ҰКП бизнесті микронесиелеуге 300 млн теңге бөледі
Акция Қазақстанның төрт өңірінде жүргізіледі
Ұсақ ЖК-лердің өмірі қалай дамиды деген мәселе Алматы кәсіпкерлерінің 2-ші жыл сайынғы конференциясында бизнестің өзекті проблемаларын талдау барысында айтылды.
«Қаржыландырылған және субсидияланған қаражаттардың басым бөлігі ірі және орта бизнеске бөлініп жатыр. Шағын бизнес мемлекеттік қолдаудан жиі тыс қалып жүр. Ал, Алматыдағы ШОБ-тың 80%-ға жуығын жеке кәсіпкерлер құрайды. Экономиканың осындай күрделенген уақытында ЖК-лердің пролемалары қалай шешіліп, мүдделері қалай қорғалады?», – деп сұрақ қойды экономикалық шолушы Денис Кривошеев.
Ұлттық палата басшысы Тимур Құлыбаевтың сөзінше, микробизнеске көрсетіліп жатқан қолдаулардың ішіндегі маңызды шаралардың бірі – салық салудың бұрынғы тәртібінің өзгеріссіз қалдырылуы.
«Былтыр күзде ЖК-лерге салық төлеу тәртібін өзгерту мәселесі қызу талқыланғаны бәрімізге белгілі. Біз бұл мәселені келіссөз арқылы кейінге қалдырдық, ЖК-лер өмір сүру үшін олардың патенті кем дегенде бір жылға сақталу керек екендігіне Үкіметтің көзін жеткіздік. Ірі ЖК айналымның 3%-ын төлейді, ал ұсақ ЖК тек есеп-қисабын тапсырады. Осындай салық саясатының арқасында соңғы 7 жылда ЖК-нің өсімі 1 млн субъектіден асып жығылды», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Ол Алматының барлық аудандарында шағын кәсіпкерлікке тегін көмек көрсету үшін КҚО ашылатынын, әкімшілік кедергілерді қысқарту және қажетсіз рұқсат құжаттарының санын азайту үшін мемлекеттік органдармен белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Біз төрт әкімдікпен (Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстары) шағын бизнеске қаржы бөлу туралы уағдаластық. 300 млн теңгені ҰКП, 300 млн теңгені әкімдіктер бөледі, барлығы 600 млн теңге микронесиелеуге жұмсалады. Қаржыны қайтарымды негізде біздің демеушілер бөліп отыр. ОҚО-ның былтырғы тәжірибесі қаржының қайтарымдылығы 97% болғанын көрсетті, сондықтан біз ақшаның жоғалып кетпейтініне сенімдіміз», – деді Тимур Құлыбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: