«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

KazBrand ұлттық реалити-байқауының финалы: Алматыда елдің үздік брендтері таңдалды

2025 жылғы 24 Қараша
696 просмотров

Алматыда кәсіпкерлік, батыл шешімдер мен идеяларды нақты брендке айналдыруға бағытталған ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба – KazBrand реалити-байқауының финалы өтті. Жобаны Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы (ОАФҚ) «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Respublica» партиясының қолдауымен ұйымдастырды.

Байқау көпшіліктің ерекше қызығушылығын оятты: жалпы 1100 адам тіркеліп, олардың 330-ы алдын ала іріктеуден өтті, 80 қатысушы анкета тапсырды, ал финалға 33 үздік кәсіпкер жолдама алды. Олар – еліміздің түрлі өңірлерінен келіп, франчайзинг арқылы өз бизнесін кеңейтуді мақсат еткен кәсіпкерлер.

Қазылар құрамына белгілі кәсіпкерлер, салалық сарапшылар, депутаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Ал қазылар алқасына «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов төрағалық етті.

ОАФҚ төрайымы Гүлбану Майғарина қатысушыларды құттықтап, конкурстың франчайзинг пен жалпы кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды рөлін атап өтті:

«KazBrand – жай ғана байқау емес. Бұл – идеясына сенетін, жаңа дүние жасайтын және бизнестің ережесін қайта жазатын адамдардың жолы. Бүгін мұнда қазақстандық бизнестің болашағын құратын – батыл, жүйелі, танымал болуға ұмтылған жандар жиналды» деді ол.

Ол бүгінде Қазақстанда 2,3 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар екенін, ал 30 мыңға жуық компанияның франшиза бойынша жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Майғаринаның айтуынша, франчайзинг – кәсіпкерлерге жылдам әрі сенімді түрде дамуға мүмкіндік беретін тиімді жол.

«Байқаудың төрт жеңімпазына құны 7 миллион теңгеден басталатын франшиза пакеті, бір жылдық сүйемелдеу, даму стратегиясы, франшизаны сатудағы көмек, маркетингтік және заңгерлік қолдау ұсынылады», – деді ол.

 Жоба серіктестері де байқауды қолдап, KazBrand жаңа ұлттық брендтердің бастау алатын алаңына айналатынына сенім білдірді. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов: «KazBrand реалити-байқауының финалы – Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтардың нақты көрінісі: кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және ұлттық брендтердің өсуі. Ең мықтылар жеңіске жетсін!», – деді.

«Respublica» партиясынан Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов:

«KazBrand сияқты ауқымды жобаны жасау және өткізу – үлкен жауапкершілік. Мұның артында қыруар еңбек, отандық кәсіпкерлерге деген сенім және әрбір азаматқа өзін көрсетуге мүмкіндік беру ниеті тұр. Мұндай бастамалар – еркін ойлайтын, жауапкершілігі жоғары әрі жасампаз жаңа қазақстандық бизнестің қалыптасуына жол ашады», – деп атап өтті депутат.

Финалистер өз жобаларын өндіріс, ритейл, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану бағыттары бойынша таныстырды. Әр кәсіпкер өз бизнес-моделін ұсынып, қазылар сұрақтарына жауап берді және кәсіби бағаларын алды.

Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздардың есімдері белгілі болды:

  • Тасқын Мырза, MYRZA BRAND (Өндіріс санаты);
  • Qorzhyn (Ритейл);
  • Әділет Серікұлы, SHOQ WEST (Қоғамдық тамақтану);
  • Екатерина Герасимова, «Детские сады Зайка» (Қызмет көрсету).

Олар толық дайын франшиза әзірлеу қызметін және KazBrand командасының бір жылдық сүйемелдеуін жеңіп алды. Ал арнайы номинациялардың лауреаттары Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығына тегін мүше болу мүмкіндігіне ие болды.

Арнайы номинация иегерлері: «Үздік идея» – Евгений Воронин (MagicStick электроэпиляция студиясы); «Үздік өнім» – Бағлан Анкауов (Arlan Design компаниясы); «Үздік презентация» – Рада Аубакирова (Qasietti шығармашылық орталығы) және Әлихан Рахмет (PIZZA 500 TENGE).

Жабылу рәсімінде Гүлбану Майғарина қатысушылар мен серіктестерге алғысын білдірді:

«KazBrand – шынайы ынтасымен жасалған брендтер дүниеге келетін бірегей алаң. Өз идеясына сенетін, әрдайым алға ұмтылатын және айналасына шабыт сыйлайтын әр адамға рахмет айтамын. Сіздердің еңбектеріңіз Қазақстанды жарқын әрі қуатты етеді. Серіктестерімізге алғыс білдіремін! Баршаңызға табыс, жаңа жетістік және сәттілік тілеймін!», -  деді ол.

Іс-шараға қатысушылар мен қонақтар KazBrand реалити-байқауын еліміздегі үздік бизнес-идеялармен танысуға, тәжірибе бөлісуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей платформа ретінде бағалады. Байқаудың финалы елдегі кәсіпкерліктің дамуына деген сенім, жасампаздық және жаңашылдық рухын біріктірген маңызды оқиға болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174