«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сараптама монополиясына жол жоқ!

2016 жылғы 09 Наурыз
12952 просмотров

ҚР жеке сараптамалық ұйымдары Сараптамалық ұйымдар палатасының жеке Бірыңғай порталын жасауға шақырып отыр

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының селектор форматында өткен отырысында  осы мәселе төңірегінде қызу пікірталас орын алды. Талқылауға Құрылыс ісі жөніндегі комитет, ТКШ пен ҚР ҰЭМ жер ресурстары басқармасы, «Мемсараптама» РМК өкілдерінен бөлек, Қазақстанның өңір-өңірінен келген аккредиттелген сараптамалық ұйымдар қатысты.

Шарада сөз алған «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева мемлекеттік монополия субъектісінің бірыңғай сараптама порталын (оның ішінде мемлекеттік монополияға қатысы жоқ сараптамаларды) жүргізуі қаншалықты мүмкін деген сұрақ қойды. «Біздің ойымызша, мемлекеттік монополияға жататын жобалар мен жекеменшік нарық жүзеге асыратын жобалардың кешенді мекемеден тыс сараптамасын ұйымдастыру мен өткізу үшін  екі бөлек портал құрған орынды болар еді», –  деді ол. 

Мәселенің ұшығы мынада: жеке меншік сараптама ұйымдарына «Мемсараптама» РМК өздерінің Бірыңғай порталы қызметтерін ұсына отырып, РМК ақпараттық жүйесімен бірігу тегін жүзеге асады деп сендірген. «Түптеп келгенде, кешенді идарадан тыс сараптаманы өткізу үдерісін ұйымдастыру талаптарын есепке алып бағдарламаларды жасайтын кез келген ұйым сараптамалық ұйым тапсырысы бойынша бағдарламалық қамсыздандыру жасап шығаруға құқылы. Порталға бірігу тегін жүзеге асады», – деді «Мемсараптама» РМК өкілі Әсет Марденов.

Айта кету керек, бүгінде мемлекеттік сараптама порталында Сараптамалық ұйымдар палатасына мүше емес төрт жеке меншік сараптамалық компания туралы ақпарат берілген. Осыған байланысты Юлия Якупбаева «Мемсараптама» РМК өкілдеріне портал аясына тіркелген 4 компания Сараптамалық ұйымдар палатасына мүше болмастан қалайша тапсырыс алып отыр деген сұрақты төтесінен қойды. Сәулет қызметі туралы заңға сәйкес жеке меншік сараптамалық компания мемлекеттік органнан тіркеуден өту керек. Екіншіден, компания Сараптамалық ұйымдар палатасының мүшесі болуы керек.

Төраға орынбасарының айтуынша, Ұлттық палата ҚР Бас прокуратурасының қатысуымен өткен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесте Сараптамалық ұйымдар палатасына мүше еместігіне қарамастан, портал арқылы тапсырыс алатын сараптамалық ұйымдар жасаған қорытындылардың легитимділігіне қатысты мәселе көтерген.

Жекеменшік сараптамалық ұйымдар болса, Мемсараптаманың бірыңғай порталын қолдану кезінде ақпарат құпиялылығы қаншалықты сақталады деген мәселеге бас қатырып отырғанын айтады. Себебі көп жағдайда мұндай ақпараттар коммерциялық құпия болып саналады.

«Мемсараптама Бірыңғай порталының операторы коммерциялық құпия және біздің меншігіміз саналатын ақпаратқа ие болуға және өкілетті органның сұрауы бойынша мұндай ақпаратты беруге құқылы. Бұл бәсекелі орта болып саналады және құпия ақпарат көпшілік қауым мен нарықтың өзге қатысушыларына жария болмауы тиіс. Сондықтан Сараптамалық ұйымдар палатасының «Мемсараптама» РМК-на тәуелді емес жеке Бірыңғай порталы болуы керек», – деді «BI Group Construction» басқарма төрағасының кеңесшісі Бірлік Ережепов.

Сондай-ақ, оның сөзінше, порталдың ЖСҚ кешенділігін тексеру жөніндегі қызметі заңға қайшы. «Кешенділікті тексеру – бұл аккредиттелген ұйымның қызметі. Демек, Бірыңғай портал операторы аккредиттелген ұйым қызметінің жартысын өз мойнына алып отыр. Коммерциялық емес ұйым ретінде Сараптамалық ұйымдар палатасы портал операторы болуы тиіс. Мемсараптама порталына көпшілік қанық бола алатын ақпарат орналастыруға жол бермейміз деген тоқтамға келген «Қазақстанның ұлттық жобалаушылары қауымдастығы» ЗТБ-нің біріңғай көзқарасы осы», – деді «BI Group Construction» өкілі.

«ЭскпертАстана» ЖШС өкілі Мемсараптама Бірыңғай порталына бірігу үшін, қажетті ақпараттық жүйелерді құру құны туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, Мемсараптама ақпараттық жүйесіне бірігуге арналған бағдарламалық қамсыздандыру бағасы 900 мыңнан 10 млн. теңгеге дейін жетеді, ал бұл сома кей жеке меншік ұйымдар үшін қалта көтерерлік емес. «Жеке меншік ұйымдарға мұндай шарттар қою ақылға қонымсыз, бұл жасанды кедергі секілді көрінеді», – деп мәлімдеді ол. Сондай-ақ ол, егер Мемлекет басшысының тапсырмасымен сараптама жасау бәсекелі ортаға  берілсе, онда кез келген жекеменшік ұйым Мемсараптама порталына енуі керектігін жеткізді. «Себебі олар бір-бірімен бәсекелес емес. Олар экономикалық емес, көрсететін қызмет түріне қарай технологиялық жағынан бөлінеді. Яғни, құқықтар екіжақты тең дәрежеде болса да, анағұрлым күрделі жобалар Мемсараптамаға беріліп, жеңілдерін жекеменшік сараптама ұйымдары алады», – деп түсіндірді ол.

Павлодар сараптама ұйымдарының өкілдері де осы пікірде. Олардың айтуынша, сараптамалық ұйымдар ақпаратын Мемсараптама бірыңғай порталымен біріктіретін бағдарламалық қамсыздандыру жасауға 9 млн. теңгеге дейін қаражат қажет, ал оның жасалуына 4-6 ай уақыт кетеді. «Бағдарламаны алуға жыл басында өтінім берген сараптамалық ұйымдар оған мамыр айына қарай ғана қол жеткізе алады. Бұл бұған дейін де заңнамалық базаның жоқтығынан өз қызметін жүргізе алмай келген кәсіпкерлер үшін тағы да іркіліс тудырады», – деді олар.

Өз кезегінде қостанайлық сараптамалық орталық өкілі Светлана Остапчук «Мемсараптама» РМК бірыңғай порталымен жұмыс жасағандағы тап болған келеңсіздіктермен бөлісті. «Бізге тегін кабинет беріліп, ол бойынша сәуір айынан қазанға дейін жұмыс жасадық. Одан ары алты ай бойы өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі шешілді. Салдарынан сараптама заңнамаға енген түзетулер бойынша тоқтатылып, ұйымдар жұмыссыз қалды. Портал операторы кез келген ақпаратты алуға құқылы екендігі жазылған РМК келісімі сарапшылар тәуелсіздігі жөнінен заңға қайшы келеді», – деді ол. Алматылық сараптамалық ұйымдар техникалық қолдау мен кеңес беру қызметтері үшін порталға тіркелген кезде белгілі бір соманың төленуі міндеттелген Келісім тармақтарын оқып беріп, «Мемсараптама» РМК айтқан порталға тегін бірігу мүмкіндігі жөніндегі сөзіне пікір білдірді. «Қандай тегін қызмет туралы айтып отырсыздар, төленетін соманың мөлшері қандай және портал аясында қандай қызметтер ұсынылады? Келісім ережелері операторға есептік деректерді ұсыну бөлімінде заңға қайшы келіп тұр», – деп мәлімдеді олар.  

