«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА КЕЛЕСІ ЖЫЛДАН БАСТАП КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДА ТӘУЕКЕЛДЕР ДЕҢГЕЙІН БАҒАЛАУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ – ҚР ҰКП

2014 жылғы 27 Ақпан
8846 просмотров

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева Қазақстанда 2015 жылы кәсіпкерлік қызмет саласында тәуекелдер деңгейін бағалау жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР ҰКП баспасөз қызметі.

«Келесі жылдан бастап белгіленген әдістеме бойынша тәуекелдер деңгейін бағалауға талдау жүргізілмек. Тек осы жағдайда тексеруші қандай да бір кәсіпорын аумағына келіп тексеру жүргізе алады. Дегенмен кәсіпкерлер өз тараптарынан бұл үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Егер келесі жылдан бастап кәсіпкерлерге  жоспарлы тексерулер  жүргізілмейтін болса, бұл оларға ерік берілгендігі, алайда бұл кәсіпкерлер өз жұмысына  өздері жауапты екендігін білдіреді. Тиісінше, әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік талаптары да жоғары болмақ», - деді Г.Құрбанбаева.

Сондай-ақ Гүлнәр Құрбанбаева мораторий барлық тексеру түрлеріне жарияланбағанын да атап өтті. Тексерулерді тек қаржылық ұйымдарды бақылайтын, кәсіпкерлердің шағымдары мен өтініштері бойынша бақылайтын, сондай-ақ қару-жарақ, пиротехникалық  заттар, яғни азаматтар құқығы мен ел мүддесін қорғаумен байланысты мемлекеттік органдар жүргізеді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  Басқарма төрағасының орынбасары  ҰКП мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіпкерлік қызмет саласын бақылау мен қадағалауға қатысты қолданыстағы заңнамаға қажетті толықтырулар мен өзгертулер және жаңа заңдар мен жаңа тәсілдемелер дайындалатынын мәлімдеді. 

«Мемлекеттік органдарға және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін бұл жағдай кәсіпкерлік қызмет саласын бақылау мен қадағалауға қатысты қолданыстағы заңнамаға қажетті толықтырулар мен өзгертулер дайындау және жаңа заңдар мен жаңа тәсілдемелер дайындау үшін үлкен мүмкіндік», - деді Гүлнәр Құрбанбаева.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялады. 

«Жарлыққа сәйкес, мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырдым», - деді Мемлекет басшысы.

Президент жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатыны жайлы мәлімдеді. «Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, тексерістерді айқындаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай жүйесін әзірлейді. Осы жүйеге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тексеріс жүргізу түрін түбегейлі қайта қарастыру  нәтижесінде кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге қысқармақ. Ол үшін Үкімет тексеріс жүргізудің барлық регламентін қайта қарауы қажет. Нұрсұлтан Назарбаев тексерістерге балама ретінде үшінші жақ алдында ерікті сақтандыруды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігіне де тоқталатынын және 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі барлық тексерістердің шамамен үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жабу рәсімдері оңайлатылатынын хабарлады.

Мемлекет басшысы бизнеске қатысты тексерістер туралы ақпаратты Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсынып отыратындығын да атап өтті. Сондай-ақ, бұл тексеруші органдар жұмысын айқындай түсіп,  қоғамдық мониторингті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін, рұқсат беруді автоматтандыру ісі аяқталып, оның ең кемі 140 түрі электрондық нұсқаға көшіріліп, бұған қоса құрылыс саласындағы рәсімдер де жеңілдетілуге тиіс деп атап өтті.

«Мен Үкіметке жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ құрылысқа және инженерлік тораптарға қосылуға рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайтуды тапсырдым. Жер телімін ресімдеу мерзімі 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 күннен аспауға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, биылғы 1 маусымға дейін тиісті заңнамаға толық ревизия жүргізуге тиіс. Бизнеске ыңғайлы болуы үшін Кәсіпкерлік кодексінің жобасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңдардың барлық нормалары шоғырлануы қажет. ЭЫДҰ елдерінде қабылданған реттеушілік ықпал ету қағидаты заңдық тұрғыдан бекітіледі және Қазақстанда жаңа бизнес-омбудсмен институты енгізіледі. Оның негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы бұл шаралардың заңнамалық өзгерістерді қажет ететінін атап өтті. «Үкімет 2014 жылғы 1 сәуірге дейін рұқсат беру және хабардар ету мәселелері жөніндегі заң жобаларын, 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті жағдайларды түбегейлі жақсарту жөніндегі заң жобасын, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметі жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуге тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы аталған Жарлықтың жүзеге асуы Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қажетті жағдайды түбегейлі жақсартуды қамтамасыз ететіндігін атап өтті. «Бұл – бизнес жүргізіп отырған әрбір қазақстандық үшін нақты көмек. Кәсіпкерлердің жұмыс жағдайын ұдайы жақсартып отыру жайы әрқашан мемлекеттің басты назарында болады. Бұл – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір маңызды қадам. Осы шара және кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен қаражат бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына серпін береді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер