«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП бастамасымен күштік құрылымдар кәсіпкерлердің 10-нан астам шағымын қарастырды

2025 жылғы 23 Маусым
699 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратураға арнайы өтініш жолдап, нәтижесінде қысқа мерзім ішінде жұмыс кездесуі ұйымдастырылды.

Бас прокуратура жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысына «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау департаментінің сарапшылары, ІІМ, ҰҚК, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеу бөлімшелерінің басшылығы қатысты.

Кездесу барысында кәсіпкерлер жиі кездесетін өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда: азаматтық-құқықтық даулар бойынша қылмыстық істердің тіркелуі, ұйымдасқан қылмыстық топтарға (ҰҚТ) қатысты баптардың бизнес субъектілеріне қолданылуы және кәсіпкерлердің негізсіз қамауға алынуы.

Отырыс қорытындысы бойынша ІІМ басшылығымен жеке кездесу өткізу (қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу және электрондық білезіктерді қолдану мәселелері), бизнеске қатысты қылмыстық статистикамен манипуляцияларды болдырмайтын әдістеме әзірлеу; тергеу бағыты бойынша Бас прокуратурамен өзара іс-қимылды күшейту жөнінде бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді.

Сондай ақ, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерден келіп түскен қылмыстық істерге қатысты 14 шағым қаралды. Олардың негізінде өңірлік органдарға кәсіпкерлердің уәждерін тексеріп, бизнеске қолдау көрсету бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді.

Қаржылық мониторинг агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жүйелі тәсілдері ерекше атап өтілді.  Әрбір қылмыстық іс пен тергеуге шақыру орталық аппаратпен келісім бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ құпия тіркелген, кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған істер бойынша қызметтік тексерулер басталуда.

Кездесуге қатысушылар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын атап өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске кедергі келтіретін әкімшілік және құқықтық тосқауылдарды жоюға әрі заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмысты жалғастыра береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер