Тимур Құлыбаев: «Бағамның жоғары құбылмалылығын тоқтатып, Ұлттық қор қаражатын сақтағанымыз маңызды»
«Атамекен» Ұлтық кәсіпкерлер палатасы ұлттық валюта бағамын тұрақтандыру қажеттілігін түсінеді және бұған қолдан келгенше ат салысуға әзір.
«Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі дирекциясы және мүшелерімен жұмыс кездесуі аясында осылай деп мәлімдеді.
“LG Electronics Алматы Қазақстан” АҚ атқарушы директоры Сәбит Сартбаев бизнестің өзекті түйткілдерін талқылау барысында теңге тұрақтылығының маңыздылығы жайлы мәселені көтерді. Оның айтуынша, еркін валюта бағамына және инфляциялық таргеттеу саясатына көшу салаға кері әсерін тигізген: кәсіпорын жүктелуі бар‑жоғы 30% құрайды, сату күрт қысқарған, жұмыскерлер жаппай қысқартуға ұшырауда. Осының салдарынан, бұрын компания жыл сайын 12 млрд теңге салық аударып тұрған болса, қазірде бұл сома 8-10 млрд теңгеге әзер жетіп отыр.
“Ұлттық валютаның айырбас бағамы төңірегіндегі жағдай нақты адамдар қабылдаған шешімдер салдарынан болып отыр. Мұның макроэкономика мәселесі екенін бәріміз де білеміз. Елдегі төлем теңгерімінің түзетілуі мұнай бағасынан көрініс береді. Бұл бізге байланысы жоқ процестер, оған ықпалымызды жүргізе алмаймыз. Ұлттық валюта бағамын жасанды түрде сақтап тұру үшін Ұлттық қордың қаражатын жұмсай алмаймыз. Егер жағдай бұрынғы күйінде қала берсе, еліміз 3 жылғы қорынан айрылып қалуы мүмкін. Сонымен бірге теңгенің құбылмалылығы қазір ұсынылып отырғандай жоғары бола алмайтынын да түсінеміз. Бұл бизнесті жоспарлауды қиындатады. Теңге бағамын тұрақтандыру және өтімділік мәселелерін жоғары деңгейде, Ұлттық банкпен және екінші деңгейдегі банктермен талқылайтын боламыз”, - деп атады Тимур Құлыбаев.
Ол қазіргідей күрделі экономикалық жағдайда жоғары құбылмалылықты ұстап тұруға және Ұлттық қор қаражатын сақтау үшін, тең ортаны табудың маңыздылығын айта кетті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: