«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Германия тәжірибесі

2015 жылғы 04 Қыркүйек
10997 просмотров

Қазақстандық инженерлер өндірісті ұйымдастырудағы неміс тәжірибесін қалай игергендері жайлы сөз етеді

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы GIZ Халықаралық бағдарламалар орталығымен ынтымақтастықта құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын кәсіпорындардағы өндірістік процестерді басқаратын орта буынды қазақстандық инженер-техникалық жұмыскерлер үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияда машықтану ұйымдастырады.

Алматы электр-механикалық зауытының өндірісті даярлау жөніндегі инженері Болат Сарбасов машықтанудың арқасында жаңа білімге ие болғанын атады.

«Қазір зауытта 5 қарапайым қағиданы меңзейтін 5S жүйесін ұстануға тырысып жүрміз. Біріншіден, үнемі жоспарлап отыру қажет. Жұмысты күллі процесті бастапқы жоспарлаусыз бастауға болмайды. Екіншіден, өндірістің тазалығы. Гигиена ережелерін сақтау. Үшіншісі, стандарттау. Яғни барлық жұмыс процестері стандартталған болуға тиіс. Бірдеңені ойлап табудың қажеті болмайды. Ақауға және сапа стандартына сәйкессіздікке жол бермес үшін, барлық технология жазылып қоюға тиіс. Төртіншіден, бұл қандай да бір инновацияларды енгізетін даму бөлімі болуға тиіс. Және де, бесіншіден, әрбір жұмысшы тар көлемді маман болып, тек өз жұмысын ғана орындауға тиіс. Қазір өндірісімізде барлық жұмысшылар негізінде кең көлемдегі мамандар, яғни олар бәрінен аз-аздап қана хабардар», - дейді инженер.

«Мұндай машықтанулар өндірісте жұмыс жасайтын инженер-техникалық кадрлар үшін өте пайдалы, әрине. Германия тәжірибесін зерттеу аса қызықты болды. Volkswagen, BMW, Lufthansa компанияларында болдық. Оларда өндірістік ұйымдастыру өте жақсы дамыған. Бізге бағдарлама қатты ұнады», - деп атады оның әріптесі, Кентау трансформатор зауытындағы техникалық бөлім инженері Нұрбол Тілемісов.

Ол Германиядағы көргендерінен кейін өндірістегі жұмысқа деген көзқарастарының өзгергенін баса айтты. «Біз мұнда визуалды менеджментті қолданамыз. Яғни адамның жүгіріп барып, техникалық нұсқаулықты қарауы қажет емес. Қандай да бір техникалық процесс туралы ақпарат фотосурет және жазбалар түрінде зауыттың бұрыш-бұрышында ілініп қойылған. Бұл өзінше бір «ескертпелер», - деп түсіндірді Нұрбол Тілемісов.

Өскемен арматура зауытындағы жөндеу және сынақтар жөніндегі инженер Қуат Хайдаров сапар жайлы өз ойымен бөлісті. «Бұрын бізде кәсіпорында қолданылмаған көптеген жаңа дүниелерді көрдік. 5S енгізудің қандай да бір нышандары болған, бірақ нәтижені көргенде – бұл басқаша қабылданады», - деді ол.

Инженердің айтуынша, соңғы кездері кәсіпорындағы қиын жағдай салдарынан өндіріске жаңа технологиялар енгізілмеген: қызметкерлер санын оңтайландыру жүрген, тапсырыстар болмаған. «Қазір бәрі қалпына келуде, бірақ нәтижелер жайлы айтуға әлі ерте. Жақын болашақта осының бәрі қажет болады деген сенімдемін. Босқа барып келген жоқпыз. Бізде бастамасы ғана бар SAPR автоматтандырылған өндіріс жүйесін көріп қайттық», - деп жалғады сөзін ол.

Локомотив құрастыру зауытының кадрларды даярлау жөніндегі инженері Айдос Жүнісбеков Германияның дуалды білім берудегі тәжірибесін зерттеген. Ол кәсіпорындарында техникалық мамандықтар бойынша өндірістік іс-тәжірибеден өтетін студенттердің оқуына жетекшілік етеді.

«Әрине, Германияға жетуге әлі көп уақыт керек, бірақ біз қазақстандық өнімнің осындай деңгейдегі сапасына қол жеткізу үшін, оқимыз, жетілеміз. Германияда  өндірісте іс-тәжірибеден өтіп жатқан  студенттер еңбекақы алады. Бізде бұл көзделмеген. Дей тұрғанмен, студенттер бізге қуана-қуана келеді. Мәселен елордалық техникалық колледжден бізде 6 студент машықтанды, оның үшеуін жұмысқа алдық», - деді Айдос Жүнісбеков.

Германияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 55 адам машықтанудан өтті, оның ішінде 2014 жылы – 36 және 2015 жылы – 15 адам. Қазір стипендия беруге құжаттар жинау жүріп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер