«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкер өмірін жеңілдеткен заң

2016 жылғы 15 Сәуір
7895 просмотров

Рұқсаттарды қысқарту биылдың өзінде кәсіпкерлерге 500 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік бермек

Биылғы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат құжаттарын қысқарту және рұқсат беру процедуралын жеңілдету мәселелері жөнінде  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаны белгілі.

Бұл заң «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тікелей қатысуымен жасалған еді.

ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміровтың айтуынша, заң рұқсаттарды азайтуға, бизнестің дамуына кері әсерін тигізген нормаларды жеңілдетуге және Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі орнын жақсартуға бағытталған. «Заңның негізгі мақсаты – бизнеске көрсетілетін әкімшілік қысымды қайталанатын және артық рұқсаттарды алып тастау арқылы азайтып, оларды ескертпе тәртібіне алмастыру мен рұқсат проецедураларын оңтайландыру болып саналады», – деп түсіндірді ол.

Жаңа заң кәсіпкер үшін несімен пайдалы? ҰКП өкілінің айтуынша, бірінші кезекте әкімшілік кедергілер жойылды.

«Қазақстанда заң қабылданған соң, 153 рұқсат алынып тасталған. Рұқсат процедураларын қысқарту құрылыс, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, қаржы қызметтері, көлік тасымалы салаларындағы кәсіпкерлерге салынатын жүктемені азайтар еді», – деді  Ербол Өстеміров.

Мәселен, субъектінің өзге саладағы табиғи монополияны жүзеге асыруға келісім алуы, жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне алу, заңды тұлғалардың сүймен мен қара және түсті металл қалдықтарын жинау (даярлау), сақтау, қайта өңдеу және сату қызметін жүзеге асыру үшін лицензия алу, халықаралық  техникалық байқау сертификатын алу, көлік құралдарына сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру үшін рұқсат алу секілді процедуралар қысқартылмақ.

«Рұқсаттардың айтарлықтай көп бөлігінің қысқартылуы және оларды алу процедураларының жеңілдеуі бизнестегі қаржылық шығындарды азайтуға септігін тигізбек, мәселен шығындарды азайту есебінен 2016 жылы 467млн 633,2 мың теңге;  2017 жылы 500 358,3 мың теңге; 2018 жылы 535 383,5 мың теңге үнемделеді», – деді Палата департаментінің директоры Республикалық бюджеттік комиссия ұсынған деректерді келтіре отырып.

Сонымен бірге, заңды қабылдау арқылы бизнестің дамуына кері әсерін тигізген нормаларды жеңілдетуге мүмкіндік туады. Мәселен, жер телімдерін алу. «Заң қабылданғанға дейін жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері толық жоспарлау жобалары (бұдан ары – ТЖЖ) болмаған жағдайда жер телімін алуға рұқсат бермеу құқығына ие болған. Сонымен бірге жекелеген тұлғаларға ТЖЖ болмаған немесе сәйкесінше жасалмаған жағдайларда жер телімдері беріліп отырған. Мұндай деректер ҰКП-ның бастамасымен жүзеге асқан Қарағанды, Балқаш, ШҚО, ОҚО әкімдіктерін прокурорлық тексерістен өткізу шарасы барысында анықталған болатын», – деп айтып берді Өстеміров.

Мысал ретінде ол 2013-2014 жылдары 121 жер телімінің 90-ын ТЖЖ болмаса да немесе сәйкес жасалмаса да, тек жоба нобайларды ғана негізге ала отырып берген Қарағанды қ. әкімдігін келтірді.

«Атамекен» өкілінің пікірінше, ҚР Жер кодексіне енген түзетулер кәсіпкерлердің жер телімін алу кезіндегі жоғарыда айтылған әкімшілік кедергілерді жоюды қарастырады.

«Енгізілген түзетулер жергілікті атқарушы органдар тарапынан жемқорлықтың орын алу қаупін төмендетіп, кәсіпкерлерге құрылыс үшін қажетті жер телімін алуға немесе пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, бекітілген ТЖЖ болмаған жағдайда кәсіпкерлер жер телімдерін елді мекендердің бас жоспарына сәйкес ала алатын болады», – деп түсіндірді ҰКП.

Сонымен бірге, заңға кей жетілдіре жасалмаған тұстар мен қайшылықтарды жоятын түзетулер де енгізілген. Жекелей алғанда, жарнама саласындағы заңнамалық кемшіліктерге қатысты түзету енді. Себебі, осы кемшіліктер салдарынан Қазақстанда ЖҚБ аумағында ақпараттық табло орнатқаны үшін төлем төлеуге қатысты сот даулары көп болған еді. Жанармай құю бекеттері қожайындарының айтуынша, ЖҚБ стеласындағы бұл таблолар жарнама емес, тек сол салық органының өзі бекіткен талап болып саналады. Сондықтан да олар бұл табло үшін төлем төлемеуі тиіс. Бұл мәселе төңірегіндегі дау бірнеше рет сотпен аяқталып, кейде кәсіпкерлер тарапы қанағаттандырылған кездер де болған. Енді ЖҚБ ақпараттық таблолар заң жүзінде жарнамаға жатқызылмайтын болды.

Заңда Қазақстанның «Doing Business» рейтінгіндегі орнын жақсарту мәселелері қарастырылған. «Салық салу» индикаторын жақсарту мақсатында Салық кодексіне ҚҚС-ты қайтару мерзімін 180-нен 155 күнге дейін азайтуды қарастыратын өзгерістер енгізілді. Жылжымайтын мүлікке ие болу құқығын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті ұсыну кезінде қолайлы жағдайлар жасау мақсатында тіркеудің барлық түрлері үшін тіркеу мерзімін 5-тен 3 жұмыс күніне дейін қысқарту туралы нормалар қабылданды. Сонымен бірге, 1 күн ішіндегі мерзімде электронды тіркеу жөнінде нақтыланған түзету де қарастырылған», – деп хабарлады Ербол Өстеміров. Сондай-ақ оның мәлімдеуінше, «Төлеуге қабілетсіздік рұқсаты», «Несие алу» және «Миноритарлы инвесторларды қорғау» индикаторлары бойынша ҚР-ның алатын орнын жақсартуды қарастыратын түзетулер де енген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер