«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дүниежүзілік сауда ұйымында да өзіміздікілерді қолдауға болады

2015 жылғы 03 Желтоқсан
9677 просмотров

«Атамекен» және «Самұрық-Қазына» сатып алулар саласындағы ыгтымақтастық туралы келісімге қол қойды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Самұрық-Қазына» Қорының бірінші басшылары ҰКП алаңында кездесті. Онда сатып алулардың ДСҰ жағдайында отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа жүйесі таныстырылды.

Сөйтіп, енді жеткізушілердің біліктілігін алдын-ала бағалау жүргізілетін болады. Қор тәуелсіз аудит көмегімен әлеуетті жеткізушілерде шынайы өндірістің болуын және шығаратын өнім сапасын тексеретін болады.

Екіншіден, сатып алуларды санаттау енгізіледі, яғни тауарлар топтарға бөлінеді. Мысалы, компаниялар компьютерді  жеке, серверлерді жеке, принтерді жеке, оған қажет шығыс материалды (картридждер) жеке сатып алады. Ақырында қаптаған тендер, қатптаған түрлі жеткізушілер, баға алшақтығы орын алып жатады. Ал егер оларды алынған көлемге қарай бір топқа біріктіретін болсақ, әлеуетті жеткізушілердің біршама тар, бірақ  мамандандырылған тобын анықтайтын болсақ, келіссөздер нәтижесінде көлемнің үлкен болуы салдарынан жткізуші бағасы 5-25% төмендейді; сатып алу процедураларының мөлшері бірнеше есе азаяды, сонымен қатар сатып алулардың жедел бюджетін үнемдеуге болады.

Үшіншіден, сатып алуларды орталықтандыру қолданылады. Қазір бірдей өнімдер сатып алуларын Қордың әрбір компаниясы өз бетінше жүзеге асыруда. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» тобының 8 компаниясы жыл сайын 3,6 млрд теңгеге құбыр сатып алып тұрады. Егер бұл сатып алуларды «ҚазМұнайГаз» өзі орталықтандырылған түрде жүргізетін болса, көлем әсерінен күтілетін 15% үнем жағдайында, үнем сомасы 540 млн. теңге құрауы мүмкін еді.

Қор берген ақпаратқа сүйенсек, қосымша әсер сатып алулар өткізуге кететін шығындарды үнемдеуден алынады. Мәселен, 2014-2015 жылдары «Самұрық-Қазына» орталықтандырылған пилоттық сатып алулар аясында Қордың 30-дан астам компаниясы үшін 269 автомобиль сатып алуды жүзеге асырған. Сатып алулар бір маманның күшімен өткізілді (бұрын – компанияның кем дегенде 30 сатып алушысы). Қор компанияларының жеке сатып алушылар штатын (5 мыңнан астам адам) ескере отырғанда айтарлықтай үнемдеу орын алады. Тәжірибеде сатып алуларды орталықтандырудан болатын әсер 10-15% құрайды. Бұдан әрі сатып алулар функциясы мүлдем аутсорсингке ауыстырылуы мүмкін, деп атайды «Самұрық-Қазына».

«Сатып алуларды орталықтандыруды қолдану, үздік тәжірибелер есебінен шығындарды қысқарту, сатып алулардың стратегиялық санатын оңтайландыру аса зор әсерін береді. Жақын 4 жылда 382 млрд теңгеге дейін үнемдеуді жоспарлап отырмыз», - деп атады «Самұрық-Қазына» бизнесін түрлендіру жөніндегі бас директоры Адамас Илькявичюс.

«Самұрық-Қазынаның» сатып алулар жөніндегі директоры Жұмағали Мыңжасаров өз кезегінде жаңа экономикалық жағдайда отандық тауар өндірушілерді қолдау тәсілдері туралы құпияны жайып салды. «ДСҰ-ға кіруге байланысты біздің қағидаларымызда негізделген артықшылардың күші жойылуға тиіс. Сондықтан да жаңа жүйеде ДСҰ ережелеріне қайшы келмейтін, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың белгілі бір шараларын қарастыруымыз қажет. Мысал келтіре аламын. Қолданылуы мүмкін критерийлердің бірі бұл жабдық бұзылып қалған жағдайда, оны жылдам жөндеуге болатындай, сервистік фабрикалардың қызмет көрсету орнына жақын жерде орналасуы. Қор компаниялары коммерциялық компаниялар ретінде осындай талап қоя алады. Сәйкесінше, Қазақстан аумағында зауыттары бар отандық өндірушілер шетелдіктерге қарағанда артықшылыққа ие болады», - деп хабарлады ол.

Ұлттық палата Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев кездесуде сөз ала отырып, Қордың сатып алуларды өткізу жүйесіне жаңа енгізілімдерді біршама ашық талқылағанын атады. «Біз Ұлттық палата ретінде «McKinsey» консультантымен бірге талқылауға қатыстық. ҰКП өкілдерінің алдын-ала біліктілігін бағалау іріктеуінен бастап сатып алуларды өткізу жөніндегі бақылау функцияларына дейін, барлық жерлерде шақырылғанын атап өту керек. Қор қызметкерлері техникалық-экономикалық тапсырманы талқылауға қатысу мүмкіндігін бере отырып, бізге түсіністік танытты, яғни ендігі жерде қызметкерлеріміз орталық деңгейде ғана емес, өңірлерде де сатып алуға өтінімдерді қалыптастыру кезеңіне қатыса алатын болады. Қор кәсіпорындары еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан, өңірлерде де олар отандық тауар өндірушілерге қатысты ТЭН деңгейінде кемсіту шаралары қолданылмас үшін, жергілікті өңірлік палаталармен әріптестік мүмкіндігін іздестіретін болады», - деді ол.

Ұлттық палата басшысы сонымен қатар келісімшартқа қол қою мерзімінің 25 күнге дейін ұлғайғанын атады. «Бұдан былай отандық тауар өндірушіге қатысты Қордың арнайы «Самұрық-Қазына Контракт» органында отандық тауар өндірушіге қатысты кез-келген бұзуға шағым жасауға болады. Сонымен қатар техникалық тапсырмаларды жасау кезінде тендерді біреуге сәйкестендірмес үшін, жеткізу күні 60 күнге дейін көбейтілді», - деп жалғады сөзін ол.

«Соңғы екі жылда сатып алуларды жүзеге асыру кезінде байқалған жағымсыз тәжірибені «тазалап» жатырмыз. Осы келісім аясында аталмыш мәселелерді қалайша тиімдірек шешуге болатынын қазір анықтап алғымыз келеді», - деп мәлімдеді Тимур Құлыбаев.

Кездесуге отандық тауар өндірушілер де қатысты. «БЕЛКАМИТ» ЖШС бас директоры Павел Беклемишев «ДСҰ ережелерінің қатаңдығына қарамастан, олардың өз игілігіңе жаратуға болатын нұсқаларды да тауып алуға болатынын» атады. «ДСҰ ережелері, бірінші кезекте, отандық тауар өндірушілер үшін қаржылық, салықтық артықшылықтарды қолдануға рұқсат етпейді. Бірақ бұл басқа да түрлі әдістермен ынталандыра алмаймыз деген сөз емес. Мысалы, бүгін былай делінді: «Жеткізу орнына жақын жерде жеке сервистік кәсіпорынның болуы туралы талап». Қазақстандық кәсіпорынның бұл жағынан қашан да артықшылықта болатыны түсінікті. Бұл оңтайлы географиялық басымдылық және оны ешкім де тартып ала алмайды. Сондықтан да салымыз суға кетпей, өз құқығымыз үшін күресуіміз керек», - деді ол.

«Сонымен қатар кейде өзімізге артықшылық беріп қана қоймай, тең құқылы болған да аса маңызды. Біз өте қонақжай халықпыз және кейде осында шетелдік компаниялар үшін жақсы жағдай жасай отырып, оларды құшақ жая қарсы алып жатамыз. Тепе-теңдік сақталу керек деп санаймын, бұл да ДСҰ талаптарына қайшы келмейді», - деді ол.

ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының вице-президенті, «ТорнадоPlus» ЖШС директоры Игорь Проценкоға Ұлттық палата өкілінің «Самұрық-Қазына» компаниясы тарапынан өткізілетін барлық байқауларға қатысу идеясының өзі ұнап қалды. «Бұл көптен бері талқыланып келеді, ақырында іс жүзінде қадам жасалды. Заң жүзінде отандық өндірушілердің сатып алуларға қатысу кезінде басымдылықта болуына қарамастан, «Самұрық-Қазына» тарапынан бұл ереже үнемі сақталып отырған жоқ. Бұл жағдайда «Атамекен» осы процестерді бақылайтын орган ролін алмақшы. Жаңа енгізілімнен бұрынғы түйткілдерді жоя алатынымызға сенеміз. Бұл сонымен қатар ашықтық, жоспарлылық және сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешуге тиіс», - деді ол.

«Ұлттық палатамен қуана-қуана жұмыс жасаймыз. Біздің мақсаттарымыз бір. Сондықтан да Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты осы аудиторияда сатып алуларды жетілдіру жөніндегі жоспарларымызды таныстыруды шешіп отырмыз», - деп атады «Самұрық-Қазына» басшысы Өмірзақ Шөкеев.

Өмірзақ Шөкеев жалпы Қордың ҰКП-мен сатып алулар саласында ынтымақтастығына «оң» баға беретінін баса көрсетті. «2012 жылы «Атамекен» ҚҰЭО-мен (ҰКП құрылғанға дейін) сатып алулар бойынша жаңа ережелерімізді талқылап, келіскен болатынбыз. Оны енгізу белгілі бір нәтижесін де берді. Егер 2012 жылы Қор сатып алуларындағы жергілікті мазмұн үлесі 63% құраса, қазір 78% құрап отыр», - деді ол.

Қор басшысының айтуынша, ұзақ мерзімдік шарттар саны мен көлемі ұлғаюда. Бұл Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жағдайында өте маңызды. Егер 2012 жылы Қор компаниялары млрд теңгеге 213 шарт жасаса, 2013 жылы 990 млрд теңгеге 383 шарт болып отыр, 2014 жылы – 1,2 трлн теңгеге 787 шарт, ал 2015 жылы 1,4 трлн теңгеге 1 392 ұзақ мерзімдік шарт жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер