«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер жасалуы мүмкін?

2015 жылғы 02 Шілде
10294 просмотров

Бұдан былай нүктелік жаппай бақылау болмайды, кәсіпкерлер енді шексіз тексерістер астында қалмайды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің I Конгресінде ҚР Қаржы министрлігінің Жауапты хатшысы Наталья Коржова Қазақстанның отандық бизнес-ханымдарына қаржы ведомствосының кәсіпкерлер пайдасына қабылдаған жеңілдіктері жайлы ақпарат бере отырып, осылай деп мәлімдеді.

«Егер салықты адал ниетпен төлеушілер болып табылсаңыздар, егер орындалған жұмыстар бойынша бюджеттік ассигнациялау төлеміне қатысты сауалдар туындатпасаңыз, онда салықшының да, тексерушінің де келуге құқы жоқ! Егер көрсеткіштер айырмашылығы анық байқалып отырса, сізге қоңырау шалуға немесе хат жолдауға тиіс және қандай көмек көрсету керектігін сұрайды. Тек қана тексерісті талап ететін қандай да бір деректер болған жағдайда, қазір енгізіліп жатқан тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, сізге бақылаушы келеді, ал сіз одан бұл тексерістің Бас прокуратурада тіркелгенін талап етуге құқылысыз», - деп Наталья Коржова тексеріс шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қаржы ведомствосының ҰКП және Парламентпен бірге асқан ұқыптылықпен жүргізетін заң шығару жұмысы жайлы айтып берді.

«2015 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеушілерге көптен күткен бизнесті өз еркімен тарату, не болмаса аудиторлық ұйым қорытындысы негізінде кәсіпорынды жабу құқығын бердік», - деп хабарлады Наталья Коржова. Ол сонымен қатар бұның үлкен прогресс екенін айтуды ұмытпады, себебі осы себеп төңірегінде кәсіпкерлерден шағымдар көптеп түскен еді.

Қаржы министрлігінің өкілі сонымен қатар 2016 жылдан бастап электронды аудит енгізілетінін хабарлады. Бірақ әзірше бұл ірі салық төлеушілерге ғана қатысты.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтер көрсету үшін электронды кезекті басқару жүйесі орнатылған. Бұл электронды форматта жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге өте ыңғайлы. 

«Біз бюджеттік сыныптауыш кодтары мөлшерін 87 пайызға азайттық, содан, бюджеттік сыныптауыштағы 208 кодтан 119-ын қысқарттық. Бұл, шын мәнісінде, Қазақстан үшін үлкен жетістік, және де бюджеттік әрі салықтық тәртіптен хабар береді», - деді Наталья Коржова.

Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы сонымен қатар жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді тіркеу есебінен алып тастау үшін ұсынылатын құжаттар саны 7-ден 4-ке дейін қысқартылғанын хабарлады. Бұл да жұмысты жеңілдетеді.

«Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін оларды бухгалтердік есептен босату жөніндегі нормалар енгізілді», - дейді Наталья Коржова.

Кедендік әкімшілік етуге келер болсақ, Қаржы министрлігі өкілінің айтуынша, кедендік декларациялауға қажет құжаттар саны қысқартылған (4 құжат - импортқа және 3 - экспортқа). Сонымен қатар декларациялауды растаушы құжаттарды растаусыз электронды түрде ғана өткізу мүмкіндігі көзделген.

«Тәуекелдерді басқару жүйесі нұсқауларының негізінде ғана тауарларды кедендік тазарту кезеңінде кедендік бақылауды енгіздік. Салық төлеушіні кабинет арқылы бақылау жолымен кедендік бақылау назары құнды айқындау, тауарлар сыныптауышы, жеңілдікті ұсыну мәселелері бойынша негізгі кедендік ресімдеу кезеңінен шығарудан кейінгі кезеңге аударылды. Яғни, посткедендік бақылау міндетті, бұл бәрімізді тәртіпке салуға тиіс», - деп түсінік берді Наталья Коржова.

Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы сонымен қатар уәкілетті экономикалық оператор институты арқылы өзара тиімді серіктестік, ынталандыру және адал ниетті кәсіпкерлік, өзара ашықтық және ынтымақтастық қағидаты енгізіліп жатқанын хабарлады.

Наталья Коржова сонымен бірге автомобильдік өткізу бекеттеріндегі бақылау органдарының саны қысқартылғанын қоса айтты. Онда 5 қызметтен 2 – шекаралық және кедендік қызмет қана қалған. Көлік, санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық, фитосанитарлық және радиациялық бақылауды тек Қаржы министрлігі, мемлекеттік бақылау органы жүзеге асыратын болады.

Қаржы министрлігінің өкілі мемлекеттік сатып алулар туралы заң жобасының жаңалықтары жайлы да сөз етті. Сонымен, оның айтуынша, техникалық спецификация жобаларын алдын ала талқылау институты енгізілмекші.

Қаржы министрлігі сондай-ақ шағымдану кезеңінде шарттарды жасасуды тоқтата тұруға шешім қабылдады.

«Тендер қорытындысы бойынша жеңілген тарап шағым жазып, ал жеңімпаз бұл уақытта шарт жасасып жататын жәйттер жиі кездеседі. Олар мән-жайды анықтап жатқанда, байқау жеңімпазы алған бюджет қаражатын жұмсап қояды. Әрине, бизнесмендер бұған алаңдаулы. Сондықтан да біз оларға көмекке келдік. Алдымен мәселенің мән-жайын анықтап алып, осыдан кейін ғана жеңімпаз компаниямен шарт жасасқан дұрыс болады», - деп түсіндірді Наталья Коржова.

Сонымен қатар байқаудың басқа қатысушыларының өтінімдері мен құжаттарын қарау мүмкіндігі жолымен әлеуетті жеткізушілерді өзара бақылау белгіленген. Оның айтуынша, мемлекеттік электронды алаң Қазақстанда ғана бар. Ол өндірістік пайдалануға биылғы жылы енгізілген.

«Электронды форматтағы байқауға қатыса отырып, барлық қатысушыларды көріп қана қоймай, өзара бір біріңізді бақылай аласыздар», - деп түсіндірді Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы. Ол сонымен қатар шат жасасудың тек қана электронды форматы енгізілетінін айтып өтті.

Наталья Коржова жақын арада орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер актілері тауарларын жеткізуге арналған шот-фактуралар мен жөнелтпе құжаттарының электронды болатынын жеткізді. Оның ойынша, бұл жаңалық жалған кәсіпкерліктен және заңсыз қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырудан кетуге мүмкіндік береді, себебі сатып алу-сату процесі ашық түрде жүргізілетін болады.

Электронды банк кепілдіктерін енгізу – Қаржы министрлігінің жақында жүзеге асыратын жоспарлары.

Сонымен қатар уәкілетті органға әлеуетті жеткізушілерді сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енгізу бойынша өкілдіктер беру, мемлекеттік сатып алулардың жаңа екі тәсілін енгізу (алдын ала біліктілік іріктеуімен өтетін байқау және электронды дүкендер жүйесі), және де бір көзден болатын сатып алуларға қойылатын талаптарды күшейту ұсынылуда. 

Наталья Коржова сонымен қатар соманы енгізу немесе шарттың орындалуын қосымша қамтамасыз ету кезінде әлеуетті жеткізушілерге демпингтік баға ұсыну мүмкіндігін көздейтін демпингке қарсы шаралар енгізуді маңызды шара деп санайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер