Нұрсұлтан Назарбаев: «Отандық тауарларды сатып алыңыздар!»
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдауға үндеді
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып қайтты. Ақорда баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысы өнеркәсіп қызметімен танысып, өндірістік цехтардың бірін аралаған. Елбасыға сонымен қатар қаладағы жеңіл өнеркәсіптің ірі және орта кәсіпорындары өнімінің көрмесі таныстырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын ұжымымен сұхбаттаса отырып, халықтың отандық өндірушілерді қолдауына ерекше назар аударды.
«Барша қазақстандықтарға өзіміздің отандық тауарларды, соның ішінде «Мade in Kazakhstan» белгісі бар аяқ киімдер мен костюмдерді сатып алу қажеттігін айтқым келеді. Егер жеңіл өнеркәсіп ілгері басатын болса, сала кәсіпорындарында жұмыс істейтіндер еңбекақы алып, мемлекетке салық төлейді. Бұл бәріне тиімді – бюджетке түсім түседі, елде өзіміздің өндірген тауарларымыз пайда болады. Бұл орайда өнім сапасын ұдайы жетілдіріп отырған жөн, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС – аяқ киім мен киім шығаратын ірі өнеркәсіптік кәсіпорын. Алматылық тігіншілер сондай-ақ әскерилер мен күштік құрылымдарға арналған киімдер шығарады. Фабрика 4 жыл бұрын ашылған. Содан бері жұмысшыларының саны 15 есеге артты.
Қазіргі күні кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,5 миллион тігін өнімі мен 400 жұп аяқ киім шығаруға жетеді. Шығарылатын өнім түгелдей СТ-KZ сертификатына ие. Мұндағы қазақстандық қамту үлесі 50-75 пайыз болады. Соңғы екі жылда өндіріс көлемі 6,8 есеге ұлғайып, 393 миллион теңгеден 2,7 миллиард теңгеге жетті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: