«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жаңа салық автомобиль өндірісін шығынға батыруда

2016 жылғы 13 Сәуір
9089 просмотров

Мәжіліс Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді рәсімдеу тәртібін жедел түрде қайта қарауға шақырып отыр

Бүгінде қазақстандық автокөлік құрастыру кәсіпорындарының қоймасында шамамен 4,5 мың жаңа автокөлік өтпей тұр. Мәжілістің бүгінгі пленарлық отырысында депутат Азат Перуашев осы деректерді келтіріп, Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Инвестициялар мен даму министрі Асет Исекешевке сауал жолдады. Автоқоймалардың бұлайша толып қалуының себебі 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген көлікті алғаш тіркегені үшін салынатын салыққа байланысты.

«Бізге отандық автоөндірушілер туындаған «парадоксальды» жағдайды айтып жүгінуде. Бастапқыда қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған бұл шара іс жүзінде олардың мүддесінің аяққа тапталу дерегін тудырып отыр», – деді Перуашев.

Мәжілісменнің айтуынша, «өкілетті мемлекеттік органның бастамасымен Салықтық кодекске енгізілген өзгерістер шыққанына бір жылдан асып кеткен автокөлік құралдарын тіркеу үшін алымдар тағайындауды қарастырады».

«Алайда жоғарыда айтылған кодексте күнтізбелік жыл қолданылғандықтан, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен жылдың 31 желтоқсанында, яғни бірнеше күн бұрын ғана шығарылған машиналар шыққанына бір жыл болған деп есептеледі. Ал оларды есепке қою үшін сатып алушы қосымша алым төлеуі тиіс», – деп түсіндірді Перуашев.

Мәселен, 2015 жылдың желтоқсанында конвейерден жаңа шыққан жеңіл автокөлік үшін қабылданған нормаларға сай 2016 жылдың қаңтарында бір жыл бұрын шыққан автокөліктерге төленетін 50 АЕК көлеміндегі алым төлеуге міндеттейді. Анықтама үшін: 2016 жылы 1 АЕК – 22 859 теңге. Яғни мұндай жеңіл көлікті сатып алсаң қосымша шығын 105 мыңнан да асып кетеді.

Салық жүйесіндегі бұл жаңалық даярлаушы зауытта шығарылған ШОБ-ке арналған шағын тонналық коммерциялық техникалар, автобустар мен троллейбустарды қосқанда жүк автокөліктеріне де қатысты болып отыр. 2016 жылдың қаңтар айында зауыттардан 2015 жылдың желтоқсанында шыққан көлікті рәсімдеу үшін 240 АЕК кеткен. Яғни, тіркеуге кеткен шығындар жарты миллион теңгеден де асып  кеткен дейді Перуашев.

Депутаттың айтуынша, нәтижесінде сатып алушылар жаңа автокөлік құралдарын алудан бас тарта бастаған. «Салықтық кодекстегі аталған норманы қалдырсақ бұл тенденция қарқын ала түсетіні айдан анық. Өндірушілер үшін сатылмаған тауарлардың қоймада қалып қоюы тұрақтана түседі, ол айналымнан шығып, айналымдық қаражаттың тоқтап қалу қаупі төніп отыр», – деп болжады депутат.

«Қазақстан автобизнес қауымдастығының деректері бойынша, бүгінгі күні қоймалардағы 2015 жылдың соңында шығарылған құны 27 миллиард теңгеден кем емес тек қана коммерциялық техника саны 4,5 мыңнан асады. Жеңіл автокөліктерді есепке алар болсақ, бұл сома бір жарым-екі есеге дейін артуы мүмкін. Бұл қаражат кәсіпорын айналымынан шығып қалды, сәйкесінше бюджет те айтарлықтай кірістен қағылып отыр», – деп мәлімдеді депутат.

Осыған байланысты «Ақ жол» парламент фракциясының депутаттары Үкіметтен туындаған мәселені шешуді сұрап, «Салықтық кодекстің 456- бабының 6,4-тармағын өзгертуге атсалысуға» шақырып отыр. Депутаттардың пікірінше, жаңа авто көлік құралдарын алғаш рет тіркеуге қою үшін төленетін алым екі жыл бұрын шығарылған техника үшін салынуы тиіс және сәйкесінше шыққанына екі және одан да көп жыл толған автомобильдер құны да артуы қажет.

Егер проблема шешілмеген жағдайда «автокөлік құралдарын өндірушілер әр жылдың соңында өз қызметін тоқтата тұруға» және «қызметкерлер мен айналымдар көлемін қысқартуға» мәжбүр болады деген болжам келтірді Азат Перуашев.

«Кәсіпорындардың тұрақсыздығы және олардың айналымдарының кемуі бюджетке келіп түсетін салық көлеміне де әсерін тигізбей қоймайды. Бұдан жоғарыда айтылған себептер бойынша кіріс мөлшерінің азаюын болжауға болады. Жақсы болар деп сеніп едік, үмітіміз ақталмады», – деп сөзін түйіндеді Азат Перуашев.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер