Нұрсұлтан Назарбаев: «Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциясына жағдай жасайды»
Ақорда баспасөз қызметі хабарлағандай, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика азаматтарына жасаған арнайы үндеуінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі туралы келіссөздер қорытындысына түсінік берді.
«Бүгін Женевада жұмыс тобының соңғы отырысы өтіп, онда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердің аяқталғаны туралы ресми түрде хабарланды. Аталмыш оқиға біз үшін тарихи маңызға ие. Қазақстан ДСҰ 162 мүшесі болмақшы. Әлемнің барлық ірі экономикалары Қазақстанды жағымды инвесициялық климатқа ие, сауда саясатын халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүргізетін ел ретінде мойындады», — дейді үндеуінде Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ-ға мүшелік ел экономикасын дамудың жаңа көкжиектеріне бастайтынына сенімді.
«Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады», — деп атады ҚР Президенті.
Елбасы Дүниежүзілік сауда ұйымының бір сәттік эмоция үстіндегі шешім емес, осы нәтижеге жету жолында 19 жыл бойы табанды түрде жұмыс жүргеніне ерекше назар аударды.
«Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік. Олардың арасында ауыл шаруашылығын қолдау да бар — дәл осы тармақ бойынша жүргізілген келіссөздер күрделі болды. Бұл бізден субсидиялардың төмендетілуін талап етуге байланысты болды, бірақ біз өз ұстанымымызды қорғап қалдық. Осы және «қазақстандық мазмұн» мәселелері, және де қаржылай қызметтер мен телекоммуникациялар нарығы. Ұлттық мүддемізді негізге ала отырып, ДСҰ мен ЕАЭО талаптарын ұштастыра алдық», - деп баса көрсетті Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ жұмысының стандарттары «Бес институционалдық реформа» бағдарламасында баяндалған негізгі идеялармен сәйкес келетінін атап өтті.
«ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар. Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек», - дейді Мемлекет басшысы үндеуінде.
ҚР Президенті ДСҰ-ға кіру әлемдік экономикаға интеграциялануға, әлемнің 30 жетекші елінің қатарына кіруге әрі Ұлт жоспарын орындауға септесетінін атады.
«ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болады. Бұл Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын аламыз деп кәміл сенемін», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: