«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың Макроэкономикалық зерттеулер орталығының Директоры Олжас Құдайбергеновке берген жауабы

2015 жылғы 07 Тамыз
11239 просмотров

Құрметті Олжас!

Ашық хатпен танысып шығып, сіздің ынтымақтастық пен ымыра іздеуге ұмтылысыңыз, сөзсіз, назар аударуға лайықты деген ойға келдім.

Экономикада қолданылып жатқан барлық шараларды көпшілік болып талқылау ғана қажетсіз жорамалдарды болдырмауға көмектеседі әрі жұртшылықты экономикалық өсімнің баяулауы жағдайында шоғырландыруға сеп болады.

ҰКП негізгі міндеттерінің бірі шешім қабылдауға жауапты мемлекеттік органдарға бизнестен кері байланысты жеткізу болып табылады.

Осы мақсатта біздің құрылымдық бөлімшелер мен салалық комитеттер отандық кәсіпорындармен арадағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп тұрады, сондықтан да «Атамекен» ҰКП орын алып отырған жағдайдан хабардар.

ҰКП сарапшылары қалыптасып отырған күрделі экономикалық жағдайға талдау жасап, тенденцияларды бақылауды былтырғы жылдың күзінде бастап кеткен еді. Ал 2015 жылдың ақпан айында Палатада Жедел штаб құрылды. Бізге ірі, орта және шағын бизнестен 100-ден астам өтініш келіп түсті, соның ішінде Индустрияландыру картасының аясында өздерінің инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатқан 20 кәсіпорын да бар. Талдау тамақ өнеркәсібі (2015 жылдың 1 жарты жылдығы үшін 15%) мен машина жасау (30%) саласының ерекше төмендеп қалғанын көрсетіп отыр.
Тамақ саласы бойынша сандық мәліметтерді егжей-тегжейлі келтіре кетейін.

2015 жылғы бірінші бес жылдық үшін құс еті өндірісінің 37%-ға айтарлықтай төмендегені аталады.

Май саласы бойынша өсімдік майы, маргарин мен тамақтық май өндірісі 12%-ға қысқарған. Атап айтқанда, «Шымкентмай» АҚ өндірісін 21%-ға төмендеткен. Шоколад пен қанттан жасалатын кондитерлік өнімдер өнідірісі 20% қысқарған, соның ішінде «Баян Сұлу» АҚ өндірісін 30% қысқартқан.

Алкогольсіз өнім саласында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Юникс» ЖШС («Тассай» сауда белгісі) жеке өнімі өндірісінің көлемі 15%-ға қысқарғанын айтады.

Оның үстіне, бұрын болмаған тренд байқалады: Қазақстанның Астықты қайта өңдеушілер одағы берген деректер бойынша, 2014 жылғы қараша айынан бастап 2015 жылғы мамыр айына дейін ұн тарту кәсіпорындарында қайта өңдеу үшін Ресейден 500 мыңнан астам тонна астық әкелінген.

2015 жылғы 1 жарты жылдық қорытындысы бойынша 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптік өндірістің физикалық көлемінің индексі (ФКИ) республиканың сегіз облысында төмендеген, олардың арасында төмендеу жөнінен шекара маңындағы өңірлер (ШҚО, Павлодар, Қостанай облысы, СҚО) көшбасында тұр.

Сонымен қатар, бақылау жүйесінің жоқтығынан, Ресейден келетін «сұрқай» импорт белең алуда.

Осы жылдың 25 маусымында біздің бастамамызбен еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті. Осы кездесуде кәсіпкерліктің ағымдағы жағдайы жайлы баяндадық (слайдтармен берілген баяндама Палата сайтында көпшілікке арналып орналастырылған).

Рубль мен теңге арасындағы бағамдық айырмашылықтың диспаритеті Ресейден келетін импорттың күрт өсуіне себеп болғаны аталды. 2015 жылғы 6 ай ішіндегі тауарлардың темір жолмен өту мәліметтері «Қазақстан Темір Жолы» АҚ деректері бойынша Ресеймен қатынастағы темір жолдың барлық түлеріндегі жүк айналымының экспорт бағыты бойынша 15% төмендегенін, ал импорт бойынша 15% артқанын көрсетеді. Бұл импорттың өскендігінің жанама көрсеткіші, бірақ қалыптасып келе жатқан арзан импорттың ағылу трендін анық көрсетеді.

Рубль бағамының түсуі және, сәйкесінше, ресейлік өнім бағасының төмендеуі де капиталдың Қазақстаннан Ресей Федерациясына аса көп көлемде әкетілуіне алып келді! 2014 жылғы қазан айынан 2015 жылғы маусым айына дейін Қазақстан аумағындағы айырбастау пункттері 151 млрд ресейлік рубльді сатқан (2,8 млрд. доллар). Өткен 2014 жылдың өзінде Ресейден Қазақстанға 79 332 авто әкелінген (оның ішінде 6 634 ескі, іс жүзінде утилизацияға тиісті). 2015 жылғы алты айға жетпейтін уақытта 151 085 авто әкелініп қойған (оның ішінде 85 075 пайдаланылған).

Экспортқа бағдарланған ірі шикізат кәсіпорындары бойынша деректерді әдейі келтірмей отырмын. Мұндағы негізгі экспорттық жайғасымдарымызға деген әлемдік бағалар төмендеуімен арадағы жағдай өздеріңізге жақсы белгілі, оның үстіне бұл жағдайдың теңге девальвациясының ықтимал факторы болып табылатынын өздеріңіз де атап өткен едіңіздер. Бұл жерде Арселор Митталдың шамамен 10 мыңға жуық адамды қысқартуы мүмкін екені туралы белгілі деректі атап өткім келеді. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіндегі де жағдай да белгілі. Онда 12 мыңға жуық қызметкер қысқаруға ұшырауы мүмкін.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен келген ақпарат бойынша, үстіміздегі жылдың 17 шілдесіндегі ахуалы бойынша өндірістің бәсеңсуіне байланысты 313 кәсіпорында 3861 адам қысқарған, 4040 адам жұмыстан шығарылған, 7112 адам толық емес жұмыс күніне көшірілген, 2051 адам еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген, 2039 адамның еңбекақысы 50% мөлшерде төленеді. 2014 жылғы ақпан айымен салыстырғанда «түйткілді» кәсіпорындар саны 3 есеге артқан (106-дан 313-ке), қысқарған және жұмыстан шығарылған қызметкерлер саны 4,8 есеге өсіп отыр (1631-ден 7901-ге), жұмыстың икемді тәртібіне көшуге мәжбүр болған қызметкерлер саны 1,7 есе көбейген (6406-дан 11 202-ге).

Жоғарыда аталғаннан екі дағдарыстық құбылыстың алғаш рет жіктеліп отырғаны байқалады: бірі негізгі экспорттық жайғасымдарға, соның ішінде мұнайға деген бағаның бір жылдан астам уақыт бойы құлауымен байланысты, бұл бюджеттің секвестрленуіне, капиталдық шығындардың 30% төмендеуіне алып келді, мұнай сервистік бизнес сұраныстың үлкен көлемде қусырылуын сезінді, бұған ресейлік рубльдің девальвациясы қосылып, ол қайта өңдеу саласындағы орташа кәсіпорындарға соққы болды.

Жыл басында қалыптасқан жағдайда жасалатын әрекеттің үш нұсқасын көпшілікке жариялаған болатынбыз:
1) ЕЭАО аясында көзделген импортты уақытша шектеу, бұл туралы хабардарсыздар. Үкіметтер деңгейіндегі келіссөздер еш әсерін бермеді.
2) Нүктелік субсидиялау. Қайта өңдеу кәсіпорындары үшін 70 млрд теңгеден астам мөлшерде нүктелік субсидия нұсқасын даярладық, бірақ секвестр себебінен Үкіметте бюджеттік мүмкіндіктер болмай отыр.
3) Валюта бағамының тепе-теңдігі.

Жекелеген немесе кешенді шараларды қолдануға Үкімет пен Ұлттық Банк жауапты. Біздің міндет – осы жағдайды жеткізу, және де осы мақсатта өңірлерде кәсіпкерлерден сауалнама алдық, тұрақты негізде Түйткілді мәселелер тізілімін жүргіземіз, 25 маусымда Үкіметке кәсіпкерліктің ағымдағы жай-күйі жайлы баяндадық.

Кемшіліксіз шешім болмайды. Бұл жерде өзіңді де, өзгені де алдаудың қажеті жоқ.

Өзіміздің салалық комитеттерден консультация алғаннан кейін бағамды түзету бойынша шоғырландырылған жайғасымның жоқтығын анықтадық. Бір салалар пайда табады, басқалары шығынға ұшырайды, сондықтан да жыл басынан бері түсінік бермей келеміз. Ошақбаев Рахым өзінің экономист ретіндегі жеке ұстанымын айтып жүргенін үнемі баса көрсетеді. Жақында ғана өткен баспасөзбен кездесуде ресейлік импорттың өсу жағдайында екі нұсқа ғана қалғанын атап өттім, не нүктелік субсидиялау, не бағамды түзету. Қандай нұсқаны таңдау керектігін пікірталаспен шешу керек. Сіздер мен басқа да ниет етуші сарапшылардың қиындыққа ұшырап отырған әрі еш шара қолданылмаса, жыл соңына дейін өндірісін тоқтатуы ықтимал кәсіпорындарға сапарын ұйымдастыруға дайынбыз.

Үкімет өз мүмкіндіктеріне қарай отандық кәсіпорындарды қолдау шараларын жүзеге асырады (табиғи монополистер қызметтеріне жеңілдіктер, экспорт алдындағы субсидиялар, салықтық босаңсытулар және т.б.). Бұл шаралар айтарлықтай қолдау береді, бірақ жағдайды өзгерте алмады.

Талдамалық зерттеулердің маңыздылығын түсінеміз. Бірнеше ай бұрын Аналитикалық бөлімше құрылған болатын. Ол өңірлер мен салалардағы отандық бизнестің жай-күйін зерттеу жөніндегі жұмысқа кірісіп кетті. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында осы жұмыстың нәтижесін Үкімет пен жұртшылыққа ұсынамыз.

Аналитикалық орталықтың басшысы Ерлан Хасенбеков сізбен кездесіп, ықтимал әріптестік жолдарын талқыға салуға дайын.
Қорыта отырып, Ұлттық палата ұстанымының әрдайым ашық екенін, оны БАҚ-қа үнемі жариялап тұратынын атап өткім келеді.

Құрметпен,
Абылай Мырзахметов

 

Еншілес ұйымдар

Серіктестер