Ақпараттық жүйені жасауға қаражаттан бөлек айтарлықтай көп уақыт қажет болғандықтан, жеке меншік сараптамалық ұйымдар Сарапшылар Палатасы жанынан Бірыңғай портал құрылғанға дейін өтпелі кезең орнатып, «Мемсараптама» РМК порталының ақпараттық базасын тегін пайдалануға мүмкіндік беруді ұсынып отыр. Сонымен бірге мекемеден тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған барлық құжаттаманы қағаз түрінде жүзеге асыруды сұрады. Бұған Мемсараптама бұл мүмкін емес деп жауап берді. Олардың айтуынша, жұмыс «бір терезе» қағидасы бойынша және тек қана ақпараттық жүйелер арқылы атқарылып, қорытындылар электронды форматта беріледі. Құжаттар  құрылыстық құрылым болмаған жағдайда ғана қағаз түрінде қабылданады.

Бұл тұста Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары қолданыстағы НҚА-ге өзгерістер енгізу қажет деп есептейді, себебі Сараптамалық ұйымдар палатасы бүгінде құрылып қойған. «Бәлкім, РМК порталымен бірігудің қажеті де болмай қалар, себебі жекеменшік иелері мен РМК-ның қызметі мүлдем бөлек. Жекеменшік сараптамалық ұйымдар өз жеке порталын ашқанға дейін, РМК  мемлеттік өкілетті орган сұрауымен портал операторы болған еді. Порталдың бұған дейін жұмыс жасап тұрған РМК порталы базасында құрылғандығы істі біршама жеңілдетіп отыр. Қаржыландыру портал жұмысын қамтамасыз ету, ақпаратты өңдеу, техникалық жабдықтау үшін қажет, төлем тек қана портал жұмысы үшін алынады», – деді Юлия Якупбаева.

Қазақстан құрылыс саласының ұлттық қауымдастығы өкілі Кәрім Түсіпбеков, өз кезегінде, «электронды портал» ұғымы заңнамалық деңгейде регламенттелмегенін және бұл порталды іске асырумен байланысты жалпы ережелердің де реттелмегенін айтып өтті. Портал бүгінде қосымша экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалар бойынша «бір терезе» қағидасын қамтамасыз ету үшін қондырма ретінде ғана ғана жұмыс жасап тұрғандай көрінеді.

Отырыс қорытындыларын түйіндей келе, Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева бұл мәселе осы жылдың 10 наурызында өтетін ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында қаралатынын хабарлады.

«Сараптамалық ұйымдар палатасы» аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың кәсіби бірлестігі толық режимде жұмыс жасап отырғанын еске саламыз. Ұйым кеңсесі Астана қаласы, Амман көшесі, 8-үй, «Milano» БО-да  орналасқан, телефоны: +7 (7172) 24-94-07,  сайты saraptama.kz,  е-mail: info@saraptama.kz. Сонымен бірге бірлестіктің қажетті бланкілері мен өзге де баспа өнімдері бар.

Палата басқармасына «Қазақстан құрылыс саласы ұлттық қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының», «Қазақстан ұлттық жобалаушылар қауымдастығының» өкілдері кіреді. Сонымен бірге Құрылыс істері жөніндегі комитеттен, ТКШ мен ҚР жер ресурстары басқармасынан Сараптамалық ұйымдар палатасы басқармасының құрамына үміткерлер жіберу туралы өтініш тасталған.

Заңға сәйкес үш ұйым Палата құрылтайшылары болып саналады. Олар: «ARCHITECTSЭКСПЕРТИЗА.KZ» ЖШС, «ПРОЕКТЭКСПЕРТИЗАASTANA.KZ» ЖШС, «СТРОЙАРХЭКСПЕРТИЗА.KZ» ЖШС.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер