«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес негіздері мектеп бағдарламасында

2016 жылғы 15 Сәуір
- Қызылорда облысы
7732 просмотров

Қызылордалық оқушылар бизнестің қыр-сырын мектеп қабырғасында меңгере бастады. Өскелең жасты нарыққа бейімдеуді көздейтін жоба жеміссіз емес. Талабы бар оқушылардың тың идеяларына түрткі болған тиімді тұстары да бар. «Кәсіпкерлік негіздері» пәні еліміз бойынша алғаш рет әзірге Қызылордада бастау алып отыр.

«Кәсіпкерлік негіздері» пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының 2014 жылы бастаған бастамасы себеп болған болатын. Пәнді оқытудың да әдісі ерекше. Яғни қазірден-ақ кәсіпкерлікке ден қойған оқушылар өз жобаларын мектеп қабырғасында жүріп әзірлейді, кәсіп бастаудың алғышарттарын жүйелі жоспарлауды үйренеді. Қанша қаржы керек, шикізаттың қоры, еңбек қолы, өндіріске керек технология түрін зерделеу мүмкіндіктері бар. Осылайша оқушылардың бизнеске икемділігі «Кәсіпкерлік негіздері» пәні арқылы ашылады. Білім алушылар сабақ үстінде фирма құрып, табыс табу тәсілдерін ойын түрінде талқылайды.

«Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша сабақ көбіне модельдік ойындар түрінде өтеді. Теориямен бірге практика ұштастыра жүргізіледі. Нәтижесі жаман емес. Мәселен, мектеп-гимназияның 11-сынып оқушылары Аружан Алтынбек пен Арайлым Алпар Республикалық ғылыми жобалар байқауында биыл тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.  Сонымен қатар, оқушылар сабақ барысында облысқа танымал кәсіпкерлермен кездесіп, өз сауалдарын қойып сұқбаттасып тұрады. Жуырда балалар кәсіпкер Ғалымбек Жақсылықұлымен кездескен болатын», - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған «SANA Eurasia» әлеуметтік бастамалар мен жастар кәсіпкерлігін дамыту ҚҚ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Ботагөз Жүсіп.

«Экономикалық білім - бүгінгі таңдағы  оқушылардың экономикалық мәдениеті мен ойлауын дамытуға қажетті  білімдердің ерекше жаңа аймағы. Ол жастардың болашақтағы мамандығына керекті біліктілікке баулитын негізгі шарт болып табылады. Бұл пән мектептегі  басқа пәндермен бірдей құқыққа  ие болды, себебі, бүгінгі  таңда  жастарға қажетті  кейбір білім мен дағдыларды, мысалы, кәсіпкерлік  қызмет пен қаржыны басқара білуге тек экономика пәні ғана оқытады. Басқа ешбір пән айналадағы болып жатқан өзгерістердің экономикалық мәнін ұғындырып, оқушыларды тиімді экономикалық шешімдерді қабылдауға үйрете алмайды. Өз әрекеттеріне  жауаптылықпен қарап, экономикалық категориямен ойлап, бизнесті бастауды және жетілдіруді қазірден ойлап, өз тағдырының шын қожасы  болуға - «Кәсіпкерлік негіздері»  пәні оқытады», - дейді Қызылорда қаласындағы Н. Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының технология және қолданбалы экономика пәнінің мұғалімі Сәуле Шайсламова.

Сәуле Құрманбекқызының айтуынша, орта мектепке арналған «Кәсіпкерлік негіздері» пәні өз өмірінде мектепті бітірген соң да, кейбір нақты  жағдайларда қолдана алатын экономикалық негізгі заңдар мен ұғымдарды  игере алатындай болуы керек. Мектепте экономикалық білім алған  балалар өмірде үнемі туындап отыратын экономикалық проблемаларға түсіністікпен  қарап, оларды шешуге дайын  болуы керек. Мектепте экономикалық білім беру біздің еліміздегі экономикалық жүйеге сәйкес негізгі  экономикалық концепцияны оқып үйренуге бағытталуы керек. Мұндай бағыт экономикалық білім алып, ашық қоғамда  өмір сүретін біздің балаларымыздың шетелдік құрдастары білім алатын заманауи  мектептерінің  концепциясына да сай келеді.

Расында, бұған дейін жастарға кәсіпкерліктің қыр-сырын талдап тұрып түсіндіретін мұндай мүмкіндіктер жоқтың қасы еді. Қазірде табысты іс бастаған аға буынның көбі өмірлік тәжірибиеге сүйенгені сөзсіз. Ал жастарды мектеп қабырғасыннан-ақ бизнеске биімдеудің тың бастамасы – кемел келешектің кепілі десек артық айтпаймыз. Алдағы уақытта бұл жобаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алып, қажеттілігіне орай республикамыздың барлық мектептеріне енгізуді мақсат етіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер