«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандағы мектеп формасының түсі бірыңғай болады

2016 жылғы 05 Сәуір
16183 просмотров

Астанада мектеп формасының бірінші республикалық форумы өтті

«Атамекен» ҚР ҰКП мен Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы ұйымдастырған шарада 18 отандық өндіруші ұсынған мектеп формалары талқыға салынды. Балалар мектеп формаларын киіп шығып, көрсетті. Шараға қатысқан мектеп директорлары, ата-аналар комитетінің өкілдері, білім басқармасының өкілдері форманың сапасы мен сыртқы безендірілуін көзбе-көз көре алды.

Форумда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, ҚР Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өнеркәсіп комитетінің төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев қатысты.

Білім министрі форумды ашып, көрсетілген киім үлгісі ата-аналар мен педагогтар арасында ілтипатқа ие болғанын атап айтты. «Ата-аналар киім үлгісі оқушының сыртқы әлпетін түзейді, тәртіпке бағындырады, жұмыс ортасының түзілуіне септігін тигізеді дейді. Форманы киіп көрген оқушылар жеке қасиеттеріне  ешбір кедергі келтірмейтінін, өз мектебі үшін мақтаныш сыйлайтынын айтты», – деді ол өз сөзінде.

Министрдің айтуынша, әр бала әдемі, сүйкімді болғысы келеді, әсіресе қыз балалар, сондықтан мектеп формасының эстетикалық безіндірілуін ұмытпау керек. «Мектеп формасы қандай болсын дегенді таңдау – білім басқармасы мен ата-ананың қолында. Біздіңше, әр мектептің өзгешелігі бар. Десекте, ол ортақ тәртіпке бағынып, ортақ стильден көп ауытқымауы керек. Форма зайырлы үлгіде болуы шарт. Балаларға дұрыс дресс-код киюді үйретуіміз қажет. Өйткені, келешекте бәрібір осындай нәрсемен бетпе бет келетіні ақиқат қой», – деп Сағадиев шегелеп айтты.

Форум аясында мектеп формасын тігетін отандық өндірушілер мемлекеттік мектептердегі киім түсін бір қалыпты ету керек деген ұсыныс тастады. «Егер осы мәселені мектеп директорлары, ата-аналармен келіссеңіздер, министрлік қолдауға әзір», – деді министр. 

Қазақстанда балаларға арналған нарық тұтастай алғанда импорттық тауарлармен толып тұр деді Тимур Нұрашев. «Сондықтан баланың мектеп формасының сапасы алаңдатып отыр. Бүгінгі форум отандық өндірушілер сапалы мектеп формасымен барлық оқушыны қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Бұған қарамастан тапсырыстың басым бөлігі Қытай мен Түркияға кетіп жатыр. Жыл сайынғы мектеп формасын сату нарығы – 30 млрд теңгені құрайды. Форманы сырттан алуымыздың өзінен қазынаға ҚҚС ретінде 4 млрд теңге пайда түседі. Осы мәселеге қатысты біздің министрлік Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алу ұсынысын қолдайды», – деді ол.

Бүгінгі таңда мектеп формасын сату нарығында отандық өндірушілер үлесі небары 7% дегенді Нұржан Әлтаев тиянақтады. Оның айтуынша, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 50% жеткізу көзделіп отыр. 

«Былтыр біз Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұлттық компаниялары 9 трлн соманың әр түрлі өнімдерін сырттан сатып алатынын зерттеген едік. Бұл өте қомақты ақша. Бұл қаржы отандық өндірушіні қолдауға жұмсалу мүмкіндігі бар еді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мақсаты өз қаржымызды ел ішінде жұмсауға ықпал ету. Сонда ғана әлеуметтік тиімділік орын ала бастайды. Жұмыс орындары, зейнетақы, жалақыға әсері болады», – деп атап өтті өз сөзінде «Атамекеннің» өкілі.

Әлтаевтың айтуынша, бүгінде қазақстандықтар отандық өндірушілер туралы көбірек сұрастыратын болған. «Дәл қазір өзім де қазақстандық «Glasman» компаниясының костюмі мен қарағандылық туфлимен жүрмін. Біздің киімдеріміз шетелдікінен кем түспейді», – деді ол.

Білім министрі ата-аналарға, мектеп директорларына, аудандық, облыстық басқармаларға ең алдымен отандық өндірушінің киіміне назар аударуын тапсырамыз деп атап өтті.

Бұл форумның маңызы туралы Любовь Худова да атап айтты. «Бүгін бірінші рет мектеп формасы республикалық мәселе ретінде көтеріліп отыр. Мәселе осылай көтерілсе ғана шешімін таппақ. Қазақстанда мектеп формасын тіге алатын отандық өндірушілердің әлеуеті жеткілікті. Ақпан айында білім және ғылым министрі жаңа бұйрық шығарды. Онда мектеп формасына қатысты талаптар нақтыланды. Біз бұл бұйрықты 7 жыл күткен едік. Күткеніміз орындалды. Біз жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер