Атырау балықшылары Ұлттық кәсіпкерлер палатасына балық аулау мерзімін ұлғайтуға байланысты түйткілді шешіп беруді сұрады
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Атырау облысы, Құрманғазы ауданының балықшылары атынан өтініш-хат келіп түсті. Palata.kz. сайтының хабарлауынша, балықшылар өндірістік балық аулау мерзімін ұлғайтуға байланысты көмек сұрайды.
Ресеймен шекаралас жатқан «Қиғаш» өзенінде отандық балық аулаушыларға 1-мамырға дейін өндірістік мақсатта балық аулауға рұқсат берілсе, көршілес Астрахан облысының балықшылары мамырдың 25-іне дейін балық аулайды.
«Өзеннің арғы жағасындағы ресейлік балықшылар балық аулауды бізден бір ай бұрын бастап, бір ай кейін аяқтайды. Ал бізде бұл жұмысты ертерек бастауға рұқсат жоқ. Балық аулауға арнайы рұқсат беретін жалғыз орган - Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің, Балық шаруашылығы Комитеті. Бұл мәселенің туындағанына 10 жыл уақыт өтті. Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы осы түйткілді біздің есебімізге шешіп береді деген ниетпен, өздеріңізден көмек сұрағалы отырмыз», - дейді «Каспий балық» кооперативінің атқарушы директоры Жұмажан Шакупов. Оның айтуынша, Қиғаш өзенінің Қазақ еліне тиесілі жағасында Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты алты ауылдық округ орналасқан. Онда 12-13 мың тұрады. Жергілікті тұрғындардың балық аулаудан басқа табар нәпәқасы жоқ.
«Бізде тұрақты түрде 500-ге жуық жұмыс жасайды. Балық аулау маусымы кезінде жұмысшылар саны екі мыңға жетеді. Балықшылар бір жылда шамамен 4 тонна балықтың арнайы түрін аулайды», -дейді кооперативтің атқарушы директоры.
Жуырда балықшылар осы түйткілді шешіп беруді сұрап, Атырау атынан сайлауға түскен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновқа өтініш айтқанды.
«Шекаралас жатқан Қиғаш өзенінен балық аулау мерзіміне байланысты дау туындап отыр. Мәселен, Ресей Федерациясы өз азаматтарына Қиғашта 25 – мамырға дейін балық аулауға заңды түрде рұқсат етеді. Ал Қазақстан Үкіметінің қаулысы бойынша, отандық балық аулаушылар 1-мамырға дейін ғана балық аулауға рұқсат алған. Яғни, 25 күндей айырмашылық бар», - дейді депутат.
Сенатор Еңсегеновтың айтуынша, ол Астраханда Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып қайтыпты. Ондағы ғалымдар сенаторға институт қорытындысын ұсынады. Олардың ғылыми есебі бойынша, Қиғаш өзенінде балық сәуір айының соңында ғана шыға бастайды. Ал балықтың жаппай ағылатын уақыты мамырдың ортасы екен. Ғалымдар осы негізге сүйене отырып, Қиғаш өзенінен балық аулаушыларға 25 мамырға дейін балық аулауға рұқсат бергені сол екен. Ал Құрманғазы ауданына қарасты өндірістік кооператив-терінің 80 пайызы балықты осы өзеннен аулайды. Қазақстан тарапынан заңды рұқсаттың болмауынан, отандық балық аулаушылар шығынға ұшырап отыр.
«Өткен жылы бір ғана өндірістік кооператив бюджетке 17 млн теңге көлемінде салық төледі. Сондай-ақ, табиғатты пайдаланушы ретінде, мемлекеттік қазынаға қосымша 27 миллион теңге тағы қосты. Егер осы көктемде өндірістік балық аулау мерімін тағы 25 күнге созар болса, онда өнім көлемі ұлғайып, балықшылардың жалақысы өсер еді. Бұл бюджетке қосымша түсер табысты ұлғайтып, халық өзін-өзі жұмыспен қамтыр еді. Менің ойымша, бұл мәселе жоғары деңгейде шешілуі тиіс. 11 жылдық тарихы бар Астрахандағы Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары, мамырдың 25-не дейін балық аулау - балықтың биологиялық қорына ешқандай зиян тиігзбейтіні туралы қорытынды берді. Астанаға келген бойда, Бас Прокуратура, ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі мен Үкіметке ресми сауал жолдаймын», - деп мәлімдеді Сәрсенбай Еңсегенов.
Қазір атыраулық кәсіпкерлердің үндеуі ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі Кеңеске жолданды.
ҚР ҰКП сарапшылары жақын уақытта осы түткілді жан-жақты зерттей отырып, қажетті шаралар қабылдайтын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: