«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық банк, экономикамен айналыс!

2015 жылғы 02 Қазан
9704 просмотров

ҚҚС бойынша өзгерістер емес, теңге өтімділігі мен қымбатшылығы көбірек алаңдатады

Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер санының болашақта өсуі – қазақстандық бизнес үшін ең өзекті мәселе емес, деп есептейді экономист Айдархан Құсайынов. Оның ойынша, кәсіпкерлердің ең өзекті түйткілі – теңгенің күштілігі және өтімділіктің болмауы.

Тақырып ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті төрағасы Дәулет Ерғожиннің «Атамекен» Пікірталас клубының отырысында сөйлеген сөзінен кейін дамып кетті. Ел салықшыларының басшысы «М1», «М2» және «М3» (айналымдағы ақшалай және ақшасыз қаражат саны және өзге де критерийлер) ақшалай агрегаттарына жасалған талдау теңгемен берілетін ақша жиынының сығымдалуын көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Бұл халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуінің, кредиттік, демек, инвестициялық белсенділіктің төмендеуінің анық белгісі. Талдаушылар бұдан жаңа валюта бағамы жағдайындағы ҚР Ұлттық банкінің айқын кредит-қаржы саясатының жоқтығын көріп отыр.

«Рубльдің еркін бағамы жайлы шешім қабылданғанда Ресейдің Орталық банкінің қалай әрекет еткенін еске түсірейік, - деп атады Айдархан Құсайынов. – Алдымен девальвациялық күтулердің әсері тарқауына уақыт берді. Иә, сол кезде бағам бір доллар үшін 70 рубльге дейін бірнеше есе көтеріліп кеткен еді. Бірақ ОБ оны сығымдап, интервенциямен тоқтатқан да жоқ – девальвациялық күтулер түгесілген соң экономиканы рубльмен толтыру басталды. РФ ОБ мақсатты түрде ресейлік бизнестің рубль жиынына қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, рубльдің 50-ден төмен нығаюына мүмкіндік бермеді».

Және де бұл әмбебап рецепт. Экономистің айтуынша, АҚШ Федералдық резервтік жүйесі мен Еуропаның барлық орталық банктері 2008 жылғы дағарыс кезеңінде және одан кейін дәл осылай қимылдаған екен.

«Банктер сандық тұрғыдан жұмсарту деп аталатын саясатты жүргізді, яғни дағдарыс жағдайында іскерлік белсенділікті ұстап тұру үшін, экономикаларын ақшамен толтырып, валюталарды еппен босатты, - дейді сарапшы. – Бізде керісінше. Ұлттық банк бір жағынан, теңгеге деген қысымды алып тастау үшін, ақша жиынын қысқартады, келесі бір жағынан, интервенциялар арқылы нарықтан соңғы өтімділікті тарта отырып, төмендетілген бейнарықтық бағам бойынша теңгені үнемі долларға конверсиялап отыр. Теңгенің күшін сақтап қалу жолындағы күресте өртелген Ұлттық қордың 28 млрд. доллары – мұның бәрі сол баяғы валютаға қамалған теңге өтімділігі. Бұл қазір де жалғасын табуда, тек 270 теңге деген жаңа деңгейде. Бүгінде біз банктер арқылы экономикаға толтырылған екі триллион зейнетақы ақшасы жайлы естіп жүрміз. Бірақ 28 млрд. доллар – бұл экономикадан шығарылған бес жарым триллион теңге. Реттеушінің өзімен-өзі мағынасыз әрі аяусыз шайқасуын бақылап отырмыз, ал онда зардап шегіп жатқан бизнес. Ал мұнда ақша бәрінен алынып, «уәкілетті» банктер арқылы таратылып жатыр – біреуге көбірек, біреуге азырақ».

Экономист бүгінде бизнестің айналымдық қаражатты тек мемлекеттік бағдарламалардың біріне қатысу арқылы ғана ала алатынын айтады, себебі Ұлттық банк белгілейтін реттеуші және пруденциялық нормаларға шырмалған екінші деңгейдегі банктер теңгемен кредит беруді қатаң түрде шектейді.

«Ұлттық банк, осылайша, инфляциялық процестерге қатаң бақылау орнатуға тырысады. Бірақ мұны неліктен кәсіпкерлік үшін тұншықтырғыш жағдайлар жасау жолымен жасау қажет?» - деген сауал қояды сарапшы.

Экономистің ойынша, Ұлттық банк банктермен ара қатынасын жөнге салып, өзінің берген уәделерін бірдеңе ғып орындауды бастауға тиіс.

«Егер теңгенің еркін бағамы төңірегінде берген уәдесі – теңгені қалыпты мөлшерге дейін босаңсытуды орындайтын болса, экономика «тыныс алатын болады». Өндірушілеріміз импортпен бәсекелесетін болады, экономиканың өсуін дамытып, бизнесті ақшамен жарақтандыра отырып, өтімділікті еркін түрде өсіруге болады. Теңге биржаға емес, шынайы сектор - сауда, өндіріс, еңбекақы және салыққа баратын болады. Бүгінде Ұлттық банк теңгенің күштілігіне табан тіреп алып, экономиканы әлсіретіп тастады – мұнда енді басты түйткіл салық емес, олар екінші тұр. Күшті теңгемен өндірушілердің табыстылығы болмайды, ақша айналымы жоқ, жалақы жоқ, сұраным да, бизнес те жоқ».

Сарапшы елімізде техникалық тұрғыдан дұрыс валюта саясатын жүзеге асыруды біршама оңай деп есептейді.

«Қазақстанда он ірі банк бар. Егер экономиканың өсуіне бағытталған дұрыс саясат болатын болса, олардың әрқайсысының басшылығымен және тіпті соңғы бенефициарымен техникалық орындау жөнінде жай ғана келісуге болады – одан ешкім ұтылмайды ғой, - деп есептейді Айдархан Құсайынов. – Айқын ойын ережесін орнатуға бөгет жасайтын не? Қаржы нарығындағы реттеушінің шексіз әкімшілік ресурстарына ие бола отырып, біздегі банк секторының жоғары шоғырлануын пайдалана отырып, Ұлттық банк қисынды монетарлық саясат жүргізе алмағаны ма?


Еншілес ұйымдар

Серіктестер