«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев: «Бизнес-омбудсменнің басты міндеті – бизнестегі жүйелік проблемалардың алдын алу»

2016 жылғы 26 Ақпан
10003 просмотров

«Атамекен»  ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев өткен аптада тағайындалған Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл Болат Палымбетовті Ұлттық палата Басқармасына таныстыруы кезінде осындай тұжырым айтты

Омбудсмен «Атамекенмен» тығыз байланыста қызмет атқаратын болады: мұнда кәсіпкерлік проблемалары мен мәселелері жөніндегі бүкіл статистика жинақталған және қазақстандық бизнесті қорғау жүйесі құрылған. Сол себепті, Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл қызметін Ұлттық палата қамтамасыз ететін болады.

«Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкілдің басты міндеті –мемлекеттік органдардың заңсыз араласу әрекеттері мен әкімшілік кедергілер орын алған жерлердегі проблемалардың алдын алу. «Атамекен» осы саладағы қажетті мәліметтерге ие болғандықтан, омбудсменнің жұмысына барынша жәрдемдесетін болады», – деді Тимур Құлыбаев.

Ол, Ұлттық палата жұмысының маңызды өлшемдерінің бірі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау екендігін атап айтты. Осы екі жыл ішінде кәсіпкерлерден бизнесті қорғау бағытында ҰКП мен барлық өңірлік палаталарға 10 000-нан астам өтініш келіп түскен, олардың 40%-дан астамын тікелей кәсіпкерлермен өзара байланыста жұмыс істейтін заңгерлер шешіп берді: олар мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің мүдделерін жеткізеді, сотта құқықтарын қорғайды, құқықтық ақыл-кеңестер береді. Барлығы кәсіпкерлердің 22,8 млрд теңге сомасындағы мүліктік құқықтары қорғалған. Бұл кәсіпкерлерге қайтарылған нақты қаражат пен мүлік, сонымен қатар күші жойылған айыппұлдар.

«Мұнай бағасы төмендеді, алаңсыз күндер артта қалды. Қазіргі басты мәселе: ШОБ қалай қыспақтан шығады және тұрақты дамиды? Бүгінгі күнгі аса маңызды мәселенің бірі сатып алулар мәселесі деп есептеймін, мұнда барлығы барынша ашық болуы тиіс. Менің «Атамекеннің» жұмысына қатысты басты ұстанымым да осы, өйткені оның өкілдері сатып алулар процесінің өзіне тікелей қатыспаса да, тәуелсіз бақылаушылар болып табылады. Бұл мәселені шешудің жолы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңес, ҰКП-ның Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл Кеңесі, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың бірыңғай өзара әрекет етуінде жатыр деп санаймын», – деп атап көрсетті Тимур Құлыбаев.

Ол, сондай-ақ, салық мәселесіне де назар аударды, бірақ оны бизнеске қысым жасап, бюджетке неғұрлым көбірек ақша тарту жолымен шешуге болмайтынын атап өтті.

Салық органдарының бюджетке қаражат жинау қарқынын арттыруы үшін бизнеске соққы беруге болады, алайда тұрғындардың жұмыспен қамтылуы одан да маңыздырақ. Кәсіпкерлер алдымен аяқтарынан  нық тұрып алсын, жетілсін, міне, содан кейін барып салық сұрауға болады. Адамдар өздерін-өздері жұмыспен қамтып жатыр, басқаларға жұмыс тауып беруде, соның өзіне рахмет айту қажет!», – деді «Атамекен» Төралқасының басшысы.

Оған қоса, Тимур Құлыбаев экономика салалары бойынша өңірлік проблемалар мен мәселелердің заңдар мен нормативтік актілермен реттелмейтін өзіндік ерекшелігін атап көрсетті. Оның пікірінше, дәл осы заңнамалық базаны жоба кезеңінің өзінде оңайлату, нормативтік-құқықтық қырларын шешу қажет.

ҰКП басшысы, сонымен бірге, Ұлттық палата және бүкіл кәсіпкерлік қоғамдастық үшін, бұдан былай қолданыстағы қорғау жүйесіне басшылық жасайтын бизнес-омбудсмен барлық мемлекеттік органдар санасуға тура келетін қуатты күш болатынын қоса айтты.

Мұндай маңыздылық осы лауазымның әлемдік тәжірибедегі беделіне негізделеді, сондай-ақ, Президенттің тікелей өзі тағайындайтын және Мемлекет басшысына есеп беретін бизнес-омбудсменнің жоғары мәртебесінен туындайды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер