Ұлттық банкке қояр сұрақ: Инфляциялық таргеттеу қашан болады?
Үкімет басшысы Ұлттық палата Төралқасының кеңейтілген отырысында ұсынылған шаралар кешенін мақұлдады, ал кейбір ұсыныстар бойынша нақты шешімдер шығарылып та қойды.
Алайда, сарапшылардың пікірінше, Палата ұсынатын отандық өндірушіні қорғау жөніндегі шаралар валюта бағасы айқын болғанда ғана тиімді болмақшы.
Палата Басқармасының Төрағасы Абылай Мырзахметов ел Премьер-министрінің қатысуымен өткен ҰКП Төралқасының кеңейтілген отырысы қорытындыларына түсінік бере отырып, рубль бағамының құлауы салдарынан қаптап келген ресейлік импорт ағыны отандық өнеркәсіпті адам нанғысыз шығынға ұшыратқанын жеткізді.
«Отандық өндірушіні қорғап қалуымыз керек. Және де біз түбегейлі шаралар кешенін ұсынып отырмыз. Оны Премьер-министр Кәрім Мәсімов те қолдап отыр… Бірақ олардың тиімділігі толығымен Ұлттық банк шешіміне байланысты болып отыр, ал оның тарапынан елеулі ештеңе көріп отырған жоқпыз», - деп мәлімдеді ҰКП Басқарма Төрағасы экономикалық шолушы Денис Кривошеевтің сауалына жауап бере отырып.
Үкімет басшысы бизнес-қоғамдастық өкілдерінің рубль мен теңге бағамдарының диспаритеті жағдайында дамып жатқан отандық нарықты қорғау бойынша бірінші кезекті шаралар туралы пікірлерін мұқият тыңдап шықты. Мәлімделген дүниелердің көбін Үкімет шешіп те жатыр.
Алайда барлығы да ақша-кредит саясатының анық келешегі болмауы түйткіліне келіп тіреледі. ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев көршілес елдердің ұлттық валюталарының рубльге қатысты бағамын босаңсытқанын, тек Қазақстан ғана ағымдағы бағамды өзгертпей отырғанын атады.
«Бұл жерде Ұлттық банктің басты мақсаты мен міндеттері туралы ескі пікірталасымызға оралғанымыз жөн шығар. Қазіргі сәтте Ұлттық банктің басты мақсаты мен міндеті баға тұрақтылығын ұстап тұру болып табылатынын білесіздер. Ұлттық банк жақында ғана жаңа ақша-кредит саясатын қабылдады. Онда орташа мерзімдік келешекте инфляциялық таргеттеуге көшуді жария етті. Бұл дегеніміз теңгенің икемді бағамын білдіреді. Бірақ бұл бағытта қандай да бір жүйелі қадамдарды көріп отырған жоқпыз», - деді Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев.
ҰКП төрағасы орынбасараның айтуынша, Палата басшылығы Ұлттық банктің инфляцияны ұстап тұру үшін ғана емес, экономика өсімі мен жұмысбастылық үшін де жауап беруін дәйектілікпен алға тартып жүр.
«Ағымдағы экономикалық жағдай Ұлттық банк мақсаттарының теңгерімсіздігін аса өткір көрсетіп отыр…. Сондықтан да жүйелік дүниелер жайлы айтып отырған болсақ, онда Ұлттық банк функцияларына экономикалық өсім және жұмысбастылық функцияларын жүктеу қажет. Себебі ақша-кредит саясаты, экономикадағы ақша көлемі, бағам айырмашылығы – бұл осы көрсеткіштерге тікелей әрі аса салмақты түрде әсерін тигізетін факторлар», - деп есептейді Рахым Ошақбаев.
Палата Төрағасы Абылай Мырзахметов Ұлттық банктің қалыптасқан жағдайдан шығу бойынша нақты шаралар жариялаған жоқ деп санайды.
«Біз «теңге өтімділігі» түйткілін шешу бойынша тиімді түрде әрекеттесудеміз. Палатада екі рет кездестік. Оның презентациясына құлақ түрдік. Келімбетов мырза «орта мерзімдік келешекте» инфляциялық таргеттеу шараларына көшу туралы айтып берді. Бірақ бұл не қылған «орта мерзімдік келешек»? Басты сауал – қашан? Сол күйі жауап болмады», - деді Абылай Мырзахметов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: