«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық сүт өңдеушілер алаңдаулы

2016 жылғы 22 Ақпан
- Солтүстік Қазақстан облысы
12864 просмотров

Сүтті қайта өңдеушілердің басын ауыртатын сол баяғы екі проблема шикізаттың сапасы мен маусымдылығы болып отыр

Қайта өңдеуші кәсіпорындардың өзекті проблемалары Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сараптамалық кеңесінің кезекті отырысында талқыланды.

Жергілікті қайта өңдеушілер көптен бері  өз өнімдерінің өндірілуі мен сатып өткізілуінің жыл бойы біркелкі еместігіне қынжылады. Бұл негізінен маусымдылыққа байланысты. Егер көктемгі-жазғы кезең сүт өнімдерін дайындаушы зауыттар үшін қауырт өтсе, ал күз бен қыс, көбінесе, тоқырау болады. Себебі, мал, әдетте, көктем кезінде төлдейді. Қайта өңдеушілердің айтуынша, олар өңдейтін шикізаттың, яғни сүттің сапасы да айтарлықтай емес.

«Сіздер үшін сүттің сапасы туралы мәселенің маңызды екені түсінікті, оны негізінен, жеке қосалқы шаруашылық деңгейінен гөрі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде, фермерлік қожалықтарда қадағалап отыру және қол жеткізу оңай, өйткені онда арнайы маман, ветеринар, зоотехник жоқ, тиісті тексерулер мен малды өңдеу уақтылы жүргізілмейді. Сол себепті бүгінгі күні бізде осындай жағдай қалыптасты, бірақ, дегенмен, егер біз бұл мәселелерді өз өңірімізде шешуге талпынсақ, онда шын мәнінде қандай да бір оң нәрсеге, яғни сүт өндіру көлемін ұлғайтпасақ та, ең болмағанда оны қайта өңдеуді арттыруға қол жеткізе аламыз», – деп СҚО КП директоры Тұрар Ысқақов қатысушыларды пікірталасқа белсенді қатысуға шақырды.

«Молсервис» ЖШС директоры Сергея Чепурко шикізаттың сапасы шынымен де әлі төмендеу екенін айтты.

«Өз кәсіпорнымды мысалға ала отырып айтсам, шикізатқа қатысты жағдай бұл қыста түк те жақсарған жоқ, керісінше, тіпті нашарлай түсті. Біз қазір сүтті облыстың 5 ауданынан күніне 5 тонна сатып аламыз. Егер де, статистика ұсынатын цифрларды салыстыратын болсақ, онда біздің сүтіміз қайда екені туралы сұрақ сол күйі өзекті болып қалып отыр. Бүгінгі күні біз өнімнің 33%-ын қайта өңдейтінімізді ескерсек, онда  504 мың тонна деген сан, әсіресе, қайта өңдеуші кәсіпорындардың күмәнін туғызады. Әрине, сүтті тұрғындардың қожалықтарында жасырып қойған оңай, оларды тексере алмайсың, ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарында цифрлар шынайы және дәлелденеді, өйткені біз оларға субсидиялау туралы анықтама береміз. Алайда, қайта өңдеуші кәсіпорындарда қысты күні шикізаттың жетіспеушілігі мәселесі және оның жаз кезінде артылып қалуы әлі де өзекті», – дейді Сергей Чепурко.

Сонымен бірге, ол мұндай артық шикізат сапалы болса, онда шыдауға болар еді дейді. Қайта өңдеушінің айтуынша, осы саладағы 20 жылдан бергі жұмысында дәл өткен жылғы маститтің құрамындай жағдай ешқашан болған емес.

«Өткен жылы шөп шүйгін болды, содан да сиырлар тез тойынып, сүтті көп берді. Бірақ, түс кезінде сиырларды саумаудың салдарынан сүт желінде қызып кетіп, маститті шикізаттың түзілуіне алып келді. Ал бұрын дәл  осындай мол азық кезінде сиырлар түс кезінде де сауылатын. Оған қоса, біз биылғы жылы біздің кәсіпорын үшін дәстүрлі емес көп өнім – 30 тонна көлемінде сары май өндірдік. Біз мұншалықты көлемде ешқашан өндірген емеспіз, тек осы қордың есебінен бүгінгі күні, қаңтар мен ақпанда ойдағыдай жұмыс істеп шыдап тұрмыз», – дейді «Молсервис» ЖШС директоры.  

Басқа сүт өңдеушілер де дәл осындай проблемаларға тап болуда.

Айталық, «Молочный союз» ЖШС директоры Александр Кузлякиннің кәсіпорны өткен жылы 2014 жылға қарағанда шикізатты 11%-ға аз сатып алған, ал дайын өнімді сатып өткізу биылғы жылдың бірінші тоқсанында 25%-ға азайды. Оның кәсіпорнындағы маусымдылық 9-ға 1-ді құрады. Кәсіпкердің пікірінше, барлық қайта өңдеуші зауыттарды сүт шикізатының жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету үшін оны өндіруді кем дегенде 30%-ға ұлғайту қажет.

Ал «Тайынша cүті» ЖШС директоры Қайыргелді Торғауытов екі жылдан бері құрғақ сүт өндірісін субсидиялау мәселесін көтеруде, оның кәсіпорны осы өнімді шығарумен де айналысады. Бірақ, текке әуре боп келеді. Тек өткен жылы ғана серіктестік осы өнімнің 110 тоннасын шығарды, мұны  кәсіпкердің өзі стратегиялық деп есептейді.

«Өйткені, құрғақ сүт өндіру – өте бейнетті әрі шығынды процесс, сондықтан да оны мемлекет субсидиялауы тиіс. Екі жыл бойы осыны Үкіметке жеткізуге тырысып келем, бірақ одан еш нәтиже шықпады. Қазақстан осы өнімге деген сұраныстың 10 %-ын да өтей алмай отырғанына қарамастан, жағдай осылай болып отыр. Егер де, субсидиялау мәселесі сол бойы шешілмейтін болса, маған оны өндіруге қамтылған персоналдың 50%-ын қысқартуыма тура келеді», – дейді Қ.Торғауытов.

Бұл бүгінгі күні кәсіпкерді толғандыратын жалғыз мәселе емес. Өнімді жеткізуге байланысты қиындықтар, әсіресе Астанада көп, ондағы супермаркеттер «Тайынша cүті» ЖШС-нің тауарларын алудан үзілді-кесілді бас тартады. Осындай қарсылықтардың кесірінен, сондай-ақ, нарыққа өткен жылы украиндық өнімнің ірі көлемі келуіне байланысты, кәсіпорында сары майдың көп қоры сатылмай қалып қойды, оның жарамдылық мерзімі, әрине, өтіп кетті. Дәл осыған ұқсас проблемаға орай «Сергеевка сүт өнімдері» ЖШС

 де былтырғы жылдан бері 90 тонна сүтті сатып өткізе алмады.

Отырыста мал шаруашылықтары, яғни сүтті өндірушілер де өз проблемаларын ортаға салды, оларды көбінесе өздері өндіретін шикізаттың сатып алу бағасына қатысты мәселе қатты мазалайды. Біреулері қайта өңдеушілер төлейтін сүттің бір литрінің бағасы өздері алатын бағадан сәл ғана артық екенін естігенде таң қалса, екіншілері қайта өңдеушілер олардың тұрақсыздығына шағым жасағанда, өздерін ақтап, кімге және қандай бағамен шикізат сатуды өздері таңдауға құқылы екендіктерін айтты. Осылайша, бір қайта өңдеушінің түрлі шаруашылықтарға әркелкі баға ұсынуының себептерін талқылау барысында мұндай құбылту сатып алынған шикізаттың сапасына байланысты екендігі анықталды. «Иә, сіздерден келетін сүт сапасыз, сол себепті басқаларға қарағанда сіздерге анағұрлым аз төлейміз».  

Ал егер сүт өнімдерін дайындаушы зауыттардың ешқайсысы мұны өзінің өткізушілеріне түсіндіріп бермесе, онда шикізаттың сапасын жақсарту туралы қалайша сөз қозғауға болады? СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев осындай сұрақпен қайта өңдеушілердің айыбын бетіне басты. 

«Егер сіздер өздеріңнің өткізушілеріңе олардың шикізатының кемшіліктерін көздеріне көрсетсеңдер, олар оның сапасын жақсартуға жұмыс істемес пе еді? Өз өткізушілеріңмен байланыс орнату керек, кемшіліктерін атап көрсету, ақылдасып кеңесу, осындай салдардың алдын алу үшін сүтті қалай дұрыс сауу керектігін үйрету керек. Егер олар өз сүтінің сапасын жақсартса, оған ақшаны әдеттегіден көбірек төлеуге дайын екендеріңді айтсаңдар, олар бірден түзелер еді. Ал сіздер тек шикізаттың сапасына шағымдарыңды айтып отыра бересіздер, ал сіздердің өткізушілеріңіз басқа бәсекелеске кетеді, өздерің қалыптасқан жағдайды түбірімен түзеудің орнына қол қусырып отырсыңдар», – деп атап өтті Алтынбек Абдуллаев.

Қайта өңдеушілердің ежелден келе жатқан проблемаларын талқылау нәтижесінде кез келген жағдайдан шығудың жолы бар екендігі түсінікті болды. Ықылас болса шикізаттың сапасын көтеруге болады және бұл мәселені шешудің жолы кооперацияда жатыр, ол сонымен қоса басқа да бірқатар проблемаларды шешіп берер еді. Соның ішінде өткізушілердің тұрақсыздығы сияқты мәселе де бар.

Маусымдылық мәселесіне келсек, егер шаруашылықтар сиырларды 4 тоқсанда бұзаулайтындай етіп шағылыстырса, бұл проблеманы да шешуге болады. СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы және асыл тұқымды мал ісі бөлімінің басшысы Александр Макеев осындай идея ұсынды.

Отырысқа қатысушылар мемлекеттік органдардың, бизнес субъектілерінің және Кәсіпкерлер палатасының, талқыланатын мәселелерді шешуде бірлесіп, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперациясының көмегімен жұмыс істеуі қажет деген ортақ пікірге келді.

Р.S.: «Молочный союз» ЖШС басшылығы шикізат жеткізушілермен серіктестік үлесін бөлісуге дайын екендерін білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер