтары медициналық қызметтер және, ең алдымен, отбасылық медицина сапасының төмендігіне қатысты екенін айтты. Бұның арты өңірлерден түсетін толыққанды педиатрияның жоқтығы туралы шағымдардың артуына, мемлекеттік медициналық мекемелердегі ұзын-сонар кезектер, электрондық денсаулық сақтау жүйесінің жоқтығына, гипо, –гипердиагностика деректерінің орын алуына әкелуі мүмкін, дейді ол.
Кәсіпорындардағы кәсіби тексерістен өткізу мәселелері өзекті болып тұр. Кәсіби тексерістер денсаулықты қорғау жөніндегі бағдарламалардың маңызды бөлігінен саналады және жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы ұжымдық шарттарға отыру кезінде міндетті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру механизмі жүйесінде (МӘМС) кәсіби тексерістер қарастырылмаған, себебі олар жұмыс берушінің тікелей міндеті саналады.
Юлия Якупбаеваның сөзінше, ұжымдық шарт нормаларын орындау мәселелері былтыр негізгі заңды қабылдау кезінде қозғалған. Денсаулық сақтау саласында да МӘМС жөніндегі қызметтер тізімі анықталғаннан және МӘМС аясындағы қызметтер пакетінің құны белгілі болғаннан кейін ғана ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) мен МӘМС қызметтерін жұмысшылар үшін пайдалы ету тұрғысынан қалай межелеу қажет екені белгілі болады. Ұсынылып отырған түзетулер көрсеткендей, ЕМС әлеуметтік медицина жүйесінде әлі де назардан тыс қалып отыр.
KAZENERGY қауымдастығының өкілі Тоғжан Қожалиева ірі мұнай компанияларының әлеуметтік пакеті аясында медициналық қызмет көрсетуге қызметкердің отбасы мүшелерін де қосу қарастырылғанын айтты. Сапалы қызметтер алу үшін кәсіпорындар қызметкерлеріне ерікті медициналық сақтандыру полистерін сатып алады. Сонымен бірге, анағұрлым ірі өндіруші компаниялардың балансында медициналық бөліктер болады, оларға қызмет көрстеу үшін жыл сайын орта есеппен 500 млн теңгеге дейін кетеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іске қосылғаннан бастап жұмыс беруші өз қызметкерлеріне көрсетілетін медициналық қызмет үшін мемлекеттік қорға төлем төлейтін болады.
KAZENERGY өкілдері қауымдастыққа мүше компанияның бірінің мысалында жұмыс берушілер қанша шығын жұмсайтынын есептеп берді. KAZENERGY есебі бойынша, 5 мың адам жұмыс жасайтын компания МӘМС жүйесіне 2%-дық мөлшерлеме бойынша 2017 жылы 713,4 млн теңге төлесе, 2020 жылы мөлшерлеме 5%-ға өсіп, 1,7 млрд теңге төлейтін болады. Осы уақыт аралығында бір адамға жұмсалатын төлемдер 128,4 мыңнан 321 мыңға дейін артпақ. Айырмашылық 4,3 есеге тең. Ал медициналық қызметтердің сапасы ауыз толтырып айтарлықтай емес.
Сонымен бірге, KAZENERGY есептеулерінше, ЕМС бойынша жұмыс беруші жыл сайын, бастысы тұрақты түрде, сақтандыру компаниясына барлығы 388,7 млн теңге жөнелтеді екен. Бір адамға шаққандағы төлем құны 70 мың теңгеге тең болып отыр. Сондықтан, есептеулерді оңтайландыру үшін де жұмыс беруші үшін ЕМС жүйесімен жұмыс жасаған тиімді болмақ. Жұмыс берушілер МӘМС жүйесіне тең төлемдер қағидасын енгізуді, сонымен бірге, ол медициналық көмекті ЕМС полистері бойынша жекеменшік клиникаларда медицина сапасын сақтай отырып көрсетуді қарастырады. Бұл қызметтер үшін төлемдердің бір бөлігін Қор есебінен, яғни әлеуметтік сақтандыру жүйесінен өтеп беруді ұсынып отыр.
Жұмыс берушілер өкілдері еңбекақысын төлеу қорынан қосымша шығындарды болдырмау үшін өзара есептерді теңестіруге шақырды. Ең бастысы, өнеркәсіптік мұнай шығаратын жерлерде, Жаңаөзен, Ақтау, Атырау қалаларындағы әлеуметтік алаңдаушылықты болдырмауға шақырып отыр, ҚМГ компаниясының өкілінің бағалауы бойынша, онда жекелеген аудандарда білікті медициналық көмек көрсететін заманауи жабдық пен медициналық ұжым жоқ.
Қазақстанның сақтандырушылар қауымдастығының (ҚСҚ) өкілі Марина Шиповалованың айтуынша, 2015 жылы сақтандыру компаниялары сақтандырылған 1,7 млн клиентке қызмет көрсету үшін қызметтердің барынша көп пакетін ұсына отырып, шамамен 20 млрд теңге жұмсаған.
М.Шиповалованың айтуынша, қарастырылып отырған заңнамалық түзетулер аясында сақтандыру нарығының ұсынысы бар. Ең алдымен, жұмыс беруші ұжымдық кіріс салығын есептеу кезіндегі ЕМС бойынша сыйақыны шегерім ретінде қарастыру ұсынысы. Бүгінгі таңда, ЕМС өнімдерін жұмыс беруші төлеп береді, ал ЕМС-ды жеке тұлға сатып ала алмайды. Екінші ұсыныс – ЕМС мен МӘМС қаржыландырылуын үйлестіру мәселесін қарау. Үшіншісі – МӘМС қызметтер пакетінің тізімін толық белгілеу. Ол анықталмайынша, жұмыс беруші, сақтандырушылар және Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің көлемі қандай болатынын және олар қанша тұратынын біле алмайды.
Тағы бір маңызды мәселе МӘМС жүйесіне Қазақстанда жұмыс жасайтын шетел азаматтарын енгізуге қатысты болып отыр. Қазақстандық жұмыс берушімен арадағы келісім-шарттарда ЕМС полисі бар әлеуметтік пакет қарастырылған. Шетелдіктер сапалы медициналық қызметке үйренген, ал заң бойынша олар сапасы «тиісті» емес қазақстандық медицина жүйесіне еніп отыр.
Мысалы, түзетулер бойынша, шетелдіктердің жүйеге міндетті енуі тек «олар үшін төленген ақы соңғы 12 күнтізбелік айдың 11 айы үшін жүзеге асса ғана» қарастырылған. Демек, медициналық қызмет алу үшін шетел маманы жүйеге 11 ай бұрын тіркелген болуы керек. Ал маманның елге келгеніне 11 ай толмаса не істеу керек? Сонда ол медициналық көмек ала алмай ма? Экспаттардың жалақысы жоғары екені белгілі. «Біз, ҚР аумағында уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар үшін жарна төлеу мәселесін қайта қарау қажет деп есептейміз. Олардың МӘМС жүйесінде болуын алып тастау немесе қатысудың басқа шарттарын қарастырған жөн. Елде көптеген еңбек мигранттары заңсыз жүр, олардың МӘМС жүйесіне ақы төлеуін бақылау мүмкін емес. Егер бұлай жалғасса, біздің қолымызда заңның жұмыс істемейтін нормасы ғана болады, болмаса біз оның қалай жұмыс жасайтынын түсінбейтін боламыз», – дейді Марина Шиповалова.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов кәсіпкерлер ұсыныстарына өз пікірін білдірді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі кәсіпкерлердің келесідей мәселелерге қатысты ұсыныстарын қолдайды:
– медициналық ассистанс-компанияларының МӘМС медициналық қызметтері мен субъектілерінің жеткізушілері ретінде қатысуы. Бұл тұста медициналық ассистанс-компаниялар Денсаулық сақтау субъектілерінен МӘМС жүйесіндегі қызметтерді сатып алу Ережелерімен бекітілген талаптарға сай болуы керек;
– тізімге МӘМС аясында медициналық қызмет көрсету үшін шарт жасауға құқығы бар жеткізушілерді, сонымен бірге Ұлттық аккредиттеу орталығымен сертификатталған меншік формасына қарамастан, медициналық ұйымдарды автоматты түрде қосу;
– электронды тендер түріндегі жеткізушілерді іріктеу процедураларын жасап шығару. Министрлік МӘМС Қоры арқылы әлеуетті жеткізушілердідің электронды реестрін қалыптастыру туралы шешім шығарды;
– ірі жұмыс берушілердің медициналық қызмет көрсетушілерді іріктеу жөніндегі комиссияға қатысуы.
Фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп пен медициналық қызметтер комитетінің төрағасы Жамболат Сәрсенов мұндай кездесулердің мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ұлт денсаулығын қамтамасыз етудегі ынтымақты жауапкершілігі шеңберіндегі маңыздылығын атап өтті.
Бизнес-қоғамдастықтың Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшылығымен кездесулері әлі де жалғасын таппақ. Оларда тарифтер, ерікті медициналық сақтандыруды дамыту, фармацевтикалық салаға қатысты өзге де мәселелер бойынша қосымша ұсыныстар қаралатын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: