Жалғыздың үні шықпас
Қостанай облысында ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін тіркеу белсенді жүруде
Жыл басынан бері бір ғана Федоровск ауданының өзінде бес жаңа өндірістік кооператив құрылды.
Солардың бірі – Пешков ауылында. Мұндағы жеке қоныстың өзі тұрғындардың негізгі табыс көзіне айналып отыр. Олег Марховскийге бірлестіктің пайдалары туралы айтылғанда, ол көп ойлана қойған жоқ. Соңғы жылдары ірі қара малды асыл тұқымдандыру әлеуеті біршама әлсіреп, тұрғындардың еттен пайда көретіндей жағдайы болмай қалды. Тұқым сапасын арттыру үшін бұқалар қажет, ал жекелеген отбасылардың бұқа сатып аларлық қомақты қаржаты жоқ.
«Бұқа 300-ден 600 мың теңгеге дейін бағаланады, оған алдын ала төлеуді қосыңыз. Мұндай қаражатты қайдан аламыз? Біз ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктік, енді мемлекет төрт бірдей бұқа сатып алуға қаржы береді, әр басқа 154 мың теңгеден. Ал шілде айында әр бас үшін субсидия аламыз, яғни қаржылық мәселені де шешіп, тұқымдық сапаны да арттырамыз, әйтпесе жергілікті тұқым баяғыда ұсақтанып кетті», – дейді жаңадан құрылған «Кировский1» АӨК-нің жаңа төрағасы Олег Марховский.
«Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұған дейін мұндай бірнеше заң болған, бірақ олар шаруалардың мәселелерін толықтай шеше алған емес. Ал жаңа заңда барлық ерекшеліктер қарастырылған, бірлестіктердің жұмысы реттеліп, бұған дейін кәсіпкерлердің алдынан көлденең шығып отырған кедергілер жойылады.
«Бірлесу арқылы ауыл тұрғындарының қаражатқа қолы жетеді. Егер ірі қараны арастыратын болсақ, бізде облыс бойынша мал басының 60 пайыздайы жеке секторға тиесілі және де бұрындары жеке тұлғалар қолдауды пайдалана алмайтын. Енді олар асыл тұқымды мал сатып алу, ет пен сүт өткізу үшін субсидияға иек арта алады», – дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Кукоба.
Бір жағынан өңір тұрғындарының белсенділігі осымен түсіндіріледі. Бүгінгі таңда Қостанай облысында басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 59 кооператив тіркелген. Оған 70 шағын шаруашылықтың басын біріктіріп отырған өсімдік шаруашылығымен айналысатын ірі кооперативті қосыңыз.
Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құруға тілек білдірушілерге Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында көмек көрсетіледі. Мамандар заңдық мәселелер бойынша кеңес беріп, құрылтай құжаттарын жинауға көмектеседі, қажет жағдайда тіркеу процесінде де жәрдем береді. Апта сайын өтініштер саны артып келеді.
«Жалпы алғанда, жеке шаруасын дөңгелетіп отырған тұрғындар мен шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп, мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсету Қазақстандағы осы саланың дамуына жаңа серпін береді және шетелдік нарыққа шығуды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Қазір Палатада өнімді шығару мәселелері қарастырылуда. Ресейдің шекарамен шектес өңірлерінен ұсыныстар түсуде, Қытай тарапынан да қызығушылық танытылуда. Яғни, тұрғындарға өнімді өндіріп қана қоймай, сонымен қатар, оны сатуға да көмектесу үшін кластерлік тәсіл пысықталуда», – деп атап өтті Геннадий Кукоба.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: