Қазақстан мен Ресей әлемдік дағдарыс зардаптарымен бірге күресуге келісті
Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының барысында ЕАЭО аясындағы экономикалық ахуал және байланыстар басты тақырыптардың бірі болды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада бүгін өтіп отырған қазақстандық-ресейлік келіссөздерге қорытынды жасай отырып, «қазіргі қиын жағдайды ескере отырып – екі ел экономикасында үйлестірілген әрекеттер жасау мәселелері» талқыланғанын атап өтті.
«Ол үшін екі жақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қажет құралдардың барлығы бар. Еуразиялық экодомикалық одақта болу – бұл біздің елдеріміз үшін аса зор жағымды фактор. Қазақстандық өндірушілер ЕАЭО мүше елдер нарығына шексіз кіру мүмкіндігіне ие болды. Тек қана осы нарықта берік орнығу үшін, тауарларымыз, жұмыс және қызметтеріміздің бәсекеге қабілеттілігін көтеру қажет», - деп үндеді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Ресей президенттері сонымен қатар «әлемдік экономика түйткілдерінің зардабын жеңілдету жөніндегі нақты шаралардың жиынтығын айқындады».
«Бұл Қазақстан арқылы транзит, сонымен бірге құбыр желісі арқылы тасымалдау мәселелерін пысықтау, біз арқылы Қытайға өту мүмкіндігі, Каспийдегі Орталық және Хвалын кен орындарын бірлесе игеру, көмір өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық және Каспий теңізі бойындағы жаңа жол арқылы Парсы шығанағына транзит», - деп түсіндірді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекеттер басшылары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы жобасын» аяқтауды жеке талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы айта келіп, «аталмыш салалардағы серіктестікті одан әрі дамыту үшін әлеуеттің аса жоғары екенін» баса көрсетті.
Ресей дәстүрлі түрде Қазақстанның ірі серіктесі болып табылады. Бір жылдық орташа тауар айналымының көлемі шамамен $21 млрд құрайды. «Қазіргі баға құлдырауы жағдайында тауар айналымы төмендеуде. Бұл түсінікті дүние, деп ойлаймын, уақыт өте келе бәрі де қалпына келеді», - деп түйіндеді Қазақстан Басшысы.
РФ Президенті қиын жағдаяттарға қарамастан, сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенділігін сақтап қалуды жақтап сөз алды. «Қиын да тығыз жағдаятқа, экпортымыздағы жетекші тауарлар бағаларының түсуіне, валюта бағамының тербелісіне қарамастан, сауда-экономикалық әрекеттестігіміздің жоғары қарқындылығын сақтап қалуымыз керек», - деді ол.
РФ Президенті қазақстандық экономикаға жинақталған РФ инвестицияларының жалпы көлемі 9 миллиард доллардан асып түсетінін, ал Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестициялардың 3 миллиард долларды құрайтынын еске салды. «Ресейлік бизнес қазақстандық экономиканың барлық салаларында дерлік ұсынылған. 5,8 мың бірлескен кәсіпорын құрылып, табыспен жұмыс жасап жатыр», - деп атады Владимир Путин.
Осыдан соң Ресей президенті «елдеріміздің арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның нығаюына» назар аударды. Оның дамуының кезекті айналымы Өскемен қаласында қуаты жылына 120 000 авто болатын ресейлік АвтоВАЗ» зауытының ашылуы болмақшы. Сонымен бірге, Қазақстанда көп мақсатты тікұшақтарды құрастыруды ұйымдастыру жүргізіледі.
«Каспийде мұнайды бірлесе өндіру жөнінен үлкен жоспарларымыз бар», - деп жалғады сөзін Владимир Путин. Ол мемлекет басшыларының «1998 жылғы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін шектеу туралы Келісіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы құжатқа» қол қоятыны туралы ақпарат берді.
«Бұл компаниялардың Орталық құрылымында ірі көмірсутек кен орнын игеруге кірісуіне мүмкіндік береді», - деді Владимир Путин. Бұл құжаттың толық атауы – Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында 1998 жылғы 6 шілдедегі жер қойнауын пайдалануға тәуелсіз құқықты іске асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі түбін шектеу туралы Келісімге Хататамаға өзгерту енгізу туралы Хаттама.
Сонымен қатар Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында авиациялық іздеу және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге, Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында Домбравский позициялық ауданынан Қазақстан Республикасындағы жер телімін зымыранның бөлінетін бөліктерін құлау ауданы ретінде қолданумен зымыран жіберуді жүргізу кезіндегі әрекеттестік тәртібі туралы Келісімге, стратегиялық серіктестікті кеңейту туралы Келісімге қол қойылды.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: