ДСҰ: қолтаңба болса, проблема болмайды!
Электронды-сандық қолтаңбасы жоқ бизнесмендер тауар айналымы кезінде проблемаға тап болуы мүмкін
Осы жөнінде Қостанай облыстық Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері Кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте ескертті.
Қолтаңба электронды шот-фактураны ресімдеу кезінде керек, ал оның бар болуы – арнайы алып қою тізіміне кіретін өнімдерді сату кезінде қойылатын басты шарттың бірі. Ол Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін жасалды және қазір 1347 атаудан тұрады.
Дәл осы тізімге осыншама назар аударылуы тегін емес. Өйткені, оған енгізілген тауарларды төмендетілген баж бойынша импорттауға болады, бұл, сөз жоқ, ДСҰ-ға кірудің пайдасы екендігі түсінікті. Бірақ, мұндай өнімді ЕАЭО елдеріне, мысалы, Ресейге шығаруға болмайды. Қазақстан әріптестерін «аяқтан шалмауға» міндеттеме алған, себебі Бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелері өте жоғары және кері экспорттауды қалағанның өзінде импорт тек сол бойынша жасалады.
Сауданың жаңа ережелері 11 қаңтардан бастап күшіне енді, және де өңірге Тізімдегі тауарлар келіп үлгерді. Бірақ, салық қызметі қызметкерлерінің айтуынша, импорттаушылардың бәрі бірдей электронды-сандық қолтаңба алмаған, демек, қадағалау қағидаты әзірге сақталмай отыр.
«Таяуда ғана «Бугристое» постында жүк көліктері тоқтатылғаны туралы ақпарат келді, бұл жолы жемістерді Ресейге кіргізбей қойған. Өңір кәсіпкерлерінің бұл арада еш кінәсі жоқ, бірақ бұл жағдайды өзгерте қоймайды. Міндеттемелерді алған екенбіз, оларды орындау қажет. Және де, кәсіпкерлер неғұрлым істің бүге-шігесіне дейін білсе, соғұрлым проблемалардан аулақ боламыз», – деді Қостанай облыстық Кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің бастығы Роберт Юсупов.
ДСҰ ережелерімен жұмыс істеу тіпті де қиын емес, деп мәлімдеді өз кезегінде, облыстық Мемлекеттік кіріс департаментінің жанама салықтарды әкімшілеу басқармасының бас маманы Дәулет Айсин. «Тізімдегі тауарларды, яғни етті, көкөністерді, кондитерлік өнімдерді сатқың келсе, электронды шот-фактураны ресімде! Оларды басқа елдерден алып келгің келсе – БКТ мөлшерлемелері бойынша кедендік тазартудан өткізу және ілеспе құжаттарды растау қажет: шот-фактураның қағаз көшірмесі, тауарлардың декларациясы, СТ1 сертификатының түпнұсқасы және 328 формасы бойынша әкелім туралы өтініш», – деп түсіндірді ол.
«Салық төлеуші өтініш береді, ал біз бір күн ішінде жүйелік бақылау жасаймыз және түйіндеме береміз. Осы құжаттарды растамай, әкелім жасау мүмкін емес. Бұл жағдайда алдымен Тізімдегі тауар қандай мақсатпен әкелінетінін, ішкі тұтыну үшін бе немесе одан әрі кері экспорттау үшін бе, соны анықтап алу қажет. Қажетті құжаттарды бұрын әкелінген тауарларға да алуға болады, бұл үшін департаментке жүгіну керек», – деп атап өтті Дәулет Айсин.
Сондай-ақ, брифингте, осы жылдың соңына қарай Қазақстан мен РФ-ның ақпараттық жүйелерін интеграциялау күтілуде. Бұл шекарадан кесіп өту ресімін жеделдетуге мүмкіндік береді және Тізімдегі тауарлардың барлық сатыдағы айналымын, яғни импорттаудан түпкі тұтынушыға жеткізуге дейін толассыз бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: