«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

20 жылдық тарихы бар даудың күрмеуін кім шешеді?

2016 жылғы 10 Наурыз
2911 просмотров

Құзырлы органдардың жауапсыздығынан «ПКО – Құлжа» ЖШС директоры Аманқұл Нысанбаев ұзақ жылдар бойы әуре-сарсаңға түсіп келеді

Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өтінішпен келген әрбір кәсіпкердің мәселесі назардан тыс қалмайды. Бұлай дейтін себебіміз – «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысында кәсіпкер Аманқұл Нысанбаевтың талай жылдан бері шешілмей келе жатқан жанжалды сот дауы қаралды.

Ол 1996 жылы «ПКО – Құлжа» ЖШС қытайлық «Сиюй» фирмасына мақта талшықтарын жеткізумен айналысқан. «Сиюй» фирмасы жүк құнын толық төлемеуіне байланысты Аманқұл Нысанбаев басқаратын компания Достық стансасында екі вагон жүкті басқа фирмаға рәсімдеу мақсатымен жібермей тоқтатып қойған. Бұл жөнінде Алматы қаласындағы Достық стансасының лауазымды тұлғалары хабардар болыпты. Дегенмен стансаның лауазымды тұлғалары меншік иесінің рұқсатын күтпестен қалған жүкті Қытайға аттандырады.

«Менің екі ренішім бар. Өзім ауыл шаруашылығының адамымын. Менің келісімімсіз жіберілген мақта талшықтарын Қытайға іздеп барғанмын. Әділдік іздеп жүріп Аспан асты елінде алты ай тұтқында болдым. Себебі, «Сиюйде» менің қаржыны алғаным туралы қолхат бар көрінеді. Сөйтсем, Достық стансасының лауазымды тұлғалары екі вагон үшін қытайлық аталмыш компаниядан 150 000 және 387 800 доллар ақша алған екен. Елімізге аман-есен оралып, Алматыдағы көлік прокуратураcына арыздандым. Олар мені қорғаудың орнына «ПКО – Құлжа» мақтаны жеткізуші емес, ол – делдал ұйым. Ал жеткізуші өзбекстандық компания» деп шешім шығарып, істі 12 жылға қысқартып тастады», – дейді А.Нысанбаев.

Алматы қалалық сотына да бірнеше рет шағымданған. Бастапқыда олар Алматыдағы көлік прокуратурасына жазылған талап-арыздың араға алты ай салып қана жасалғанын, яғни мерзімнің тиісті екі айдан асып кеткендігін алға тартып арызданушының талап-арызын қанағаттандырудан бас тартады. Оның үстіне осы уақытқа дейін Алматыдағы көлік прокуратурасынан бірде-бір жауап келмеген. «Соған қарамастан әлгі қолхаттың жалған екенін, онан соң мақта талшықтарын жеткізуші ұйымның Өзбекстанның «Агрохизмет» компаниясы емес, «ПКО – Құлжа» болғанын дәлелдедім», – дейді жасы 80-ге таяған кәсіпкер.

Достық стансасы қызметкерлерінің әрекетінен қылмыстық құрамды анықтай алмаған Көліктегі шығыс ішкі істер басқармасы істі тоқтатады. Ал жеткізуші ұйымның «ПКО – Құлжа» екендігін Бас көлік прокуратурасы 2012 жылдың 16 шілдесінде растағанымен, сот актісін қайта қарау туралы арыздың берілген күнін нақтыламайды. Бұл іс Алматы қалалық сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сотында да, Алматы қаласының кассациялық сотында да шешімін таппаған. Себебі арызданушының жүрегіне операция жасалуына байланысты кассациялық инстанция отырысы А.Нысанбаевтың қатысуынсыз өтіп, отырысты кейінге қалдыру туралы өтінішті сот қанағаттандырмаған.

Осыдан соң арызданушы ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотқа шағым түсіріпті. Ал ондағылар мерзімнің ескіруіне әрі қадағалаушы инстанция сотының күшіне енген қаулысын қайта қарауға процессуалдық мүмкіндіктің жоқтығын алға тартады.

«Мәселе өте күрделі. Бүкіл департамент болып осы тығырықтан шығудың жолдарын ойластырдық. Бір жағынан арада 20 жыл өтті, сот тәртібі бойынша бұл мәселені қайта қозғау мүмкін емес. Жоғарғы сот мұны қараудан бас тартты. Дегенмен, қылмыстық іс заңсыз тоқтатылған. Егер Бас прокуратурадан қылмыстық істің тоқтатылуының заңға сәйкестігін қарауды сұрап, тіпті бұл іс қайта қозғалып, деректердің аздығынан қайта жабылса да, кәсіпкерде азаматтық сот арқылы «Достық» стансасындағы лауазымды тұлғалардан өз шығындарын өтеп алуға мүмкіндік туады. Мәселені шешудің жалғыз тетігі осы ғана», – деді Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.

Мәселені мұқият тыңдаған кеңес отырысының мүшелері талап-арыз мерзімінің ескіруін мемлекеттік органдардың «ПКО – Құлжа» ЖШС-не қатысты істің уақтылы қаралмағандығымен түсіндіреді. Бұдан бөлек, осы уақыт аралығында А.Нысанбаев  бұзылған құқығын қорғау үшін, жалғыз күрескен, тіпті Достық стансасының алға тартқан құжаттарының жалған екендігін де өзі дәлелдеген. Сондықтан Ғ.Қасымов бастаған кеңес мүшелері Достық стансасы қызметкерлеріне қатысты істің тоқтатылуы қаншалықты заңсыз болғандығын тексеру мақсатында ҚР Бас прокуратурасына үндеу жолданатындығын айтты. Ал Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаменті мен орталық мамандарына А.Нысанбаевтың құқығын қалпына келтіріп, оның сақталуын қамтамасыз етуге қатысты кеңес беру тапсырылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер