Жауапқа тартылсын!
Атырауда бизнесті дамытуға кедергі келтіргені үшін қала әкімінің орынбасары мен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы жауапқа тартылды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Атырау облысы прокуратурасы арасында жасалған меморандум аясында Палата сарапшылары қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің қызметін жоспардан тыс тексеруге тартылды.
Тексеріс қорытындысы бойынша кәсіпкерлер құқығын бұзудың көптеген деректері анықталды. Мұнда кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін жер телімдерін бөлу туралы шешім беру мерзімі әдейі созылған. Өтініштерді қарау кезінде әуре-сарсаңға салу, дәлелсіз бас тартулар, өтініш қабылдау реттемесін бұзу деректері расталды.
Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінде кәсіпкерлер құжаттарын қабылдау және беру сағат 09.00-ден күндізгі 12.30-ға дейін қысқартылған. Қадағалау органының қарсылығы бойынша мемлекеттік органдар қызметі реттеме орнатумен сәйкестікке келтірілді – енді құжаттарды қабылдау және беру сағат 09.00-18.00 аралығында жүргізіледі.
Жұмысындағы аталмыш кемшіліктер үшін қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырқожа Дәулетияров әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Зайдуллин де тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Аталған түйткілдер осы қызмет түрлерін көрсетуге қоғамдық бақылау жоқтығынан, сондай-ақ осы лауазымды тұлғалардың салғырттығынан орын алып отыр. Анықталған бұзуларды жою үшін және осы мәселеге қайта оралу үшін нақты мерзім белгілеу қажет деп есептеймін. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы, қадағалау органы тарапынан болатын тұрақты мониторинг қана емес, жұртшылықтың кеңінен қатысуы қажет. Әйтпесе мұндай толғақты мәселені шешу оңайға соқпайды, себебі бұзулар жүйелік сипатқа ие», - дейді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.
Тексеру сәтінде азаматтар мен бизнес өкілдерінен келген 700-ден астам өтінішті қарау мерзімі бұзылып, процедуралық шешуді күтіп жатқанын айта кету керек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: