«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елде сатылатын тауарлардың ширек бөлігі техрегламентке сай келмейді

2016 жылғы 04 Наурыз
10581 просмотров

Олардың 81%-ы азық-түлік өнімдері десек, осы көрсеткіштің 19%-ы қауіпті деген санатқа кірді

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің  2015 жылғы азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысына арналған селекторлық кеңесі өтті. Жиынға мемлекеттік органдар, салалық ассоциациялар, «Galmart», «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Рамстор Казахстан» ЖШС және т.б. ірі сауда ритейлері қатысты.

Селекторлық кеңес барысында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Техникалық регламенттер және санитарлық шаралар талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі басқармасының басшысы  Нұрқан Садуақасов мониторинг қорытындысын жариялады.

Комитет таратқан мәліметтер бойынша, 15151 таңдап алынған тауарлардың 3936-сы техникалық регламенттерге сай келмейді. Олардың 81%-ы азық-түлік өнімдері болса, 14%-ы балалар ойыншығы мен балаларға арналған тауарлар, 2%-ы химиялық және мұнайхимиялық заттар, тағы 2%-ы парфюмериялық-косметикалық тауарлар, ал 1%-ы азық-түлік өнімдерімен байланысты материалдар мен құрал-жабдықтар.

Техникалық регламенттің талаптарындағы негізгі заңбұзушылықтардың бірі таңбалау ережелерінің бұзылуы – 68%, қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі – 19%, заттаңбада көрсетілген құрамға сай келмеуі, тұтынушыны шатастыру –  13%.

Ережелердің сақталмауы көбінесе сүт өнімдерінен кездескен – 26%. Бұл көрсеткіш одан әрі кеми береді: ет және ет өнімдері – 15%, құс еті мен құс етінен жасалатын өнімдер – 13%, кондитерлік өнімдер – 10%, жеміс-жидек, көкөністер – 5%, май өнімдері – 3%, шырындар мен алкогольсіз өнімдер 1%-дан және т.б.

Өндіруші елдердің арасында тауарлары регламентке сай келмейтін елдердің тізімін Ресей Федерациясы бастап тұр – 52%, қазақстандық тауарлар – 23%, Қырғызстаннан келетін тауарлар – 4%, Белорусиядан келетін тауарлар – 3%, Украиндан келетін тауарлар – 3%.

Қайтара тексеру қорытындылары бойынша, әр төртінші тауардың қауіпсіздігін растайтын құжатсыз сатылымға шығарылатыны белгілі болған. Нақтырақ айтсақ, ережеге сай келмейтін 3198 фактінің 796-сының қандай да бір құжаты болмаған.

Айта кетерлігі, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлардан алынған 1694 сынаманың 564-і техникалық регламенттерге сай келмейді екен. Балалар ойыншығы бойынша 479 сынаманың 224-і техрегламетке сай келмейді. Оның 92%-ы таңбалау ережелерін бұзылуы болса, 43%-ы қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы. Ойыншықтардың басым бөлігі Қытайда шығарылған – 74%, Ресейде шығарылғандары – 23%, қалған 3%-ы басқа елдерде шығарылған.

Сондай-ақ, жиын барысында бақылау субъектілері мен сауда ритейлерлерінің арасында Кедендік одақтың техникалық регламенттері талаптарын түсінбеушілік мәселелері анықталды. Мәселен, жиын азық-түлік тауарларын өндіруші, жеткізуші және сатушы арасында азық-түлік өнімдерін қадағалауды бақылау мен КО ТР сай келуін қамтамасыз ету бойынша өзара қарым-қатынастың жоқтығын көрсетіп берді. Жиын соңында ҚР ҰКП алаңында ритейлерлерге арналған КО ТР нормасын түсіндіру бойынша семинарлар, дөңгелек үстелдер мен басқа да ақпараттық қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Анықтама

Бүгінгі таңда тұтынушылардың, бизнес пен мемлекеттің мүдделік тепе-теңдігін ескере отырып, азық-түлік өнімдерінің Кедендік одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сай келуін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру аясында Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жасауға мүмкіндік беретін механизм жасалып, енгізілген. Бұл бақылау түрі таза бизнеске қандай да бір салмақ салмайтындықтан таңдап алынған.

2015 жылдың наурыз айынан бастап азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік мониторингі төмендегідей қызметтер арқылы жүзеге асырылады:

– тауарды өткізу сатысында өнімнің үлгісін сатып алу мен Кедендік одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігіне сараптама жасау;

– өнімнің ел территориясына кіргізілуі мен сәйкестігін растау шараларын (сертификаттау) жүргізуді бақылауға бағытталған камералық бақылау.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер