Көшпелі туризм – қордың қамқорлығында
Қазақстандық туроператорларды көшпелі туризм нарығында туындайтын тәуекелдерді барынша азайту мақсатында бірігуге шақырып отыр
Биыл сәуір айында Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаменті көшпелі туризм саласында азаматтар құқығын кепілдендіру жүйесінің әкімшісін анықтау үшін байқау жариялаған болатын. Бұл жүйе соңғы бірнеше жылда орын алған көшпелі туризм нарығындағы жағдайда тұрақтандыру мақсатында 2015 жылдың аяғында «Туристік қызмет туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес заңнамалық түрде іске қосылған.
Байқауға үш заңды тұлға қатысып, байқау комиссиясы отырысының қорытындылары бойынша «Туристік Қамқор» ұжымдық қоры анағұрлым жоғары балл жинаған.
Осыған байланысты, байқаудың өзге қатысушылары байқау қорытындыларын қайта қарауды сұрап, ҰКП-ға жүгінген. Олар байқаудан жарғылық құжаттарында көрсетілген қызмет түрінің сәйкес келмеуіне байланысты өтпей қалған. Сондай-ақ, «ҚР Туристік қызмет туралы» заңның 27-2-бабының 2-тармағына сәйкес «ҚР азаматтарының көшпелі туризм саласындағы құқығын кепілдендіру жүйесінің әкімшісі – қызмет түрі тек көшпелі туризм саласында Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығын кепілдендіру жүйесінің әкімшісі функцияларын жүзеге асыруды қарастыратын заңды тұлға болып табылады».
Осыған байланысты, байқаудан өтпей қалған қатысушылар құжаттары неліктен байқауға жіберілгенін түсінбей отыр. Олардың айтуынша, құжаттары бастапқыда-ақ байқауға қатыстырылмауға және байқау болмауға тиіс еді. Сондықтан олар байқау нәтижесіне шағым түсіру мақсатында ҚР ИДМ-нің Туризм индустриясы департаментіне арыз жазып, ҰКП-на өтініш жолдады.
Осы жайтқа қатысты, 19 мамыр күні ҰКП алаңында ҚР ИДМ ТИД өкілдерінің және салалық қауымдастықтар мен ірі туроператорлардың қатысуымен жедел отырыс ұйымдастырылды. Кездесу модераторы, ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, бұл жиын барлық тараптардың пікірін тыңдап, шешім қабылдау үшін ұйымдастырылып отыр. Себебі, туристік маусым басталып келеді және тұрақтылық кепілі бәріне де керек. «ҰКП, қоғамдық алаң ретінде, биылғы туристік маусымда Қазақстан азаматтарының мүддесі зардап шекпеуіне алаңдап отыр», – дейді Ю.Якупбаева.
ҚР ИДМ ТИД директорының м.а. Т.Тырмышевтің айтуынша, байқауға қатысушылардың құжаттары «ҚР Туристік қызмет туралы» заңының 27-2-бабы және Байқау өткізу ережелерін негізге ала отырып қаралған. «Критерийлерге сәйкес қатысушыларға белгілі бір баллдар қойылған және оның қорытындысы бойынша байқау жеңімпазы болып «Туристік Қамқор» ұжымдық қоры танылған. Өзге қатысушылардың құжаттары заңмен белгіленген шарттарға сай келмеген. Жүйе әкімшісі функцияларын атқарудан үміткер тұлғаның өзге қызметпен айналысуға құқы жоқ. Бұл заңда айқын көрсетілген, сондықтан бізді жекелеген қатысушыларға субъективті көзқарас танытты деп айыптау дұрыс емес. Сонымен бірге, қор қызметін бақылауға ниет білдіргендердің барлығы да қатыса алады, яғни жариялылық қамтамасыз етілген», – деп мәлімдеді ҚР ИДМ өкілі.
ҚР ҰКП Құқықтық қорғау департаментінің сарапшысы да сондай пікір айтты. Оның сөзінше, «қаралған құжаттарға сәйкес, байқауды өткізу процедурасы бойынша заң бұзушылықтар болмаған».
ҚР Туроператорлар қауымдастығының директоры Инна Рей «Туристік Қамқор» қорының жұмыс механизмі туралы айтып берді. «Өздеріңізге белгілі, жыл сайын көшпелі туризм нарығында қаржылық жанжалдар орын алып тұрады. Ұзақ уақыт талқылаудан соң, қорытынды құжаттар жасалып, көшпелі туризм саласындағы азаматтар құқығын кепілдендіру жүйесі енгізілді. Әрине, наразы болғандар жоқ емес, алайда біздің ұстанымымыз – нарық күшін біріктіріп, біздің туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кепілдікті қамтамасыз ету үшін (туроператордың қаржылық кепілдігінен басқа) барлық туроператорлар сатылған әр турөнім үшін Жүйе әкімшісінің арнайы шотына төлем төлеп отырады (бұл жағдайда қорға). Әр туроператорға жеке ену коды, ал әр турагентке жеке нөмір берілетін болады. Осылайша, турагенттер туроператордың қорға мүше немесе мүше еместігін біле алады, ал нөмір алған турист қорғалатын болады. Аталмыш құралдарды бұдан ары да жетілдіретін боламыз. Уақыт өте келе, біз қай құралдың керек, ал қайсысы керек еместігін түсінеміз. Алайда, бүгінгі күні қаржылық кепілдік – бұл туроператор деңгейінің тұрақты екендігінің көрсеткіші. Сонымен бірге, бұл жүйе енгізілгеннен кейін «қара нарық» аясы тарылатындығы да маңызды. Біз барлығын бірігуге шақырамыз, ал қор жұмысының ашықтығына күмәнмен қарайтындар оның жұмысын қадағалайтын кеңеске мүше бола алады», – деп атап өтті Инна Рей.
«Казтур» туроператорының директоры Салтанат Омарованың сөзінше, «Туристік Қамқор» қорына 10 ірі туроператор енген. «Егер 2016 жылы Түркия нарығына чартерлік рейстер арқылы барлығы 183 мың орын жоспарланып отырған болса, оның 124 500 орны қор мүшелігіндегі туроператорларға тиесілі. Бұл нарықтың үлкен бөлігі екенін түсіну қажет. Біз туроператорлардың барлығын қорға кіруге шақырамыз. Сонда көшпелі туризм нарығы толықтай бақылауда болар еді. Бізге (туроператорларға) нарықта қаржылық коллапстың болмағаны жақсы. Себебі, бұл жағдайда шығын біздің ақшамыздан өтеледі. Егер қор өз жұмысын бастамаса, тәуекелдерді кім өз мойнына алады? Кез-келген жағдайдың орын алуы мүмкін ғой, мысалы қабылдаушы тарап жағынан», – дейді С.Омарова.
ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның пікірінше, қордың жұмысын да қадағалап отыру маңызды, сол үшін қауымдастықтарды, өкілетті органдарды, ҰКП және т.б. қатыстыру арқылы Қоғамдық кеңес құру қажет.
«Kompas» туроператорының директоры Анна Загоруйко «нарықтың барлық қатысушылары қорға қызмет көрсететін әкімші өздігінен шешім қабылдамайтынын түсінуге тиіс. Сонымен бірге, барлық туроператорлар, турагенттер мен туристер ресми түрде электронды қор базасынан өтеді» деп атап көрсетті.
Инна Рейдің сөзіне сүйенсек, құрылған қор нарыққа деген сенімді қайта қалпына келтіретін қуатты құрал бола алады. «Бүгінгі күні тіпті сақтандыру компаниялары да біз кепілдендірмейінше және өз нарығымызды тәртіпке келтірмейінше, бізбен жұмыс жасаудан бас тартып отырған жоқ па? Бұл әуекомпанияларына да қатысты, туристік нарықта тұрақтылық болғаны барлығына да тиімді», – деді ол.
Туроператорлардың қорды іске қосуға қатысты туындап отырған күдіктерін «Гелиос» туроператорының директоры Айгүл Сәтжанова сейілтті. Оның сөзінше, бұған дейін ол да бұл іске күдікпен қараған, алайда кейіннен қорға мүшелікке өтудің жақсы жақтары бар екенін түсінген. «Мен ауқымды жұмыстар атқарылғанын көріп отырмын. Өзара бәсекелес туроператорлар пайдалы іс үшін бірігіп отыр. Заң қабылданды, туристік маусым басталды, сондықтан жедел түрде шара қолдануымыз қажет», – деді ол.
Қазақстандық туристік қауымдастықтың өкілі, «Eurasian Express» туроператорының директоры Наталья Жуланова қауымдастық мүшелерінің бұл мәселеге қатысты пікірін жеткізді. Оның айтуынша, қауымдастық өкілдері бұған қарсы емес, алайда олардың аталмыш қор қызметіне қатысты пікірі өзгеше. «Мысалы, банк кепілдігі мен АҚЖ кепілдендіру бойынша құны өскен төлемдер, оған қоса әрбір сатылған турөнім үшін қорға ақы төлеу – тіпті ірі туроператорлар үшін де айтарлықтай салмақ екенін айтқымыз келеді. Сондай-ақ, бұл турпакеттердің қымбаттауына әкеп соқтыруы мүмкін, ал сатылым онсыз да аз. Сонымен бірге, бізді қызықтыратыны, қорға төленетін ақымен қоса есептегенде, тур калькуляциясы қалай жүзеге аспақ, бұл төлем туралы ақпарат қайда болады? Оған қоса, біздің ҚР ИДМ ТИД-ке қоятын бірқатар сауалдарымыз бар. Байқауға даярлық кезінде кеңес беру қызметтері неліктен дұрыс ұйымдастырылмады? Егер құжаттар дұрыс даярланбаса, онда ҚТҚ неге байқауға қатысуға жіберілген? Неге ҚТҚ-ның маңызды ұсыныстарын (жекелей алғанда, қаржылық кепілдіктерге дифференциалды қадамдар механизмі қарастырылған «Қорғау» қоры) өкілетті орган қарамаған?», – деген сауалдарды алға тарты Н.Жуланова.
«Казтур» туроператорының директоры Салтанат Омарованың айтуынша, «әлемдік тәжірибеге көз салсақ, IATA-ның барлық мүшелері миллион долларға дейін банк кепілдіктерін төлейді».
«Anex-tour» ірі халықаралық туроператор директоры Эльдар Мусаоглу өз тәжірибесімен бөлісті. «Қазақстанда өз филиалымызды ашуға бел буған кезде, мен лицензия алу және туроператор жұмысын бастау осынша жеңіл және тегін екеніне сене алмадым. Біз мұның рас-өтірігін тексеру үшін тіпті заң фирмасын да жалдадық. Сондықтан, қазіргі қолданыстағы тетіктер аса қажет. Ресейде ірі туроператорлар миллион долларлық қаржылық кепілдік төлейді, алайда бүгінгі таңда механизмдер қайта жасалып, қажетті шаралар қабылданып қойды. Сондықтан, аталған қаржы құралдарының қажеті де шамалы болуы мүмкін», – деді ол.
Жиынды қорытындылай келе, ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары туындап отырған мәселелердің көбі дұрыс ақпарат берілмеуі себепті орын алғанын алға тартты. «Біздің алдымызда екі жол тұр: бірі – жұмыс жасауға шектеу қойып, туристер мен нарықты қорғанышсыз қалдыру, екіншісі – алға жылжып, жұмыс барысында барлық мәселелерді толықтай жетілдіру», – деді Юлия Якупбаева. Сонымен бірге, ол «Атамекен» ҰКП алаңында барлық өңірлерді аталмыш қордың жұмысымен таныстыруға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. «Қажет болса, банк кепілдіктері бойынша Ұлттық банкпен және өзге де банктермен бас қосамыз. Барлық Жүйе қызметінің ережелері мен Байқауды өткізу ережелерін бұдан ары жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ескертпелерді топтайтын боламыз. Жекелей алғанда, ҚР ИДМ-нің қор жұмысы сәтті болған жағдайда қаржылық кепілдіктер сомасын мүмкіндігінше азайту ұсынысын, сонымен бірге турлар калькуляциясы кезіндегі комиссиялық төлемдер мөлдірлігін қамтамасыз ету, қор қызметінің мөлдірлігін бақылау үшін Кеңес құру ұыныстарын қараймыз».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: