«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жер - бизнесмендерге, салық - бюджетке!

2016 жылғы 28 Қаңтар
- Қостанай облысы
13799 просмотров

Қостанай облысының әкімдігі жарнама құрылымдарына жер телімін ұсыну түйткілін шешуге жәрдем көрсетуге уәде берді

Өңір басшысының орынбасары Сергей Карплюк Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында мәселені жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.

Жарнама компанияларының басшыларын Кәсіпкерлер палатасына қайта жүгінуге мәжбүрлеген түйткіл Қостанайдың жер қатынастары бөліміндегі шенеуніктердің билборд қойылатын жерді бір жылға ғана жалдауға рұқсат беруінде болып отыр. Компаниялар болса, аз дегенде, бес жылға беруді сұраған еді, себебі бір жылдан кейін қайтадан құжаттар жинап, шығын шегуге тура келеді. Оның үстіне, ұзақ мерзімдік кепілдіктің болмауы олардың ірі клиенттерді тартуына және қаржы салымдарын есептеуіне мүмкіндік бермейді. Тіпті кәсіпкерден жеткілікті деңгейде алынбаған табысынан бюджет те шығын көреді.

Палата жер қатынастары бөлімінің мерзімді өзгертуге құзырлы емес екеніне сенімді. Жер кодексінің 35 бабы 3 тармағына сәйкес, жалдаудың шектік мерзімі жалгердің өтінішхаты негізінде белгіленеді және қысқа мерзімдік, яғни 5 жылға дейін болуы мүмкін. Оған мысал – жерді жарнамаға 5 және кейде тіпті 10 жылға жалға беретін республиканың басқа қалалары.

«Мұнда айтылған түйткілдердің барлығы жеке бақылауыма алынғанына және оның әрқайсысы бойынша облыс әкіміне баяндап отыратыныма уәде беремін. Түйткілдің кадрлардың кәсібилігінде болуы да әбден мүмкін. Бөлім қызметкерлері кәсіпкерлікті дамытуды бетке алып жұмыс жасауға тиіс», - деп түйіндеді отырыс барысында Сергей Карплюк.

Кәсіпкерлер палатасы өткен жылы облыс прокуратурасымен бірге жарнама компанияларының заңды құқықтарын қорғап қалуына көмектескен еді. Атап айтқанда, сот тәртібінде бизнесмендерге жаңа типтегі жарнама құрылымын (скроллер) орнату және аялдама павильондарын жеке есептен ұстау бойынша таңылған міндеттеменің күшін жоюға қол жеткізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер