«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

2024 жылы бизнесті тексеру аз болуы мүмкін – Шымкент қаласының қадағалау органдары

2023 жылғы 15 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
15617 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысына жиналғандар кәсіпкерлікті тексеру тақырыбын талқылады. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модераторлығымен өткен жиынға кәсіпкерлер, Шымкент қаласының прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және басқа да бақылау-құзырлы органдардың жетекшілері, Палата басшылығы қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – 2023 жылдың 31 желтоқсанында елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге арналған мораторий аяқталады.

«Осыдан үш бұрын Президент енгізген шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий бизнеске көмегін тигізіп, кәсіпкерлердің пандемия және басқа да әлеуметтік-экономикалық проблемалардан туындайтын шығыны азайды. ШОБ субъектілері өндірген тауар мен көрсеткен қызмет құны 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында 1 152 068 млн теңгені немесе 2022 жылдың тиісті мерзімімен салыстырған 133,2 пайызды құрады. Мұндай көрсеткіштер кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы тиісті байланыстың нәтижесі деп ойлаймыз.

Еліміздегі бизнес жағдайды арғы қарай жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыру жүзеге асырылады, соның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру екі есеге азайып, құқық қорғау органдарының назары тек проблемалы субъектілерге аударылады. Мұндай автоматтандырылған әдіс тексеруді адамның қатысуынсыз бастауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есеге азаяды деп күтілуде.

Дегенмен, мораторий аяқталып келеді. Қалай болғанда да кәсіпкерлер кез келген уақытта тексерулер болатынын күтуі тиіс. Және маңыздысы – кәсіпкерлер барлық талаптар мен заңдылықтарға сай болып, өздеріне қатысты бизнес-процестердің заң талабына сай жүруін қамтамасыз етулері керек.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – бизнестің Үкімет және атқарушы билікпен келіссөзін арттыру, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделін қорғау, бизнес жүргізудің заңды және басқа да нормативтік ережелерін қалыптастыруға кәсіпкерлерді жұмылдыру», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары міндетін атқарушы Майя Исаева.

Жиында прокурорлар кәсіпкерлікті заңсыз тексерудің жауапкершілігі бар екенін ескертті.

«Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары мораторий аяқталды деп бизнес субъектілеріне кез келген себептермен тексеру тағайындауға болмайтынын назарларыңызға саламын. Кәсіпкерлік Кодекстің 137-бабының 5-тармағына сәйкес тексеру нысанына бару, қажетті ақпаратты сұрату немесе шақырту тексеру әрекеттері болып есептеледі. Осы тексерулер басталғанға дейiн бақылау және қадағалау субъектiсінiң тұрған жерiндегі құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органында тіркелуі керек. Айта кететін жайт, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 175-бабында әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Соңғы 2 жылда осындай фактілермен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының 9 тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылды. Бұдан бөлек лауазымды адамдардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабында әкімшілік жауаптылық қарастырылғанын назарларыңызға саламын. Әсіресе, мемлекеттік органдар тарапынан есеп-шоттарды бұғаттау кәсіпкерлерге қатты әсер ететінін түсінгеніміз дұрыс. Өйткені бұл шара бизнесті тоқтатуға әкеп соқтырады, қызметкерлерге жалақы уақтылы төленбейді. Сондықтан кәсіпкерге қатысты тексерулерді Кәсіпкерлік кодексте белгіленген негіздер бойынша тағайындауды, кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіретін әрекеттерді жасамауды сұраймын», – деді Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғозиев.

Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша тексеру және бақылау құқығы берілген мемлекеттік органдардың тексеру тағайындау туралы 2158 акті тіркеліп, 2022 жылмен салыстырғанда 35 пайызға азайған.

«Мемлекеттік органдар 447 профилактиқалық бақылау жүргізді, оның ішінде 141 жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты. Статистика бойынша былтыр ең көп тексеру жүргізген органдарға тоқталсақ, мемлекеттік кірістер органы – 503 акті немесе жалпы көрсеткіштің 23,3% пайызы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты басқармалар – 254 акті немесе 11,7%. Үшінші орында медициналық және фармацевтикалық бақылау органы –184 акті немесе 8.5%. Департамент тарапынан биыл қолданыстағы заңдарға қайшы болуына байланысты 56 тексеру актісін тіркеуден бас тарту арқылы жеке кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды», – деді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бөлімінің аға прокуроры Марат Бейбіт.

Мамандардың айтуынша, мораторий аяқталғанына қарамастан, келесі жылы субъектілерді тексеру аз болуы мүмкін. Себебі – кәсіпкерлік кодексіне енгізілген өзгерістер.

«Біздің департамент адам денсаулығына қатысты жағдайларды тексереміз. Сондықтан, биыл да шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргіздік. Осылайша біздің тексерулерде атап айтқандай өзгеріс болмайды. Құқықтық статистика және арнайы есеп департаментінің өкілі атап өткендей, биыл бізде 180-ден аса тексеру жүрді, 2024 жылы бұл сан аз болуы мүмкін, себебі, биыл кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілді. Соның бірі – егер бұған дейін арызданушы жай ғана арыз жазып қойса, биыл біз дәлелдерді талап етеміз. Мысалы, шағымданушы денсаулығыма зиян келді десе, ол енді стационардан үзінді-көшірме немесе емханаға амбулаториялық қызметке барғаны туралы құжат көрсетуі тиіс. Бізде бүгінгі таңда жоспарлы тексеру жоқ, профилактикалық барып тексеру және бармай тексерулер бар. Оның ішінде бармай алдын ала тексерудің алгоритмі шикі, себебі, кодекске өзгеріс биыл енгізілді», – деді Шымкент қаласы бойынша медициналық-фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеханова.

Жиын барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Нұртөре Қалдыбаев психотропты заттармен айналысатын кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

«Есірткі және психотроп заттармен жұмыс істеу екі санатқа бөлінеді. Біріншісі – денсаулық сақтау саласында, оған біз лицензия береміз және полиция департаменті бақылайды. Бұл заттармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер немесе дәріханалар лицензия алып, жұмыс істей беруі мүмкін, оған біз кәсіпкерлік тарапынан баға бере алмаймыз. Ал түсіндіру жұмыстарына келер болсақ, әлеуметтік желілерде, сайтымызда күн сайын, ал департаментте басшының қатысуымен айына бір рет кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Біз ондай кәсіпкерлік субъектілеріне лицензия бермес бұрын кәсіпкерлік нысандарға барамыз, сонда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал лицензия беруге талаптың бірі – полиция департаментінің есіркі бизнесіне қарсы күрес басқармасы берген қорытынды болуы тиіс», – Шымкент қаласы бойынша медициналық-фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеханова.

Дәрілік заттарды таңбалау бойынша «ТИМ» ЖШС директоры Назира Мықтыбаева тапсырыс бойынша емдеу ұйымдарына стерильді ерітінді жасайтындарын айтып, ол өнімдер қалай таңбаланатынын сұрады.

«Таңбалау дайын өнімге жасалады. Яғни, қазақстандық өндірушілердің заттары және біздің елге кірген дәрілік заттар. Таңбалау бөлшек саудада да, қоймаларда да (көтерме сатушыларда) және өндірушілер мен дистрюбьюторларда болады. Ал дәріханада жасалатын өнімдерге әзірге таңбалау туралы айтылып жатқан жоқ, өйткені, ол заттардың жарамдылық мерзімі қысқа, бір ай болады. Мұндай өндірушілер елімізде аз, Шымкентте жетеуі бар, оның үшеуі ғана жұмыс істеп тұр», – деді Алмагүл Кенжеханова.

Кәсіпкерлік нысандарына ең жиі тексеру жүргізетін органдардың бірі – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары да келесі жылғы тексеру жоспарларын бөлісті.

«Біздің сала бойынша бақыланатын нысандар эпидемиологиялық маңызы жоғары және маңызы елеусіз деп бөлінеді. Соның ішіндегі маңызы жоғарылары тексеруге жатады, ал маңызы елеусіздері тексеруге жатпайды. Олар тек арыз-шағымдармен тексеріледі. Келесі жылдың бірінші жартысында бізде тексеру кестесіне сай 85 нысанды тексеру жоспарланып отыр, бару арқылы профилактикалық бақылауға 46 нысан жоспарланған. Арасында кәсіпкерлер де, мемлекеттік мекемелер де бар. Бару арқылы алдын ала бақылауға жататын нысандарда кемшілік анықтылған жағдайда олаға біз әкімшілік шара көрмейміз, кемшілікті жөндеу туралы нұсқама береміз, оның уақыты болады. Сол уақыт аяқталған соң олар бізге кемшілікті жойғаны жөнінде мәлімет берсе, жеткілікті. Тексеру кестесіне сай тексерілген нысандардан кемшілік анықталған жағдайда әкімшілік шара көріліп, кемшілікті жою жөнінде нұсқама беріледі. Талаптар бойынша негізінен қорытындысы жоқ нысандар немесе эпидемиологиялық маңызы елеусіз нысандардың арасында өз жұмысын бастамағаны туралы біздің басқармаларға хабарлама бермеген нысандар, одан кейін алдыңғы тексеруден анықталған кемшіліктерді жоймаған нысандар, арыз-шағым түсіп, тексеру барысында дәлелденіп, арызда көрсетілген кемшілікті жою туралы нұсқаманы орындамаған нысандар, өндірістік бақылау негізіндегі нысандар және басқа мемлекеттік мекемелерден кемшіліктер туралы мәліметтер келіп, сол мәліметтер бойынша нұсқаманы орындамаған нысандар ғана келесі жылғы тексеру кестесіне енгізілген. Басқа нысандар кестеге енгізілмейді. Одан бөлек кәсіпкерлік кодекс талаптарына сәйкес біздегі бақылауда тұратын нысандардың 5 пайызынан артық тексеруге қоя алмаймыз. Мысалы, бізде бақылауда 100 нысан тұрса, соның бесеуін ғана келесі жылдың тексеруіне қоя аламыз, онда да жоғарыа атап өткен талаптарға сәйкес болса ғана. Оған қоса біз жоспарлы тексеруге баратын кезде бір ай бұрын сол нысанға тексеру болатыны туралы хабарлама береміз, тексеруге баратын кезде құқықтық статистика және арнайы есеп департаментінде тіркеліп, одан кейін барып тексеріледі. Тексеру парағы бар, барған кезде сол парақтағы бекітілген мәліметтерді ғана тексереміз, енгізілмеген мәліметтерді тексере алмаймыз. Және осы тексерулер бойынша әр салада санитарлық-эпидемиялық талаптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, семинар, лекциялар өткіземіз», – деді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі Владимир Накисбаев бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе кәсіпкерлікті тексеру екеніне тоқталды.

«Бізді мазалайтын ең ауқымды мәселе – ол мораторий, яғни, кәсіпкерлікті тексеру. Бізде қанша тексеруші орган бар? Жиырмадан асады. Мораторий аяқталып келеді, енді кәсіпкерлер келесі жылдан бастап қалай жұмыс істейді? Мысалы, проблемалы кәсіпкерлік субъектілері деген не? Ол қандай талаптармен анықталады? Олар кімдер? Міне, осындай сұрақтар көп. Соны талқылау қажет. Мысалы, бір тұрғын арыз жазса, тексеру басталады. Тағы бір адам шағымданса – тағы тексеру болады. Олай болса, арыз жазған адам өз дәлелдерін келтіруі керек. Тексеруге негіз болуы керек деп санаймын. Жалпы, осы тексерулер бойынша бізге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына, Үкіметке ұсыныстар беруіміз керек деп есептеймін. Тексеруге қатысты қарама-қайша пікірлер өте көп, бірақ, арасында оңды ұсыныстар да жетерлік. Кімді және қалай тексеруге болатыны туралы нақты талаптар қажет. Тек адам өміріне, қоғамға әсер ететін, қауіпті өндірістерді ғана тексеру қажет. Мысалы, станокпен аяқ киім тігетін цехты алайық, оны не үшін тексеру қажет?», – дейді Владимир Иванович.

Жиын соңында өңірлік кеңес мүшелеріне, бақылау-қадағалау органдарының өкілдеріне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Арбитраж орталығының жұмысы таныстырды.

Арбитраж орталығының атқарушы директоры, Корольдік арбитрлер институтының мүшесі Асқар Қалдыбаевтың айтуынша, Арбитраж орталығы кәсіпкерлер арасындағы ықтимал дауларды шешеді. Орталық ҚР «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңына сай құрылған. Оның жалғыз қатысушысы – «Атамекен» ҰҚП. Бүгінгі таңда Арбитраж орталығы арбитраж нарығында және заңгерлік қауымдастықта жақсы беделге ие. 300-ден астам компания өз келісімшарттарына Арбитраж орталығы туралы типтік мәліметті енгізуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер