2015 жылғы 1 қазанға дейін бақылау-кассалық машиналарға көшуге өтпелі кезең жарияланды
Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов ҰКП-да өткен жиналыста осылай деп мәлімдеді
Бүгінде деректерді беру және (немесе) тіркеу функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндеттейтін нормаға қатысты мәселе ерекше өткірленіп тұрғанын атау керек. «Атамекен» ҚҰ ҰКП Салық департаменті директоры Жеңіс Жанболатованың айтуынша, осы мәселе төңірегінде Палатаға кәсіпкерлерден 20-ға жуық өтініш келіп түскен. Мәселе мұндай БКМ өңірлерде жоқтығына орай туындап отыр.
Ал салық органдарының хабарлауынша, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап бензин, дизель отыны және алкоголь өнімдерін көтерме және (немесе) бөлшек сатушы жекелеген салық төлеушілер деректерді беру және (немесе) тіркеу функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндетті.
МТК басшысының орынбасары мәлімдегендей, осы жылдың 1 қазанына дейін өтпелі кезең жарияланады.
«2015 жылғы 1 шілдеден бастап БКМ-ға көшу жүзеге асырылуға тиіс. Бұл өте өзекті мәселе. ҰКП алаңында осымен үшінші рет кездесіп отырмыз. Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин келіп: «Бізде өтпелі кезең болады», - деп нақты айтқан еді. Осы жылдың үшінші тоқсанында, 1 қазанға дейін кәсіпкерлерге айыппұл салмайды және тексермейді. Атап айтқанда, 2 шілдеге дейін осы аппаратқа көшуге тиіс салық төлеушілерге шамамен 44 мың кассалық аппарат қажет. Бүгінде шамамен 300 кәсіпорын бар. Алкоголь өнімдерін сатушы салық төлеушілер негізгі көпшілікті құрайды, олардың көшуге тиіс болған саны – 40 мың. Олар бойынша модернизация жүруде. Негізінде, екі арналыны бір арналыға көшіру, бұйрықты өзгерту сияқты өз міндеттемелерімізді орындап жатырмыз, бұйрыққа өзгертулер енгізіледі. Қазір осының бәрі мақұлдау кезеңінде жатыр, бұйрық жақында шығарылады. Сонымен бірге жұмыс кездесулері кезінде өтінішпен келгендерді бұйрықпен тізілімге қосып жатырмыз. Яғни жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір бұған қатты назар аудармаймыз деп ойлаймын. Егер алда түйткілдер туып жатса, байланысқа шығуға дайынбыз. Қазір 1 қазанға дейін өтпелі кезең деп белгіледік. Болашақта – өңдеу шамасына қарай, бірақ заң қабылданып қойды, және де оны сақтау керек. Тізілімге енгізілгеннен кейін деректерді беру және (немесе) тіркеу функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарымен барлық облыстар қамтамасыз етіледі. Жаңадан нарыққа келушілерді барынша тіркейміз және тізілімге енгіземіз», - деп түсінік беріп кетті МТК басшысының орынбасары Арғын Қыпшақов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер:
Замученный бухгалтер