«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық банк тең ортасын таңдапты

2015 жылғы 15 Шілде
9977 просмотров

Жетекші экономистер теңге бағамы және Ұлттық банктің валюта дәлізін кеңейту туралы шешімі төңірегіндегі жағдайға түсінік берді

Қазақстанның Ұлттық банкі валюта дәлізін бір доллар үшін 170-188-ден 170-198 теңгеге дейін кеңейтті. Реттеуші 2015 жылғы бірінші жарты жылдықта жүргізілген «біршама икемді және бірқалыпты бағам қалыптастыру саясатын» жалғастыратыны жайлы мәлімдеді.

«Бұл дегеніміз, кенеттен орын алатын девальвация сценарийі мүлдем қаралмайды, бұл да дұрыс. Оның үстіне теңгенің біртіндеп босаңсуы мәселенің өткірлігін төмендетеді», - деп жазыпты Макроэкономикалық зерттеулер орталығының басшысы Олжас Құдайбергенов өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Сарапшы мәлімденген сценарийдің теңгенің долларға қатысты айына 0,5-1 теңгеге біртіндеп босаңсуын болжап отырғанын атап өтеді. Бұл, сыртқы шарттарды ағымдағы шамада сақтап қалған жағдайда, дәліздің жұмыс уақытын келесі жылдың ортасына дейін немесе тіпті соңына дейін созуға мүмкіндік береді.

«Ағымдағы сәтте бағамның бір доллар үшін 187 теңгені құрайтынын ескере отырсақ, онда тіпті айына 1 теңге жылдамдықпен ең жоғарғы көлемде босаңсыған жағдайда да (198 теңгеге дейін), бір жыл бойында бағам 5,9%-ға босаңсиды. Бұл долларлықтармен салыстырғанда (мөлшерлемесі шамамен 3%) теңгелік депозиттерді (мөлшерлемесі шамамен 10,5%) біршама пайдалы түрде сақтауға мүмкіндік береді. Берілген өлшемдердің «теңгелік кепілдік» сценарийіне  өте жақын екенін атап өту керек, бұл оның жақын айларда толық қабылдануынан үміт береді», - деп мәлімдеді ол.

Олжас Құдайбергенов егер Ұлттық банк мәлімделгенді жүзеге асыра алса, ол өзіне деген сенімді қалпына келтіріп қана қоймай, реттеуші сонымен қатар валюта саясаты үшін біршама ұзағырақ көкжиектер белгілей отырып, аталмыш саясатты келер жылдары да жалғастара алады дейді.

«Әрине, мұның бәрі теңгелік депозиттердің пайдалылығын ғана емес, теңге бағамының жоғары болжамдылығын қамтамасыз етеді де, бұл ұзақ мерзімдік инвестициялық жобаларды жоспарлауды жеңілдетеді (банктердің қарыз беруде валюта тәуекелдерін бағалауы жеңілдейді). Жалпы, жоғарыда берілген сценарий ағымдағы жағдайда экономика үшін «тең ортасы» болып табылады», - деп қорытты ол.

Экономикалық шолушы Денис Кривошеев те Ұлттық банк шешімі жайлы жаңалыққа бірден жауап қатты. Оның болжамы мұншалықты қуантарлық емес.

«Нарық рұқсат етілген кеңістікті жылдам меңгеріп алады да, ұлттық валюта мен өндірушілерге қайтадан қысым жасай бастайды. Осылайша, Ұлттық банк біртіндеп өзгерте беруді жөн көрді деген қорытынды жасауға болады. Еліміздің экономикасы үшін теңгенің рубльмен 1:5 қатынасы оңтайлы болып қала береді, оған сәйкес доллар шамамен 290 теңге тұруға тиіс. Әлемдік ресурстар нарығындағы жағдайды ескере отырып, жағдай өрши береді, және де қалған шикізаттық экономикалар құбылмалы бағамда ғана күн көре алады. Қазақстан жағдайында теңгенің босаңсу жағына қосымша түрткі ДСҰ, сондай-ақ ЕАЭО болмақшы, онда девальвация бәсекелестігі механизмі іске қосылған», - деп жазыпты ол да сол әлеуметтік желіде.

Экономист Мағбат Спанов Ұлттық банк саясатын «жасырын девальвация» деп атады. «Үкімет және Ұлттық банк шындап жұмыс жасауды және нарықтық реформалар жүргізуді сол күйі бастамады. Бұл қазір Қазақстанда орын алған саяси жүйеде мүмкін емес. Аталмыш экономикалық реформалардың халықтың әлеуметтік деңгейінің төмендеуі болмайтыны жайлы сөздермен қайшы келетіні түсінікті, бірақ кешеуілдету тіпті жаман болады. Девальвация немесе жасырын девальвация өз бетінше Қазақстанның экономикалық түйткілдерін шешіп бермейді. Мұнай, түсті металл, металлургия бағасы төмендеп барады, сондықтан да басқа резервтер қажет. Ал қазіргі жүйемен басқа резервтер болуы мүмкін емес», - деп мәлімдеді ол.

Мағбат Спанов Қазақстанда экономикалық реформалардың саяси жүйедегі өзгерістерге табан тірегені жайлы пікір айтты.

«Яғни біз экономика дамуында белгілі бір максимумға қол жеткіздік. Және де үкіметтің бизнесмендерге қарсы соңғы әрекеттері шенеуніктердің нарықтық ортада жұмыс жасауды ақыры үйренбегенін ғана көрсетеді, ал онда кәсіпкерлермен тең серіктес деңгейінде сөйлесіп, оларға ақшаны қайда салу керектігін және қаржы қаражатын қалай жұмсау керектігін түсіндіруге тиіс. Әкімшілік-топтық басқару әдістері, өкінішке орай, өзін көрсетуді арттырып келеді», - деді ол.

Экономист шенеуніктерге «дөңгелек үстелдер мен жиналыстарда отыра бермей, халық арасына, өңірлерге, салаларға, кәсіпорындарға баруға» кеңес берді.

«Егер әрбір әкім немесе министр, вице-министр немесе департамент бастығы бір-екі кәсіпорынды бақылауына алса және оны ақылға салып, экономикалық, маркетингілік лайықтылығын, логистиканы есептеп шықса, онда біз дағдарыстан белгілі бір экономикалық қуатпен шығар едік. Дағдарыстар бізде бәрі жақсы, тұрақты деп айту үшін емес, қажетсізден арылып, алға жылжу үшін орын алады», - деп атады Мағбат Спанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер