Мемлекеттік қолдаудың баламалы шаралары қажет
ЕАЭО және ДСҰ аясында 2017 жылғы 1 қаңтардан кейін Еркін экономикалық аймақтар (ЕЭА) қатысушыларын не күтіп тұр?
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген қатысушылар үшін ЕЭА аумағынан КО кедендік аумағының қалған бөлігіне тауар апарған кезде де кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі қағидалар қолданылатын болады.
Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін экономикалық аймақтар және еркін экономикалық аймақтағы кедендік процедуралар мәселелері бойынша 2010 жылғы маусым айында Санкт-Петербургте жасалған Келісімінің Шарттары осындай.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осыған орай, отандық кәсіпкерлерге кедендік әкелу жеңілдіктері мәселелерін түсіндіру үшін, сонымен қатар 2017 жылғы 1 қаңтардан кейін ЕЭА қалай дамитындығын айтып беру үшін, аймақтық жиналыс ұйымдастырды.
Жиналысқа Ұлттық экономика министрлігі, «KAZNEXINVEST» АҚ, салалық бизнес-қауымдастықтар, басқарушы компаниялар өкілдері мен кедендік әкелу жеңілдіктерін алатын барлық он ЕЭА қатысушысы, сонымен қатар өңірлік кәсіпкерлер палаталары қатысты.
Ұлттық экономика министрлігі өкілі түсіндіріп өткендей, ЕЭА аумағында 2017 жылғы 1 қаңтардан кейін ДСҰ және ЕАЭО нормаларын ескергенде бұдан былай қолданылмайтын, сонымен қатар олардың мерзімін ұзарту мүмкін болмайтын кедендік әкелу жеңілдіктерінен басқа барлық салық жеңілдіктері сақталады (КТС, мүлік салығы, жер салығы, әлеуметтік салықтан босату («ИТП» ЕАЭ үшін ғана).
Алайда, аталып өткендей, қазіргі жағдайда ЕЭА қатысушыларының көпшілігі экономикалық қиындыққа ұшырап отыр. Олардың сөзінше, кедендік төлемдерді үнемдеу өнімнің өзіндік құнына айтарлықтай әсер ететін болғандықтан, олар 2017 жылғы 1 қаңтардан кейін кедендік әкелу жеңілдіктерінің күші жойылуына байланысты біршама шығынға ұшырауы мүмкін.
ҰКП Еркін экономикалық аймақтардың кедендік әкелу жеңілдіктерін алатын 95 қатысушысы бойынша кедендік жеңілдік беру, құрылған жұмыс орындары мен өндірістік қуаттарының жүктелуі көлемін бағалау жөніндегі жұмысты бастағанын және 2016-2017 жылдарға болжамдар жасалғанын атап өтеміз. Осыған қарай «мәселенің құнын», яғни 2017 жылы кедендік жеңілдіктерді сақтаған жағдайда қандай әлеуетті экономикалық әсер алуға болатынын анықтауға болады.
Ұлттық экономика министрлігі сонымен қатар ҰЭМ тапсырысы бойынша Дүниежүзілік банк дайындап, ұсынған мемлекеттік қолдаудың баламалы шаралары жайлы хабарлады.
Бір айта кететіні, ДСҰ мүшесі болып табылатын Ресейде мұндай баламалы шараларды кедендік әкелу жеңілдіктерін қолданудың жеңілдікті кезеңі аяқталатын 2016 жылғы сәуір айынан бастап қолдану жоспарланып қойған.
Сонымен, РФ төленетін кедендік әкелу баждарынан болатын шығындарды субсидиялаудан тұратын біршама қарапайым қолдау тетігін енгізуді жоспарлап отыр. Федералдық бюджеттен қаржы бөлу көлемін есептеу әдістемесі кәсіпорынның жалақы төлеуге кеткен шығынын, әлеуметтік және медициналық сақтандыруға, сондай-ақ РФ Зейнетақы қорына жасаған аударымдарын ескереді. Бюджеттік қолдауды кедендік жеңілдіктердің күші жойылғаннан кейін Калининград облысының шамамен 800 кәсіпорны мен ұйымы қолданатын болады. 2016 жылға арналған федералдық бюджет жобасында 66 млрд рубльден астам қаржы көзделген.
Аталмыш қолдау шарасын ДСҰ-ның экспорт пен импорттың орнын алмастыру туралы – қағидаларына барынша қайшы келмейтіндей – «Калининград облысындағы ЕЭА резиденттерін қолдауға арналған бюджетаралық трансферттер» деп атаған.
ҰКП осыған орай Ұлттық экономика министрлігімен бірге аталмыш жұмысты келесі жылы да жалғастыруды және келесі жылы ЕЭА қатысушыларының нақты қажеттіліктеріне қарай 2017 жылғы 1 қаңтардан кейін ұсыну шарттарын анықтай отырып, мемлекеттік қолдаудың баламалы шараларын дайындауды ұсынып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: