«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» жас омарташының жобасын қаржыландырды

2016 жылғы 03 Маусым
- Қызылорда облысы
3044 просмотров

Қызылордада Өңірлік инвестициялық орталық арқылы «Атамекен» ҰКП бөлген 300 млн теңгенің 48 млн 255 мың теңгесіне 8 жоба қаржыландырылды.

Жобалардың бағыты әр түрлі: жылыжай немесе наубайхана ашу, еттен жасалатын жартылай фабрикаттар әзірлейтін цех ашу, бал арасы шаруашылығын дамыту, күріштің жаңа сұрыпын енгізу және тағы басқа. Жобаны жүзеге асырушы кәсіпкерлерге ортақ жайт – барлығы да ауылдық елді мекендерден, яғни «Қызылорда шағын бизнесі» жобасы ауыл тұрғындарының талпыныстарын қаржыландыруға бағытталған.

Қаржыландырылған қадамның бірі – облысқа қарасты Шиелі ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Саиднасым Сұлтанның бал арасын өсіру шаруашылығына арналған игілікті ісі.

2015 жылы оқу бітірген Саиднасым әкесіне көмек көрсетіп, бал шаруашылығымен айналыса бастайды. Істің қыр-сырын үйренгеннен кейін қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ойластырады. Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы жас кәсіпкерге «Қызылорда шағын бизнесі» жобасына қатысуға кеңес беріп, құжаттарын әзірлеуге көмек көрсетеді.

«Көңіл қуантатын жайт – қазір елімізде өз ісін бастаймын деген мен сияқты жастарға жан-жақты қолдау бар. Оған міне, өзімнің көзім жетіп отыр. Әкем екеуміздің бастамамызды Қамқоршылық кеңес қолдап, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жақында 2 млн 125 мың теңге тұратын жобамыз қаржыландырылды. Біздің жобамыз маусымдық болады. Жылына 3 рет 1 тоннаға дейін өнім жинаймыз деген жоспарымыз бар. Алып отырған несиеміз біз үшін барлық жағынан да тиімді: 7 пайызбен 5 жылға дейін. Ең бастысы, алғашқы қайтарым 6 айдан кейін басталады. Шағын, отбасылық кәсіппен айналысуға мүмкіндік берген Ұлттық кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз», - дейді Саиднасым Сұлтан.

Айта кету керек, ағымдағы жылы «Атамекен» ҰКП және облыс әкімдігі біріге отырып, «Қызылорда шағын бизнесі» жобасы аясында ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға 660 миллион теңге қаржы бөлді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер