Жаппай кәсіпкерлікті дамытуда адами капитал маңызды
Қазақстанда жыл сайын еңбек нарығына 292 275 адам қосылады
Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заң 2013 жылы 4 шілдеде қабылданды. Бұл заң арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылып, міне 4 жылға жуық қызмет атқарып келеді.
Осы жылдар ішінде «Атамекен» ҰКП заң аясында елімізде кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық қатынастарды реттеу, билік пен бизнес арасында байланыс орнатып, заңнамаларды жетілдіру, түрлі салаларға сараптамалық талдау жүргізу, кәсіпкерлікке баулу, оқыту жұмыстарын жүзеге асырды.
2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда еңбек нарығындағы маман сапасы мен саны маңызды. Сондай-ақ, маман дайындаудағы сапаның төмендігі кәсіпкерлік саладағы түйткілді мәселенің біріне айналды. Білім беру саласына талдау жасай отырып, маман дайындауда адами капиталдың сапасын арттыру мәні арта түсетінін аңғаруға болады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы билік пен бизнестің арасындағы байланысты арттыра отырып, кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғауды негізгі мақсаты ретінде ұстанып келеді. Сонымен қатар, экономиканың әрбір саласындағы білікті маман тапшылығына да ден қойып отыр.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев: «Осы 4 жыл ішінде Палата жұмысының басым бағыттарын анықтадық, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілердің құқықтары мен заңды мүддесін қорғау, бизнес ортаны жетілдіру, қаржы көздері мен инфрақұрылым, өткізу нарығын қолжетімді ету, адами капиталды дамыту, бизнесті сервистік қолдау және тағы басқа да мәселелер», – деп, негізгі бағыттарды атап өткен еді.
Осы ретте Ұлттық палата білім беру саласына талдау жасап, адами капиталды арттыру үшін қандай мәселелерді шешу керектігін анықтады.
Орта мектеп – білім мен сапаның негізі
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерге қарағанда Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 16,5% білім беру саласын дамытуға бөлінеді. ЭЫДҰ елдерінде орташа алғанда мемлекеттің шығынның 8-8,2% білім саласына арнайды. Сондай-ақ, Мексика мен Жаңа Зеландия елдерінің білім саласына бағытталатын қаржысы Қазақстаннан аз, шамамен 13,2%-ды құрайды.
Дегенмен, қаражат деңгейі жоғары болғанымен, PISA халықаралық зерттеуі еліміздегі білім саласында айтарлықтай мәселелер орын алғанын анықтады. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, қазақ тілді мектептердің психикалық даму деңгейі орыс тілді мектептермен салыстырғанда 2 жылға қалыс қалған. Елімізде 7100 орта білім беретін мектеп бар. Оның 3761-і қазақ тілді, 2045 – аралас, ал 1262 мектеп орыс тілінде білім береді.
Сонымен қатар ауылдық жердегі мектептегі психикалық даму деңгейі қала мектептерімен салыстырғанда 2 жылға кенжелеп отыр. 7 100 білім ордасының қатарындағы 5 418 мектеп ауылдық жерде орналасқан, онда 1,39 млн оқушы білім алады. Ал үздік мұғалімдер мен оқушылардың 80 пайызы мектептердің 20%-на шоғырландырылған. Мектептегі педагогикалық құрамның сапасы да әртүрлі екені осындан-ақ байқалады.
Кәсіби техникалық білім – өндірісті маманмен қамту жолы
Жұмыс берушілерді қызықтыратын салалардың бірі – кәсіби техникалық білім беру. «Атамекен» ҰКП мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып жүргізілген талдаудың нәтижесінде техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің түлектеріне сұраныс 75% құрайтыны анықталған.
Бүгінде республикада 817 колледж болса, оның ішінде 473 колледж – мемлекеттік, ал 344-і жеке меншікте жұмыс істейді. Бұлардың қатарында 389 колледж, яғни 48% дуальді білім беруді енгізуде, ал білім алушылардың 5% немесе 22 958 студент дуальді білім берумен қамтылған. Кәсіби және техникалық білім алушылардың жалпы саны 489 166 студент болса, оның ішінде 55,1 % ғана жұмысқа орналасады.
Білім беру бағдарламаларының өзектілігі маңызды факторлардың бірі ретінде қарастырылады. Бүгінде білім беру бағдарламаларын жұмыс берушіге ыңғайлап өзгерту мүмкіндігі болса да, колледждер еңбек нарығына қарай бейімделуде белсенділік танытып отырған жоқ. Сондықтан колледждерді кәсіпкерлердің сенімді басқаруына беру арқылы бұл мәселені шешуге болады.
Кәсіби техникалық білім беру саласы дуальды оқытуға ыңғайлы. Экономиканың нақты секторының колледждегі білім беру процесіне араласуы аса маңызды, кәсіпорындардың білім беру мекемелеріне талап қою тетігін қалыптастырған жөн.
Осы ретте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы колледждер мен кәсіпорындардың өзара тиімді байланысын орнату мақсатында жұмысқа орналасу негізінде колледждердің рейтингін енгізуді ұсынды. Бұл шара оқу орындарын «жұмысқа орналастыру» міндетін орындауға бағыттайды.
«Атамекен» сарапшылары елімізде мамандардың сұранысын орташа мерзім мен ұзақ мерзімге болжау жүйесі қалыптаспаған деген қорытындыға келді. Мұндай жағдайда мемлекеттік тапсырысты бөлу тиімсіз. Сондықтан, Ұлттық палата мамандарының айтуынша, жыл сайын талдау жасап, соның нәтижесін негізге ала отырып мемлекеттік тапсырысты бөлу керек.
«Бастау Бизнес» – балық емес, қармақ береді
«Атамекен» «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңның 13 бабына сәйкес экономика салаларында маман дайындау, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, білім беру, аттестаттау, сертификаттау жұмыстарын жүзеге асырады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы пилоттық жоба ретінде «Бастау Бизнес» курсын Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Ақтөбе облысының Темір ауданында және Жаңаөзен қаласында оқытты. Оқу бағдарламасы күніне 4 сағаттан жалпы 80 сағатты қамтыды. 120 сағат жеке кеңес беру сабақтарына бөлінді, яғни әр жеке сұраққа кешенді жауап берілді. Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың іскерлікке ынтасын көтеріп, жеке бизнес бастауына жақсы әсер етті. Осылайша пилоттық жобаның тиімділігінен 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына енгізілді.
2017-2021 жылдар аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 135 мың азамат кәсіпкерлік негіздерінен біліп алады әрі 27 мың бизнес субъектісі ашылады деп жоспарланған. 2017 жылы 15 мың адам білім алып, кемінде 3000 бизнес субъектісін ашу көзделген. Осы мақсатта қолға алынған оқу курсының алғашқы легінде, яғни сәуір-мамыр айларында Қазақстанның 80 ауданынан 3064 адам оқытылып, 2 229 білім алушы бизнес-жобасын қорғап, қаржы институттарына жолдама алды.
Сөз соңы...
Елімізде жыл сайын еңбек нарығына 292 275 адам қосылады. Олардың қатарындағы 21 мыңы колледж бен жоғары оқу орнына түсе алмаған оқушылар. Кәсіби біліктілігі болмағандықтан ең төменгі еңбекақы алады. Сонымен қатар, жасы 40-тан асқан 539 000 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтың тең орта білімі бар.
Осы санаттағы тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Атамекен» ҰКП «Бастау Кәсіп» жобасы аясында кәсіпорындарда оқыту сыныптарын ашуды ұсынып отыр. Сонымен қатар қысқа мерзімде маман дайындауға әрі кәсіп ашу үшін шағын несие беру мүмкіндігін «Бастау Бизнес» жобасы арқылы қолға алынады.
Қарлыға Мырзалимова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: